Отандық өндірістің өрісі кеңейді

Қазақстанда ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында ілкімді істер қолға алына бас­тады.

Бұрын егіншіліктің кезінде комбайн істен шығып, жемшөп, дәнді-дақылдар жинау науқанында трактор тіршілікке жарамай, шаруа әбігерге түсіп жүретін. Ал техникалық базаны жаңартайын десе, қалта көтермейді. Енді бұл мәселеге мемлекет араласып, жеңілдетілген 5 пайыздық лизинг беру қолға алынды. Бұл бастама шаруаларға қаншалықты тиімді, шаруашылықтардың техникалық базасын түгел жаңғыртуға септігін тигізе ме?

Таяуда Мемлекет басшысы «Ауыл шаруашылығы еңбек­керлерінің екінші форумын­да» сөй­леген сөзінде ауыл шаруа­­шы­лығында қолданылатын тех­­­ни­калық базаны жаңарту үшін же­ңілдетілген лизинг беріле бас­тағанын сөз еткен болатын.

– Елімізде өндірілетін тех­ника жеңілдетілген лизингпен беріле бастады. Бұл әбден ескір­ген техниканы жаңартуға арнал­ған өте тиімді шешім болды. Төрт жыл бұрын ауыл шаруашы­лығы техникаларының 90 па­йызы тозып тұрған еді. Бұл көр­сеткіш биыл 70 пайызға дейін төмендеді. Осы бағыттағы жұ­мысты бизнес өкілдерімен бірле­сіп әрі қарай жалғастыру қажет. Қазір шаруалар алып жатқан тех­никаның 90 пайызы Қазақ­станда шығарылған. Еліміздегі 10 зауытта осындай 19 түрлі те­х­ника құрастырылады. Олардың қатарында әлемге танымал бренд­тер бар. Жақында Америка Құрама Штаттарына жұмыс са­парым кезінде John Deere компа­ниясымен бірге құны 2,5 мил­лиард доллар болатын стра­те­гиялық серіктестік туралы келі­сімге қол қойылды. Соған сәй­кес алдағы бес жылда елімізде 3 мың­ға жуық заманауи техника шығарылады, – деді Мемлекет басшысы.

Үкімет дерегінше, 2025 жыл­ғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еліміздің ауыл шаруашылығы құ­рылымдарында 138 мың трак­тор, 31 мың комбайн, 5,6 мың егіс кешені, 71 мың сеп­кіш, 141 мың топырақ өңдеу құ­ралы бар. 2024 жылдың қоры­тындысы бо­йынша ауыл шаруа­шылығы тех­никасы паркін жа­ңарту деңгейі 5,5%-ды құрады (2023 жылы – 4,5%). 2025 жылға арналған жос­парлы көрсеткіш – 6,5%. 

Жалпы, осы жылдың 9 айын­да аграрлар 23,5 мың техника сатып алған. Оның ішінде лизинг тетігі бойынша алынғаны – 9,4 мың. 2024 жылдан бастап алғаш рет жылдық сыйақы мөлшерле­месі 5% болатын, 7 жыл мерзімге берілетін жеңілдетілген несие бағдарламасы 120 млрд теңге бөлінді. Биыл бұл лизингке 250 млрд теңге бөлініпті. Демек, бір жыл ішінде салаға қолдау екі еседен астам артып отыр.

Сондай-ақ Қазақстанда әлемдегі екі жетекші ауыл ша­руашылығы техникасын өндіре­тін АҚШ-тың John Deere және Германияның CLASS компания­ларының құрастыру өндірісі ұйым­дастырылмақ. Жалпы, трак­торлар мен комбайндар на­ры­ғының шамамен 90%-ын отан­дық ауыл шаруашылығы тех­никасын өндірушілердің өні­мімен қамтамасыз ету көзделген. Яғни, басымдық отандық өнді­рісте қалады. Елімізде де ауыл шаруашылығы техникаларын құрастырып шығаратын зауыттар Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан сияқты бірқатар өңір­де орналасып, 10 зауыт жұмыс істеп тұр.

Осы жеңілдетілген лизинг бағдарламасының жөн-жосығын білмекке Қазақстан фермерлер қауымдастығы төрағасының орын­басары Акпар Мәуленовке хабарласқан едік. Олар бұл бас­тамаға өздері себепкер болғанын алға тартты. Соның арқасында жеңілдетілген лизинг бойынша шаруалар техникалық базасын жаңарта бастаған көрінеді. Бірақ утильалым мен бастапқы жарна мәселесі бойынша әлі де кеңесіп, пысықтайтын түйткілдер барын жасырмады. 

– Мемлекет басшысына хат жаздық. Онда бастапқы жарна­сыз, төмен пайызбен ауыл ша­руашылығы мақсатындағы тех­никаға қаражат бөлуді сұрадық. Бұл ұсынысымыз қабылданды. Бүгінде жеңілдетілген лизинг игілігін шаруалар көруде. Дей тұрғанмен, таяқтың екінші ұшы бар. Лизинг отандық өндіріске басымдық береді. Ал шетелден алатын техникалардың құны тым қымбат. Сондықтан утильалым, бастапқы жарнаны елде шыға­рылмайтын техникалардан алып тастау керек шығар. Ақылдасып ортақ шешімге келген абзал. Елде лизингтен бөлек, инвести­циялық субсидия бар. Әр техни­каның бағасына қарай ереже бо­йынша субсидия да қарасты­рылған. Жалпы, лизинг ұсақ, орта шаруалар үшін тиімді бас­тама, – деді ҚФҚ өкілі. 

Демек, техникалық базаның толықтай жаңаруы үшін утиль­алым мен бастапқы жарна же­ңіл­десе, шаруашылықтардың тех­никалық базасы бұдан да жақсы жаңаратын секілді. Мемлекет та­рапынан жасалып жатқан қол­дауды шаруалар да сезіне бас­тағандығы рас көрінеді. Дәлірек айтқанда, шаруа қожалықтарына, ауыл шаруашылығындағы еңбек ететін еңбеккерлерге беріле бас­таған лизинг – шаруашылықты жүргізуге, техникалық базаның жаңаруына зор септігін тигізеді. Әрі бұл бағдарлама еңбеккерлерге берілген үлкен мүмкіндік деп ба­­ғалаушылар бар. Соның бірі – «Олжа» шаруа қожалығының бас­шысы Болат Бөгетов.

– Ауыл шаруашылығы мақ­са­тында пайдаланатын техника­ларға берілетін лизингтің тиім­ділігі көп. Ең бастысы, лизингке алынған техникаға кепіл іздеп жүрмейді. Жылдық үстемесі 5 па­йызбен 3-7 жылға дейін бері­леді. Алғашқы жарнасы 10-15 пайыз ғана. Қаншама шаруаның техникалық құрамы ескірген еді. Қосалқы бөлшектерінің өзі та­была бермейтін. Осы лизинг бағ­дарламасының арқасында көп­теген шаруалардың автопаркі жаңарды. Әйтпесе, бір комбайн, трактордың өзіндік құны 150, 200, 300 млн теңгеге дейін шы­ғады. Бұрын осы техникаларды алғың келгеннің өзінде кепіл керек еді, қазір ол да оң шешімін тапты, – дейді шаруа қожалық басшысы. 

Қазір отандық тауар өнді­рушілер техника паркін белсенді түрде жаңартып жатқанға ұқсай­ды. 2025 жылғы 1 қаңтар мен 20 қараша аралығында сатып алу көлемі 264,2 млрд теңгеге жетіп­ті. «ҚазАгроҚаржы» АҚ дерек­тері шаруалар машиналардың қандай санатына басты көңіл бөл­генін және өңірлердегі сұра­ныс деңгейлерін көрсетеді. 

Лизингтік қызметтерді ұсыну процесінің ашықтығын қамта­ма­сыз ету мақсатында өтінім­дер­ді қабылдау Telegram чат-боты жүргізіледі екен. Электрондық кезек қалыптастырылып, кли­ент­­тің әрбір әлеуетті өтініміне реттік нөмір беріледі. Бұл жөнін­де бізге «ҚазАгроҚаржы» АҚ бас­қарма төрағасының орынба­сары Еркебұлан Жұмжаев айтып берді.

– Биыл шаруаларға арналған ауыл шаруашылығы техникасы лизингіне өтінім берудің және небәрі 10 минут ішінде шешім алу­дың цифрлық сервисі іске қо­сылды. Шалғай аудандарда ша­руалар біздің онлайн құралды белсенді қолдануда. Біз жүйенің тез әрі ашық жұмыс істеп тұрға­нын көріп отырмыз. Бұл – уа­қытты үнемдеу, қағазбастылықты қысқарту, әрбір ауыл шаруашы­лығы тауарын өндіруші үшін нақты қолдау. Жалпы, лизинг нысанының қаржыландырудың басым шарттары кепілсіз, ко­миссиясыз, қаржыландырудың ұзақ мерзімімен, авансты кейінге қалдыру мүмкіндігімен (лизинг алушының алғашқы лизингтік төлемді төлеуі қаржыландыру шарты жасалған күннен бастап он екі (12) ай ішінде, лизинг ны­санасы берілгеннен кейін жүзеге асырылуына жол беріледі, бірақ бұл төлем қаржыландыру жылы­нан кейінгі 2026 жылдың 1 сәуі­рінен кешіктірілмей төленуге тиіс). Сыйақы мөлшерлемесін мем­лекет субсидиялайды, кли­ент үшін сыйақының қорытынды мөлшерлемесі – техниканың ба­сым түрлері бойынша жылдық 5%-дан бастап, басқа түрлері бойынша – 12,6%, – дейді «Қаз­АгроҚаржы» АҚ басқарма төра­ғасының орынбасары.

Осы жетістіктерге қарамас­тан, алда әлі қыруар шаруа тұр­ғаны даусыз. Өйткені техника­лар­дың тозу деңгейі 70 пайыз ше­гінде. Отандық өндіріске қол жеткенімен, біздің елде шыға­рыл­­­майтын, шаруашылықта қол­­­дануға аса зәру шетелдік тех­ни­каның мәселесі тағы да қа­рал­ғаны абзал. Сондықтан ли­зинг­тің легі түбегейлі орындалып, шаруаның шаруасы оңалып, халықтың әлеуметтік тұрмысы жақсарып, ел қазынасы еселенеді деп сенеміз.

Олжас ЖОЛДЫБАЙ