Көптеген ел теннис әлемінде болашақ чемпиондар шығару үшін баланы жасынан даярлап, академиялық және менталдық тұрғыда кешенді жүйе қалыптастырып үлгерген. Кейінгі жылдары Қазақстан да бұл үрдіске ілесіп, әлемдік деңгейдегі додаларға жол ашты. Қазір елімізде жаңадан теннис корттары бой көтеріп, халықаралық турнирлер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Тіпті, кортқа келушілердің жас шамасына қарап, аталған спорт түріне балалардың ерекше қызығушылығы артқанын аңғарасыз.
Теннис спортының Қазақстанда серпін алуының ең бір жарқын көрінісі – Almaty Open турнирі. Бұл ТМД бойынша ATP 250 санатындағы жалғыз дода, яғни бәйгеде жеңіс тұғырынан көрінген теннисшінің қоржынына рейтингтік көрсеткіште 250 ұпай қосылады. Биыл Almaty Open турнирі елімізде алтыншы мәрте ұйымдастырылды. Осыған дейінгі төрт бірдей жарыс бас қалада болса, былтырдан бері Алматыда өткізіліп келеді. Осы жылы турнирде ел намысын қорғаған спортшылардың қатарында Александр Шевченко, Бейбіт Жұқаев, Әмір Омарханов, Денис Евсеев, Тимофей Скатов және Михаил Кукушкин бар.
Сонымен, биыл алтыншы жыл қатарынан қазақстандық теннисшілерге жеңіс дәмін сезіну бұйырмады. Сәттілік серік болмады ма, спортшыларымыз әр кезеңде жарыс жолынан шығып қалып жатты. Александр Шевченко мен Тимофей Скатов жұптық сынның алғашқы айналымында Франция өкілі Мануэль Гинар мен Аргентина ойыншысы Гвидо Андреоцци жұбына 2:6, 3:6 есебімен есе жіберді. Бұған дейін Шевченко турнирдің екінші айналымында франциялық Корентен Мутеге жол беріп, жарысты аяқтаған еді. Жекелей сында турнирдің бас жүлдесін әлемнің 14-ракеткасы, ресейлік теннисші Даниил Медведев жеңіп алды. 2 сағат 36 минутқа созылған финалда ол рейтингте 41-орында тұрған Корентен Мутені 7:5, 4:6, 6:3 есебімен ұтты. Осылайша, Даниил Медведев $160,5 мың жүлдені иеленіп, ATP жарысындағы 21-титулын сақтап қалды.
Almaty Open тәрізді ауқымды жарыстар – қазақстандық теннисшілер үшін бойындағы әлеуетін көрсетуге таптырмас мүмкіндік. Десе де, өз алаңымызда өткен бұл додада спортшыларымыздың жеңіс тұғырынан көрінуі сирек жағдай. Неліктен олардың көбі алғашқы раундтардан әрі аса алмайды? Бұл дайындық жүйесінің әлсіздігін білдіре ме, әлде турнир қысымын ба? Осы жөнінде спорт журналисі, сарапшы Руслан Меделбектің пікірін сұрап көрдік. Сарапшы елімізде өтетін мұндай додаларда қазақстандық спортшылардың сүрінуін бірнеше маңызды фактормен байланыстырады.
– Біріншіден, жарысқа қатысқан Шевченко, Жұқаев және Скатов сынды спортшылар әзірге әлемдік рейтингтің төменгі сатысында тұр. Әдетте, Almaty Open турнирінде жоғары көрсеткішке ие теннисшілер жеңіске жетіп жатады. Егер Александр Бублик қатысқанда, бәлкім, ол фаворит болар ма еді?! Бірақ кейінгі кезде Бублик бұл жарыстарға қатыспай жүр. Теннис – ауыр спорт түрі. Ойынның ерекшелігі де сол – спортшының жеңіске жетуі көбіне оның формасына байланысты. Мәселен, жылдың басында жақсы формада болған ойыншы маусым ортасында әлсіреп, соңына қарай қайта бабына келуі мүмкін. Рейтингте төмен тұрған спортшылар тек жақсы формада болған сәтінде ғана сенсация жасап, ірі жеңіске жете алады. Сонымен қатар Almaty Open – ATP 250 санатындағы турнир. Бұдан жоғары деңгейдегі 500 және 1000 ұпайлық жарыстар бар. Қазақстандық ойыншыларға, әсіресе Скатов пен Жұқаев үшін 250 санатындағы турнир өте маңызды. Өйткені олар негізінен Challenger турнирлерінде ойнап жүр. Осы тұрғыдан алғанда, спортшылардың алғашқы раундтарда жеңілуін «масқара жеңіліс» деп айтуға болмайды. Керісінше, теннисшілеріміздің қазіргі рейтингі мен тәжірибесін ескерсек, үшінші раундқа шығудың өзі үлкен жетістік, – деді ол.
«Mentality monster» немесе жеңісті «жұлып алатын» теннисшілер
Спорт әлемінде «mentality monster», яғни шешуші сәттерде жеңісті «жұлып алу» деген ұғым бар. Мұндай қабілетті халықаралық масштабта көзге түсіп жүрген ойыншыларымыздың бойынан да байқауға болады. Руслан Меделбек теннисте «жеңісті жұлып алу» – спортшының өз бабына дәл түсіп, жоғары деңгейде ойнай алған сәтімен байланысты құбылыс екенін айтты. Оның сөзінше, жыл бойы бір формада жүретін теннисшілер сирек. Көптеген теннисші бабына енген кезеңде ірі жеңістерді бағындырып жатады. Бұл сөзімізге өз спортшыларымыздың мысалы да жеткілікті.
– Теннистегі жеңіс көбіне спортшының бабына, яғни физикалық және психологиялық формасына байланысты. Бұл фактор қазақстандық теннисшілерге ғана емес, барлық ойыншыға ортақ. Мысалы, Александр Бублик бабына енген сәтінде әлемнің бірінші ракеткасы болған Янник Синнерді жеңіп, екі турнирді қатар ұтты. Кейін Roland Garros жарысының ширек финалына дейін жетіп, өзінің бұрын-соңды топырақ кортында болмаған нәтижесіне қол жеткізді. Сол сияқты Жұқаев та бабында болған тұста Уимблдонның іріктеу кезеңінен өтіп, негізгі кезеңге дейін жеткен еді. Бір кездері үздік елу теннисшінің қатарына енген Шевченко қазіргі рейтингте жүздіктің қатарында тұрақтап қалды. Бұл жағдайды Юлия Путинцева мен Елена Рыбакина мысалында да байқауға болады, – деді сарапшы.
Ал спорт сарапшысы Әбілмансұр Қамзаев ATP 250 санатындағы ойында қазақстандық теннисшілердің жеңіліс табуына психологиялық дайындық негізгі себеп екенін алға тартты. Дәлірек айтсақ, спортшының физикалық дайындығы турнирде топ жаруға толыққанды кепілдік бермейді.
– Қазақстандық теннисшілердің алғашқы раундтардан әрі аса алмауы көп жағдайда дайындығының әлсіздігінде емес, керісінше, психологиялық дайындығының болмауында деп ойлаймын. Кортта теннисшінің сол сәттегі психоло-гиясы көп нәрсені шешеді. Біздің спортшыларда mentality monster қабілеті байқалады, бірақ бұл – өте сирек кездесетін құбылыс, – деді ол.
Спортшының маусым бойы өз бабында болуы – оның эмоционалды тұрақтылығымен де тығыз байланысты. Кейде кортта теннисшінің соққысынан гөрі, ойынды эмоционалды тұрғыда басқаруы жеңіске себепші болуы мүмкін. Сондықтан кәсіби теннисші үшін ойын барысында өзін-өзі ұстау, психологиялық тұрақтылық – ойын тактикасының бір бөлігі деуге негіз бар. Мұнда әрбір соққының артында көңіл күй мен ақылдың шешімі қатар жүреді.
– Эмоционалды интеллект – әрбір теннисшінің бойында бар қасиет. Егер олардың эмоциялық интеллекті төмен болса, әлемдік рейтингтің алғашқы жүздігіне енуі екіталай болар еді. Қазір 100 үздік теннисшінің қатарына кірудің өзі – «сұмдық» жетістік. Себебі әлемде миллиондаған адам тенниспен айналысады, ал олардың арасынан суырылып шығып, үздік жүздікке ену – жоғары көрсеткіш деп айтар едім. Тіпті, Жұқаев пен Скатовтың қазіргі ойын деңгейінің өзі олардың эмоциялық тұрақтылығының жоғары екенін көрсетеді. Өйткені теннис – ақылдың ойыны, – деді Р. Меделбек.
Қалаларға тән құбылыс
Қазақстанда 2007 жылдан бері 39 теннис орталығы бой көтерген, бірақ олардың көбі ірі қалаларда шоғырланған. Бұл ретте теннис корттарының мегаполистерде салынуы ауыл-аймақтағы нағыз таланттардың өсуін шектемей ме деген сауал туындайды. Алайда сарапшылар теннис корттарының ірі қалаларда салынуы қалыпты құбылыс екенін алға тартады. Себебі бұл мәселенің артында экономикалық және ұйымдастырушылық факторлар да жатыр. Теннис – ерекше күтімді, қымбат жабдық пен кәсіби бапкерлерді қажет ететін спорт түрі. «Сондықтан ауылдық жерлерде оны тұрақты түрде дамыту оңай емес», – дейді мамандар.
– Біріншіден, теннис орталығының барлығы қалада ашылады. Бұл – қалыпты әрі дұрыс құбылыс. Себебі ауылдық жерлерде теннис корттарын ашқанымен, оны үнемі қалыпта ұстауға мүмкіндік жоқ. Кез келген дамыған елдердің тәжірибесіне қарасақ, онда да барлық академиялар мен корттар негізінен ірі қалаларда ашылады. Сондықтан Қазақстанда теннис орталықтарының қалада ашылуын қателік деп санауға болмайды, – деді журналист.
Әбілмансұр Қамзаев елімізде аталған спорт түрін дамытып, болашақ чемпиондарды тәрбиелеу үшін теннисті баршаға қолжетімді ету керек деп санайды.
– Шынында, теннис орталықтары еліміздің ірі қалаларында орналасқан. Теннис – біршама қаражатты талап ететін қымбат спорт түрі. Мәселен, теннис орталығына бару үшін абонемент сатып алуың қажет. Бірақ мұны сатып алуға әркімнің қалтасы көтере бермейді. Біз теннисті бұқаралық спорт түрі ретінде қарастырғымыз келсе, оны халыққа барынша қолжетімді етуіміз тиіс. Сонда ғана адамдардың теннис туралы ойы өзгереді деп ойлаймын, – деді Ә.Қамзаев.
Қазір халықаралық аренада Бублик, Скатов, Рыбакина, Жұқаев сынды спортшылар Қазақстан намысын қорғап жүр. Әсіресе, Елена Рыбакинаның Қытайдағы жүлдесі, әлемдік рейтингті қайта жаңартқан Сауд Арабиясындағы тарихи жеңісі еліміздің беделін одан сайын асқақтатты.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ