«AMANAT»: Қызылордада сайлауалды бағдарлама орындалып жатыр

Қызылордада партияның облыстық филиалы жанындағы экологиялық кеңестің отырысы өтті.

Кеңеске партияның облыстық филиалдың атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова қатысып, облыстық  Денсаулық сақтау басқармасы мен Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы өкілдерінің сайлауалды бағдарламада қамтылған жұмыстардың орындалуы бойынша есебі тыңдалды. 

Жиында облыстық  Денсаулық сақтау басқармасы өкілі халықты скринингтік зерттеулермен қамту жайын баяндаса, Арал теңізінің құрғаған ұлтанында сексеуіл екпелерін ұлғайту бағытындағы атқарылған жұмыстар бойынша Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары хабарлама жасады. 

Негізінен Арал теңізінің құрғаған ұлтанында сексеуіл екпелерін ұлғайту бойынша  2021-2024 жылдары барлығы 659,1 мың гектар алқапқа екпе  жасалып, оның 332,5 мың гектары облыстық деңгейде, қалған 326,6 мың гектары Орман шаруашылығы комитетімен атқарылған. Биыл  440,9 мың гектар аумаққа сексеуіл көшеті мен галофитті тұқымдарын егу жоспарланып, 1 071 мың гектар алқапқа топырақ зерттеу және жобалау жұмыстары жүргізілген.

Осы бағытта Орман шаруашылығы комитеті арқылы көктемде 120 мың гектар жерге тұқым себу, 11,8 мың гектар жерге көшет отырғызу, 60 мың гектарға табиғи өсіп-өнуіне ықпал ету жұмыстары атқарылған. Сонымен қатар  биыл облыс бойынша 15 мың гектар алқапқа сексеуіл көшетін отырғызу, 85 мың гектар жерге қажетті 357 тонна галофитті тұқымдарды араластырып себу жоспарланып, қазіргі уақытта 15 мың гектар жерге 4,5 млн  дана көшет толықтай отырғызылған.

Басқарма басшысының орынбасары Қайрат Жансұлтанұлы жоспар жыл соңына дейін толық орындалатынын жеткізді. 

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық  Денсаулық сақтау басқармасының бастапқы медициналық-санитариялық көмекті ұйымдастыру бөлімінің басшысы Динара Сарманова скринингтік зерттеулерге 6 нозология бойынша жүргізілетінін мәлімдеді. 

«Атап айтқанда, қанайналым жүйесінің аурулары, қант диабеті, глаукома, сүт безі, жатыр мойны және колоректальды обырын ерте анықтау бойынша жоспарлы жұмыстар бар. Биыл  облыс бойынша жас шамаларына сәйкес 486 957 азаматты скринингтік тексеруден өткізу жоспарланып, 10 ай көлемінде олардың 81,2 пайызы  тексеруден өткен. Нәтижесінде, олардың 5,3 пайызынан  науқастар анықталса, 15 пайызы диспансерлік есепке алынған. Сонымен қатар биыл медициналық тексеруге 143 456 тұрғын жоспарланып, 10 ай қорытындысымен олардың 88 пайызы толық қамтылды. Оларға диагностикалық зерттеулер, зертханалық зерттеулер жүргізіліп, бейінді мамандар кеңесі берілді», деді Динара Сарманова. 

Кеңес мүшелері жиында аймақ экологиясын жақсарту, денсаулық сақтау саласының негізгі көрсеткіштерінің төмендеу динамикасын сақтау және тұрғындарға сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған ұсыныстарын айтты. Олар хаттамаланып, жауапты органдарға жолданатын болды.