«AMANAT» партиясының жобасы халыққа өмірді қарызсыз бастауға көмектесіп жатыр

Еліміздегі әрбір екінші азаматтың несиесі бар, ал бір жарым миллион азаматтың шоты қарызына байланысты бұғатқа түскен. Халықтың жалпы қарызы 26 триллион теңгеден асады, ал жүздеген мың отбасы үнемі күйзелісте өмір сүреді: алған жалақысы төлемге жұмсап, тұрмысын жаңа қарызбен бастайтыны тағы бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың шектен тыс қарыздану мәселесін көтеріп, өз Жолдауында олардың қаржылық сауатын арттырудың маңызын айтқан. Ол халықтың мойнындағы қарызын азайту ғана емес, азаматтардың табысы тұрақты болуын қамтамасыз ету керек екенін мәлімдеді. Нәтижесінде, Президенттің тапсырмасы бойынша «AMANAT» партиясының бастамасы «Қарызсыз қоғам» жобасын қолға алды. Бүгінде жоба бұл мәселені бір реттік шарамен емес, жүйелі түрде жүргізілетін болған. Бұл туралы Партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев айтты.

Біз «жалақы – төлем – жаңа қарыз» шеңберін бұзып жатырмыз. «Қарызсыз қоғам» жобасы адамға үш түрлі тірек болып отыр: білім беру, құқықтық тұрғыда қорғау және берешекті өтеудің ыңғайлы жаңа кестесін әзірлеу. Президент жобаны жалғастыру жөнінде нақты міндет қойды. Сондықтан жобаны алдағы уақытта да жалғастыра береміз. Біз үшін оқу сертификаты емес, нәтиже маңызды. Отбасылар қарыз қамытынан құтылуы керек және несиеге өмір сүрмеуге тиіс», – деді Партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев.

«AMANAT» партиясының Астана қаласындағы кеңсесінде 40 шақты заңгер жұмыс істесе, өңірлерде тағы ондаған маман еңбек етеді. Былтырдың өзінде 845 мың адамға көмек көрсетіп, биыл 1 миллион қазақстандықты қамтымақ. Ал Call-орталыққа күн сайын үш мыңға жуық қоңырау шалынады.

«Қарызсыз қоғамның» атқарушы директоры Олжас Ордабаевтың айтуынша, жоба мамандарының жұмысы телефон арқылы кеңес берумен ғана шектелмейді. Биылдың өзінде қарыз жүктемесі 28 миллиард теңгені құрайтын 40 мыңнан астам адам жүгінген.

 – Мамандарымыздың араласуы арқылы миллиард теңгеден астам берешекті есептен шығаруға немесе қайта құрылымдауға мүмкіндік туда. Бірде айыппұл мен өсімпұлы алынса, енді бірінде төлем кестелері түзетілді. Бұл – біз үшін сенім білдірген адамдардың тағдыры. Жоба – қарапайым кеңес беру шеңберінен шығып, азаматтарды толғандырған мәселе бойынша істің басынан аяғына дейін қолдау көрсететін толыққанды жүйе. Олар талап-арыздар әзірлейді, ЭЦҚ алуға көмектеседі, банкроттықты рәсімдеу кезінде азаматтарға қолдау көрсетеді, ал алаяқтық фактілері анықталған кезде материалдарды Қаржылық мониторинг агенттігіне және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жолдайды, – деді ол.

Жоба заңгерлері күн сайын түрлі ауыр жағдайға тап болады. Соның бірі – Нарима Асаинова. Ол қайта құрылымдау және банкроттықты рәсімдеу кезінде борышкерлерге көмек көрсетеді.

– Бір клиентке банктер қайта қаржыландырудан бас тартқан. Сөйтсе, оның 11 миллион теңге қарызы бар болған. Құжатын дұрыстап, оның төлем қабілетін көрсету арқылы сот қарыз жүктемесі айтарлықтай төмендетті. Істі сотқа дейін жеткізу – мәжбүрлі шара. Алайда бұл – Президенттің «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асырудың жарқын дәлелі. Яғни, әр адам құқықтық салада әрекет ету арқылы өз мүддесін қорғай алады, – дейді ол.

«Қарыссыз қоғам» жобасына қатысқан көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері өзінің тұғырықтан шыққанын айтты.

– Instagram парақшадан қарыздан құтылуға болатынын көрдім. Сөйтіп, Шымкент қаласындағы «AMANAT» партиясының филиалына барып, өтінішімді жазып кеттім. Есепшотым бұғатталып қалған. Мәселемнің бәрі оңынан шешілді. Ал аз көлемдегі несиелерімді жауып, ірісін бөліп төлеуге график бекітілді. «Барсаң, ақша сұрайды, қызметіне 10 мың теңге алады» деген жалған сөз екеніне көзім жетті. Тегін кеңес берді. Тіпті, артынан құрбымды ертіп алып бардым. Қиналым жүргенімде жобаның маған көп көмегі тиді, – деді көпбалалы ана.

Биыл жыл басынан бері «Қарызсыз қоғам» жобасы 862 084 адамға қызмет көрсетіті. Оның ішінде 422 421 өтініш – несиені қайта құрылымдауға, 258 625-і бұғаттан шешу бойынша қаралған. Соттан тыс банкроттық бойынша  34 483 өтініш түскен. 862 өтініштің төлем қабілеттілігін қалпына келтірсе, 345-ін сот банкрот деп таныды.  

Түскен өтініштің басым көпшілігі ауыл тұрғындарынан болған. Оның саны  – 456 905. Ал қала тұрғындарының шағымдануы 405 179-ға жеткен. Ер азаматтардан гөрі қыз-келіншектің өтініші көбірек түскен, жалпы саны – 517 690.  Олардың басым көпшілігі жастар, яғни 18 бен 35 жас аралығындағы азаматтардың өтініші 51 730-ке жеткен. Қаржылық қиындыққа түскеннің арасында қарттардың саны аз. Олардан барлығы – 33 621 өтініш келген. Олардың жасы 64-тен асқан.

Еске сала кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы 2023 жылы 12 банктің және 11 мемлекеттік органның қолдауымен бастау алды. Сарапшылардың дәрісінен бөлек, жобаға қатысушылар enbek.kz порталына тіркелу және жеке кәсіпкерлік ашудан бастап, соттан тыс банкроттық кезінде көмектесу және берешекті өтеу кестесін әзірлеуге дейінгі түрлі сұрақ бойынша кеңес алады. Барлық кеңес тегін беріледі, заңгерлер әр қарыз алушының несие тарихын жеке зерттейді.