WorldSkills Kazakhstan 2025 республикалық чемпионатына 800-ден астам студент қатысуда

Чемпионат жеңімпаздары 2026 жылы Қытайда өтетін халықаралық WorldSkills чемпионатына жолдама алады.

Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Астана қаласында 3 желтоқсанда басталған WorldSkills Kazakhstan 2025 республикалық кәсіби шеберлік чемпионаты әлі де жалғасуда. Биылғы жылы чемпионатқа қатысушылардың саны 1,5 есе артты, былтыр 548 оқушы қатысса, биыл 825 студенттің қатысуына мүмкіндік берілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

WorldSkills өңірлік чемпионаттарының нәтижелерін талдау негізінде 15 жаңа құзыреттілік қосылды. Олардың қатарында өнеркәсіптік дизайн, локомотивті басқару, ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану, құтқару жұмыстары, ветеринария, зертханалық-химиялық талдау, АКТ желілік инфрақұрылымы, мектепке дейінгі тәрбие, флористика, ақпараттық қауіпсіздік, цифрлық модельдеу, тоңазытқыш және желдету техникасына қызмет көрсету, қонақүй ресепшені, 1С платформасында бизнес-процестерді автоматтандыру құзыреттіліктері бар.

«Енгізілген жаңа құзыреттіліктер қазіргі технологиялық және салалық үрдістерді, сондай-ақ еңбек нарығының сұранысын көрсетеді. Бұл кадрлық әлеуетті дамытуға және ТжКБ жүйесі мен бизнес-сектор арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді», – дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің басшысы Әсет Мұхамбетов.

Айта кету керек, чемпионат жеңімпаздары 2026 жылы Қытайда өтетін халықаралық WorldSkills чеспионатына жолдама алады.