Елена Рыбакина әлемдегі ең табысты спортшы әйелдердің тізіміне енді

Ең табысты спортшы әйелдердің тізімінде теннисшілер басым.

Елена Рыбакина әлемдегі ең көп табыс табатын спортшы әйелдердің ондығына енді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Sportico нұсқасы бойынша жарияланған әлемдік рейтингте қазақстандық теннисші 9-орын алды. Елена Рыбакинаның жалпы табысы 12,6 млн долларды құрады: оның 8,6 млн доллары – турнирлердегі жүлде қоры, ал қалған төрт миллионы – жарнамалық келісімшарттардан түскен табыс. 

Ең көп табыс табатын спортшы әйелдердің тізімінде теннисшілер басым. Ондықтың жеті позициясын осы спорт түрінің өкілдері иеленген. 

Рейтингті америкалық Кори Гауфф бастап тұр – оның табысы 31 млн доллар. Екінші орынға Беларусь спортшысы Арина Соболенко (30 млн доллар) жайғасса, үшінші орынды польшалық Ига Швёнтек (23,1 млн доллар) иеленген. 

Топ-10 қатарына Чжэн Циньвэнь (Қытай), Мэдисон Киз (АҚШ) және Наоми Осака (Жапония) да кірді.