Бұл жетекші мемлекеттерден шамамен 30 ұпайға қалып қойдық деген сөз. Мұндай нәтижелер Қазақстандағы медициналық қызмет сапасы, аурушаңдық деңгейі мен халық денсаулығының жалпы жағдайына қатысты түйткілдердің бар екенін көрсетеді. Осы мәселенің анық-қанығын білу үшін мамандарға жүгінген едік.
Көштен қалып барамыз ба?
Numbeo әдіснамасы бойынша Денсаулық сақтау индексі тұрғындар арасында жүргізілетін әлеуметтік сауалнамалар негізінде есептеледі. Бұл көрсеткіш елдің денсаулық сақтау жүйесінің жалпы сапасын, медициналық инфрақұрылымның дамуын, қызметтердің қолжетімділігін және ресурстармен қамтамасыз етілу деңгейін қамтиды. Сонымен қатар платформа денсаулық сақтау сапасының жеке индексін де шығарады. Бұл индексте дамыған елдер әдеттегідей жоғары нәтиже көрсетеді.
Рейтингте Тайвань 87 балмен көш басында тұр. Екінші орында 82,8 балмен Оңтүстік Корея, ал үшінші орынға 80,6 көрсеткішімен Нидерланды жайғасты. Әл-ауқаты жоғары елдердің денсаулық сақтау жүйесі алғашқы үштіктен кейін де үздік ондықты толықтырып отыр. Қазақстанға жақын орналасқан мемлекеттер арасынан Ресей 57-орынға, ал Армения 61-орынға табан тіреген.
Денсаулық сақтау министрінің кеңесшісі Алмат Тұрысбекұлы бұл статистикаға аса қатты уайымдаудың қажеті жоқ екендігін алға тартты. Өйткені оның сөзінше, еліміздің медицинасы басқа елдерден қалыспай келе жатыр.
– Қазақстан медицинасы соңғы жылдары көрші мемлекеттермен салыстырғанда айтарлықтай қарқынмен дамып келеді. Заманауи құрал-жабдықтардың қолжетімді болуы, диагностикалауда генетикалық және ДНҚ зерттеулерінің кеңінен қолданылуы үлкен жетістік деп айтсақ болады. Осы технологиялардың енгізілуі онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға және тиімді емдеу әдістеріне уақытылы көшуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл – әлемдік медицинадағы жаңа жетістіктерді тек бақылап қана қоймай, оларды халық денсаулығы үшін кең көлемде пайдалануға қабілетті екенін көрсететін маңызды қадам, – дейді Алмат Тұрысбекұлы.
Оның айтуынша, медицинаның хирургия саласы да зор қарқын алып жатыр.
– Бұрын тек шетелдік ғылыми конференцияларда ғана естіп жүрген бауыр, бүйрек трансплантациясы секілді күрделі оталар бүгінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында қолжетімді медициналық қызметке айналды. Мұның бәрі тек хирургтардың кәсіби деңгейінің артуының емес, сондай-ақ жоғары дәлдіктегі диагностикалық жүйелердің, заманауи зертханалық қызметтердің қарқынды дамуының нәтижесі, – дейді кеңесші.
Қан айналым аурулары өршіп тұр
Денсаулық сақтау министрлігінің 2022 және 2024 жылдарға арналған деректерін салыстырғанда, елдегі аурушаңдық деңгейінің өскені байқалады. Ең күрделі жағдай – қан айналымы жүйесі ауруларында. 2024 жылы бұл дерт 100 мың адамға шаққанда 18 600 жағдайға жетіп, екі жыл бұрынғы көрсеткіштен айтарлықтай жоғарылаған. 2022 жылы тіркелген деңгей – 16 900 жағдай. Қан айналымы аурулары Қазақстанда өлім-жітімнің негізгі себептері қатарында тұрғанын ескерсек, бұл өсім алаңдатарлық белгі болып отыр.
Жоғары санаттағы дәрігер оритмолог Ғани Төлепбергеновтің айтуынша, аурушаңдығымыз өзімізден болып отыр.
– Елдегі аурушаңдық деңгейінің өсуі тек Қазақстанға тән құбылыс емес, бүкіл әлемде байқалып отырған үрдіс. Бүгінде жұқпалы емес созылмалы аурулар мен түрлі қауіп-қатері жоғары дерттердің саны көбейді. Мұның бір себебі – адамның өз денсаулығына немқұрайлы қарауында. Денсаулықты бала кезден дұрыс сақтауға үйрену, оның маңызын түсіндіру, өмір салтына жауапкершілікпен қарау аса маңызды болып отыр. Шын мәнінде, аурушаңдықтың негізгі факторлары адамның өзінен басталады. «Дәрігер ауруды емдейді, ал денсаулықты адам өзі табады» деген сөз тегін айтылмаған. Көп жағдайда сырқаттың бір бөлігі өз қолымызбен жасайтын қателіктердің салдарынан туындайды. Күнделікті дұрыс тамақтанбау, ұйқы мен күн режимін сақтамау, зиянды әдеттерге әуес болу, қозғалыстың аздығы деніміздің саулығына әсер етпей қоймайды. Оған қоса, психологиялық күй де үлкен рөл атқарады. Ұдайы стресс, ұсақ-түйекке жығылу, ашуланшақтық мұның бәрі ағзаға теріс әсерін тигізеді, – дейді маман.
Дәрігердің сөзінше, кейінгі жылдары өлім-жітім құрылымында жүрек-қан тамыры аурулары бірінші орынға шығып отыр. Гипертония, инсульт, инфаркт секілді дерттер жиілеп кетті. Бұған экологияның нашарлауы да өз үлесін қосып отыр. Ауаның ластануы, қоршаған ортаның бұзылуы салдарынан, тіпті жай ғана тұмау мен ЖРВИ-дің өзі бұрынғыдан жиі кездесетін болды.
Ауылдардағы ахуал
Иә, медицина елімізде дамыды деу оңай айтылғанмен, кейбір шалғай ауылдардың жағдайы мәз емес. Болашақ бағдарламасының түлегі Ғани Төлепбергенов өзінің бір сөзінде, көптеген ауыл-ауданда медицина саласы бойынша маман тапшылығы бар екенін айтты. «Кардиолог, терапевт бар болғанмен, кейбір тар шеңберлі мамандықтар аздық етеді. Одан қалса, жол мәселесі де оңып тұрған жоқ. Ауданнан қалаға жету үшін 300-400 шақырым жүру науқастар үшін, әрине қиындық туғызады», – дейді ол.
– Қазіргі таңда Қазақстан медицинасы шалғай ауылдар мен аудан тұрғындарының сапалы медициналық көмектен шет қалмауы үшін телемедицина жүйесін белсенді енгізіп жатыр. Телемедицина арқылы ауылдық жерлердегі ауыр жағдайдағы науқастар облыс орталықтарындағы білікті мамандармен тікелей байланыса алады. Сол жерде қажетті кеңес беріліп, емдеу тактикасы бірден келісіліп, уақыт жоғалтпай медициналық көмек көрсету мүмкіндігі артады, – дейді Алмат Тұрысбекұлы.
Оның сөзінше, қазір бұл жүйе Алматы облысының төрт ауданында толық іске қосылды.
– Алғашқы пилоттық жоба Солтүстік Қазақстан облысында басталған болатын. Нәтижелері өте жақсы, себебі телемедицинаның мүмкіндігі кең: жағдайы ауыр пациенттерді бақылау, инфаркт немесе инсульт алған науқастарға шұғыл консультация беру, жүкті әйелдерді қашықтан тексеру сияқты маңызды қызметтер қолжетімді болып отыр, – дейді маман.
Әрине, жыл сайын технология жаңарып, медицинаның дамуы көңіл көншітетіні рас. Алайда ол өміріңізді кепілдікте ұстап тұрады деген сөз емес. Әр адам өз денсаулығына жауапты. Сондықтан ішіп-жеген асымыздан бастап, өмірлік ұстанымымызды жақсартпай, деннің саулығын армандауды қоялық.
Әсет ҚАЛИ