Бірнеше қылмысқа қатысы бар күдікті Рудныйда ұсталды

Күдікті Рудныйда алкогольдік мас күйде көлік жүргізгені үшін ұсталып, сот шешімімен арнайы қабылдағышқа қамалған. 

Қарағанды облысының полицейлері бірқатар ұрлық және автокөлікті заңсыз айдап әкету қылмыстарына күдікті 26 жастағы ер адамның қылмыстық әрекетіне нүкте қойды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Қылмыстық істің басталуына 39 жастағы қала тұрғынының Киров полиция бөліміне жүгінуі себеп болған. 11 қазанда қала тұрғынның үйіне таныс қонаққа келіп, аталған азаматтың телефонын жасырын түрде ұрлап кеткенін хабарлаған. Ұрлық дерегі бойынша басталған тергеу барысында күдіктінің тек осы қылмысқа ғана емес, қаладағы көрші ауданда жасалған тағы екі құқықбұзушылыққа қатысы бар екені анықталды. Қыркүйектің соңында 65 жастағы қарағандылық тұрғын да осы күдіктіден зардап шеккен. Оның үй ауласында тұрған автокөлігін күдікті айдап әкеткен.

Алайда қылмыскер ұзаққа кете алмаған – жанармай таусылған соң көлікті көрші көшеге тастап, оның ішіндегі мүлікті алып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын 50 мың теңгені құраған. Ә.Бөкейхан атындағы полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері бірнеше қылмыстық істі бір өндіріске біріктіріп, күдіктінің орналасқан жерін анықтады. Жауапкершіліктен жалтаруға тырысқан ер адам Қарағандыдан кетіп, Қостанай облысының Рудный қаласында бой тасалаған.

Дегенмен  жазадан қашып құтылмады. Күдікті Рудныйда алкогольдік мас күйде көлік жүргізгені үшін ұсталып, сот шешімімен арнайы қабылдағышқа қамалған. Қазіргі уақытта күдікті сотқа дейінгі тергеу шеңберінде қамауда отыр. Заттай дәлелдер тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына тіркелді. Полиция оның өңір аумағында жасалған басқа да ұқсас қылмыстарға қатысын тексеруді жалғастыруда.