Оқу ордасының озық бастамасы

Бірлік бар жерде берекелі тірлік бар. Бұл тәмсіл Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық колледжінің жаңашыл басшылары мен ұйымшыл ұжымына қарата айтылғандай әсер қалдырады. Әділін айту керек, соңғы бес-алты жылдан бері бұл ұжым игі ісімен, баянды бастамасымен жиі көзге түсіп жүр.

Таяуда аталған оқу орны тағылымы мол тағы бір іс-шараның өтуіне ұйытқы болды. Дәлірек айтсақ, қараша айының 23-24 күндері «CHOCOLATINE KAZAKHSTAN-2025» халықаралық байқауы ұйымдастырылып, оған еліміздегі техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының «Наубайхана ісі» мамандығының студенттері мен өндірістік оқыту шеберлері, сондай-ақ көршілес Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен де үміткерлер келіп қатысты.

Өндірістік базаны жоғары бағалады

Екі күндік іс-шарада алыс-жақыннан келген қонақ­тар байқау барысымен шек­тел­мей, колледждің оқу ғимараты мен өндірістік базасын аралап, оқу орнымен тереңірек танысуға мүм­кіндік алды. Алдымен кол­ледждің төрт қабатты бас ғи­ма­ра­ты­мен танысқан қонақтар ондағы жаңашылдық пен үйлесімділікті жоғары бағалады.

Иә, есіктен кіргеннен-ақ мұн­да мұнтаздай тазалық бай­қа­ла­ды. Ғимараттың төрт қабаты тү­гелімен күрделі жөндеуден өтіп, әрбір қабаты тақырыпқа сай стендтермен жасақталып, безен­діру жұмыстары жүргізілген. Екін­ші қабаттағы мұражай алыс­тан көз тартады. Онда оқу кор­пус­тарының макеті жасалып, іші­не жарықшамдар орнатылған. 

«Көбіне мұражай қуыстағы бір бөлмеде орналасады. Оны ар­­­­найылап іздеп бармаса, көп адам көре бермейді. Біз мұра­жай­ды әдейі кіреберістен аштық. Се­бебі ары-бері өткен көпші­лік­тің көзіне бірден түссе дейміз, сон­да жастардың бойында өз оқу ор­нына деген құрмет сезімі оя­на­ды. Сонымен бірге ол жастарды әде­мілікке, тазалыққа тәр­бие­лей­ді. Көп ізденіспен жасалған мұ­ражай колледж ұстаздары мен оның еңбекқор, елгезек студент­терінің терең ізденісінен хабар бере­ді», – дейді колледж дирек­торы Наржан Әліпбаев. 

Оқу ғимаратының үшінші қа­батын безендіру студенттердің өз­деріне қалғандықтан, ұшқыр қиял­дан туған әсем көріністер мұн­да да көздің жауын алады. 

«Қазіргі ақпараттық, цифрлы дәуірде жастар бір-бірімен ара­ласып, тығыз байланыс орната да білуі керек. Колледж ұстаздары­ның жобасы аясында оқулықтар мен көркем әдебиеттердің QR ко­ды жасалынды. Сол QR код ар­қылы студенттер кітаптарды оқи береді. Мұнда интернет же­лісі де жақсы жұмыс істейді», – дей­ді оқу орнының басшысы. 

Колледждің өндірістік ба­за­сына барған қонақтарды дирек­тор­дың оқу-өндірістік жұмыстар бойынша орынбасары Асылбек Асқар күтіп алып, өз тәжіри­бе­лері­мен бөлісті. 

«Сенімгерлік басқаруға алған се­ріктестік сенімімізді ақтады. Атал­ған компанияның атқарушы директоры Қайрат Айтбаевтың бас­тамасымен базаны толық жа­сақтап алдық. Мұнда студент­тер­дің ауыл шаруашылығы саласын мең­геріп шығуына толық мүм­кін­дік бар. Алма, жүзім, анар өсіру­дің қыр-сырын үйреніп, ба­лық өсіруді де жан-жақты мең­геріп шығады», – деді А.Асқар.

Колледжді сенімгерлік бас­қару­ға алған DALA-FRUІT.KZ ЖШС өңірдегі жұмыс беру­ші­лер­дің жағдайын және елде жиі бо­лып жатқан төтенше жағдайлар мен өрт апаттарын ескере оты­рып, өңірде жоқ «Өрт қауіпсіздігі» және «Төтенше жағдайда қорғау» мамандықтарын ашқан екен. Бо­лашақ өрт сөндірушілер арнайы тех­никаны басқарып үйренуі үшін өрт сөндіру көлігі де сатып алы­ныпты. Міне, осылайша кол­ледж­ді сенімгерлік басқаруға ал­ған компания өздерін қажетті ма­мандықтармен қамтамасыз етіп қана қоймай, жастарды за­ман талабына сай табыс табуға да үйретеді. Ізденімпаздық пен іс­кер­лік үйлесім тапқан ұжымның бұл бастамасы тәжірибе алмасуға кел­ген басқа әріптестер тарапы­нан да жоғары бағаланды. 

Ынталандыруға бастайтын ілкімді іс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Жарлығымен биылғы жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп белгіленді. Бұл не­гі­зінен осы саланың мамандарын даярлайтын арнаулы оқу орын­да­рының жұмысын жандан­ды­рып, ілкімді істерді қолға алуға түрткі бол­ды десек, қателеспейміз. Бы­лайғы уақытта да тың баста­ма­сы­мен, жаңашылдыққа бастайтын жұмы­сымен көзге түсіп жүрген Түркістан жоғары көпсалалы аг­рар­­лық колледжінің ізденімпаз ұжы­мы бұл мүмкіндікті тиімді пай­даланып, халықаралық бай­қау­ды өткізуді қолға алды. Бұл атал­ған оқу орны мен Фран­ция­ның COUPE DU MONDE DE LA CHOCOLATINE халықаралық қауым­дастығы арасында түзілген екі­жақты ынтымақтастық келі­сі­мі аясында жүзеге асырылғанын да айрықша айта кетейік. Тағы бір ерекше тоқтала кеткіміз келетіні, бұл байқаудан үздік шыққан үміт­кер келесі жылы наурыз айында Франция мемлекетінің Тулуза қа­ласында өтетін Шоколатин жә­не Pain au Chocolat аталатын әлем чемпионатына қатысуға жол­дама алады.

Колледжді сенімгерлік бас­қару­ға алған серіктестіктің атқа­ру­шы директоры Қайрат Айтбаев өз сөзінде бұл байқау өңірімізде кон­­дитерлік саланы дамытуға, ма­мандардың біліктілігін арт­тыруға, тәжірибе алмасуға және Қазақстан мен Орталық Азияның бай гастрономиялық мұрасын әлем­ге кеңінен таныстыруға мүм­­кіндік беретінін айтса, «Оң­түс­тік Қазақстан» қоғамдық-сая­си газетінің бас редакторы Абай Балажан байқау барынша әділ өтіп, жүзден жүйрік шыққан та­лап­кер ғана алда өтетін әлем чем­­­­пионатына барып, онда да топ жарып, жұлдызы жарқырай кө­рінуіне тілектестік білдірді. 

Байқауға өз елімізден бө­лек, Қырғызстан, Өзбек­стан мемлекеттерінен «Юниор» – жас­тар және «Профессионал» – кәсі­би мамандар санаттары бойынша 22 үміткер қатысты. Франция рези­денциясының бас әкімшісі, Орталық Азия бойынша Шокола­тин чемпионатының ұйымдас­тыру­шысы Карлос Марсала, Le Dessert наубайханасының бренд-шефі, ұйымдастырушы ассистент Әйгерім Бекова, Францияның Қа­зақстандағы елшілігінің ынты­мақ­тастық және мәдениет жөнін­де­гі кеңесшісі Себастьен де Кур­туа, Еу­разиялық кубоктың пре­­­­зиденті Ержан Пазилов, Еуразиялық ку­бок­тың вице-президенті Гүлмира Күл­пеисова, The Ritz-Carlton қо­нақүйінің шеф кондитері Нари­ман Әбдіғаппаров, Le Dessert нау­байханасының бренд ше­фі Алек­сандр Пако, Tian Shan Grand Hotel қонақүйінің бренд шефі Ай­дын Серікұлы, «Эскофье ізба­сар­­лары» Қазақстан делега­ция­сы­ның қазынашысы Томас Мюл­лер, Халықаралық аспаздық білім беру саласының сарапшысы, «Эс­кофье ізбасарлары» институ­ты­ның (IDE) директоры Бертран Геррье, «Гурман және табысты мей­рамхана» мейрамханасының бас­қарушысы Александр Удебин сын­ды әділқазылар алқасының ше­шімімен екі күндік байқау қо­ры­тындысы бойынша бас жүлде – әлем чемпионатына берілген жолдаманы Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық колледжінің студенті Пернен Мұхаммедәлі жеңіп алды. Ал Шымкент қала­сын­дағы тамақтандыру индуст­рия­сы және сервис колледжінің сту­денті Гүлден Нұралықызы, Кәсі­би наубайхана колледжінің (Бішкек қаласы) студенті Ажар Ке­нешова, Янгиюль агро­тех­но­ло­гиялық техникумының (Таш­кент қаласы) студенті Асилбек Рахманов І орын – алтын жүлде ие­гері деп танылса, Кәсіби нау­бай­хана колледжінің (Бішкек қа­ласы) студенті Дилноз Иная­това, Түркі­стан жоғары көп­са­лалы аграрлық колледжінің сту­ден­ті Бексұлтан Қарабай ІІ орын – күміс жүлдеге қол жеткізді. ІІІ орын – қола жүл­деге Қоғамдық тамақтану және сервис колледжінің (Астана қала­сы) студенті Жүніс Бегәлі, Кәсіби наубайхана колледжінің (Бішкек қала­сы) білім алушысы Фарида Болотканова лайық деп танылды. Бұл жастар, яғни «Юниор» сана­ты арасындағы байқаудың жеңім­паз­дары болса, «Профессионал» – кәсіби мамандар санаты бойынша бас жүлде – әлемдік чемпионатқа жолдама қоғамдық тамақтану жә­не сервис колледжінің (Астана қаласы) арнайы пән оқытушысы Еркебұлан Махмұтқа берілді. Бұл санаттағы алтын жүлде иегерлері ре­тінде тамақтандыру индуст­рия­сы және сервис колледжінің оқы­ту­шысы (Шымкент қаласы) ар­найы пән оқытушысы Хабибулла Усманов, кәсіби наубайхана ли­цейінің (Бішкек қаласы) арнайы пән оқытушысы Жәмила Жұма­таева, Янгиюль агротех­ноло­гия­лық техникумының оқытушысы (Ташкент қаласы) Адолат Те­мирова танылды. Ал Nanmai bakery наубайханасының (Астана қаласы) наубайшысы Аида Төсек­баева қола жүлдеге қол жеткізді. 

Ауқымды іс-шараға облыстық білім беру басқармасының өкіл­дері, облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары, арнайы пән оқыту­шы­ларымен бірге Франция Рес­пуб­ликасының Қазақстандағы елшісі Сильван Гиоге, елшіліктің ынтымақтастық және мәдениет жөніндегі кеңесшілері Себастьен Де Куртуа, Мадам Од Кристоф, атал­ған елшіліктің ауыл шаруа­шылығы жөніндегі сарапшысы Венсан Бержеза, Франция Рес­пуб­ликасының Алматы қала­сын­дағы бас консулы Максим Жерен­же және аталған елдің Шым­кент қаласындағы құрметті кон­сулы Игорь Копайылов қа­тысқанын да айта кетейік. 

Ардақ СҰЛТАН