Трамп екі елдің басшысын биге шақырды: «Танго билеу үшін екі адам керек»

АҚШ Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату бойынша келіссөздерде ілгерілеу бар екенін мәлімдеді. Оған тангоның қандай қатысы бар? Түсіндіреміз.

BBC News хабарламасына сүйенген Aikyn.kz Еуропадағы соғысты тоқтатуға қатысты келіссөздердің мазмұнын талдайды.

Жоғары лауазымды америкалық және украиналық келіссөз жүргізушілер осы апта басында (2 желтоқсан) Мәскеуде өткен, бірақ нақты нәтиже бермеген келіссөздерден кейін Ресейді «бейбітшілікке шынайы берілгендігін» көрсетуге шақырды.

АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Украина Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Рустем Умеров бұл үндеуді Флоридада өткен екі күндік «конструктивті талқылаулардан» кейін жасады.

Өз мәлімдемесінде олар Украинадағы соғыстың аяқталу перспективалары Ресейдің «деэскалацияға және қанды қақтығыстарды тоқтатуға бағытталған қадамдарға баруға дайын болуына» байланысты екенін атап өтті.

Келіссөздерге АҚШ президенті Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер де қатысып жатыр. Келіссөздер бүгін (6 желтоқсан) үшінші күн қатарынан жалғасады деп күтілуде.

«Агрессияның қайта жандануын болдырмау үшін соғысты тоқтату және атысты доғару, деэскалацияға бағытталған нақты қадамдар қажет», – делінген соңғы екі апта бойы жалғасып келетін келіссөздердің алтыншы раундын қорытындылаған бірлескен мәлімдемеде.

Флоридадағы келіссөздер барысында украиналық делегацияға осы апта басында Мәскеуде АҚШ-тың жоғары лауазымды өкілдері мен Ресей президенті Владимир Путин арасында өткен келіссөздер туралы ақпарат берілді.

Сейсенбі күні (2 желтоқсан) Уиткофф пен Кушнер Мәскеуде Путинмен бес сағаттық кездесу өткізді. Одан кейін Кремль АҚШ-тың бейбіт келісім жоспары жобасы бойынша «ешқандай ымыраға қол жеткізілмегенін» мәлімдеді.

АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткофф пен президенттің күйеу баласы Джаред Кушнер Кремльдегі кездесуде. Фото ria.ru сайтынан алынды

Кремль Путиннің америкалықтармен «қажет болғанша көп рет» кездесуге дайын екенін мәлімдеді. Алайда Украина мен оның еуропалық одақтастары Ресей басшысының соғысты тоқтатуға шынайы ниеті бар екеніне күмән келтіруде.

Жұма күні (5 желтоқсан) Владимир Зеленский «Мәскеудегі келіссөздерде нақты не айтылғаны, Путин соғысты созу үшін тағы қандай сылтаулар ойлап тапқаны туралы толық ақпарат алғысы келетінін» мәлімдеген.

Киев бастапқы нұсқасы бұқаралық коммуникация құралдарында жарияланып кеткен АҚШ-тың бейбіт жоспарын Мәскеуге тиімді деп бағалап, оны қайта қарауды талап етуде. Сол уақыттан бері жоспарға бірқатар өзгерістер енгізілгенімен, жаңартылған нұсқа әлі жарияланған жоқ. Біздің ойымызша, ол алдыңғы аптада көпшілік назарына ұсынылуы мүмкін.

Соғысты тоқтау үшін Украинаның қауіпсіздігіне байланысты кепілдіктер мен территориясынан айырылу, шекарасын қайта қарау сияқты негізгі даулы мәселелер шешілмеген. Қазіргі уақытта Ресей Украина аумағының шамамен бестен бір бөлігін, оның ішінде шығыстағы Донбасс өңірін, Донецк және Луганск облыстарының жекелеген бөліктерін бақылауда ұстап отыр.

Жұма күні (5 желтоқсан) Үндістанға мемлекеттік сапармен барған Владимир Путин украин әскерлерін апта соңына дейін Донбасс өңірінен толық шығаруға шақырды. Олай болмаған жағдайда Ресей бұл «[донбасс] аумақтарды әскери күштің көмегімен азат ететінін» мәлімдеді.

АҚШ делегациясының Кремльге сапарының алдында Путин Ресейдің қолбасшылық пунктіне барып, Донецк облысындағы стратегиялық маңызы бар Покровск қаласын және оған жақын орналасқан елді мекендерін бақылауға алғандары туралы баяндады. Украина жағы болса, Ресейдің қаланы бақылауға алғаны туралы мәлімдемесін жоққа шығарған.

Киев пен оның еуропалық одақтастары Ресейдің болашақта қайта шабуыл жасауына тосқауыл болатын ең тиімді жол – Украинаны НАТО-ның құрамына қабылдау немесе жан-жақты қауіпсіздік кепілдіктерін беру екенін айтуда. Ресей бұған қарсы. Өйткені Ресейдің арнайы әскери операциясы НАТО-ның өзінің батыс шекарасына жақындауын болдырмау деп түсіндірілді. Ал Трамп Украинаға әскери альянсқа (НАТО) кіруге қарсы екенін бірнеше рет ашық айтқан. АҚШ президенті бұның арты қазіргі екі ел арасындағы соғыс Еуропаға таралып, үшінші дүниежүзілік соғысқа ұласу ықтималдығын күшейтетінін жақсы түсінеді. 

Сәрсенбі күні (3 желтоқсан) Кремль Украинаның НАТО-ға кіру перспективасы Мәскеуде талқыланған «негізгі мәселелердің» бірі болғанын хабарлады. Трамп бұл келіссөздерді «жеткілікті дәрежеде жақсы өтті» деп сипаттады. Бірақ олардың нәтижесі туралы да, қандай да бір қорытынды жасауға да әлі ерте екенін айтқан. Президенттің түсінігінше, «танго билеу үшін екі адам керек».

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.