Ұлттық ұланда асылтұқымды қызметтік иттер көбейіп келеді

Күшіктер де ел қорғауға әзір.

Құқықтық тәртіп әскерінде асылтұқымды қызметтік иттердің саны артуда. Биылдың өзінде ҚР ІІМ Ұлттық ұланның 6654 әскери бөліміндегі кинология орталығында асылтұқымды 42 күшік дүниеге келді. Олардың ішінде бельгиялық, голландық және неміс овчаркалары бар. Бұл күшіктер ел тыныштығын күзету мақсатында жауынгерлік қызметке үйретілетін болады. 

Жыл басынан бері асылтұқымды 12 күшік өзге әскери бөлімдерді толықтыруға жөнелтілді. Қазіргі уақытта кинология орталығында 30-ға жуық күшік өмір сүруде.

 Алғашқы 45 күнде күшіктер енесінің сүтімен қоректенеді, кейін құрғақ азыққа көшіріледі. Одан соң оларды қоршаған ортаға бейімдеу жұмысы жүргізіледі. Үш ай толғанда түрлі кедергілер алаңына шығарылады. Бұл кезде олардың есту дағдысын дамыту маңызды, сондықтан әрқайсына есім беріледі. Кейін “отыр”, “тұр”, “жат” секілді пәрмендер үйретіледі. Бұдан кейін тапсырмалар күрделеніп, иіс арқылы зат іздеу кезеңіне өтеді,  деді кинология орталығының офицері,  майор Жантөре Мендиоразов.

Бүгінде Ұлттық ұлан қатарында мыңға жуық қызметтік ит бар. Тек биылғы 10 айда олардың көмегімен 120-дан астам құқықбұзушылық анықталған. Ал кинология орталығында өсіп жатқан қызметтік иттердің жаңа буыны сол тәжірибені жалғастырмақ.

Айта кетейік, күшіктерді күтіп-баптау ҚР ІІМ Ұлттық ұланында тұқымды асылдандыру жұмысын ұйымдастыру жөніндегі басшылық бұйрық негізінде жүзеге асырылады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.