"Самұрық-Қазына" қоры министрліктердің қызметкерлері үшін алты миллион медициналық масканы сатып алады. Осылайша, Денсаулық сақтау министрлігі, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, Ішкі істер министрлігі әрқайсы екі миллионнан маска алады. Бұл туралы Премьер-Министр жанындағы дағдарысқа қарсы штаб отырысында Қордың Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов мәлімдеді. Сонымен қатар, ол "Samruk Kazyna Construction" АҚ бойынша тұрғын үй және коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға алу төлемдерінің 2020 жылдың 01 маусымына дейін қандай да бір айыппұл санкцияларын есептемей кейінге қалдырылғанын хабарлады. Бұл 37 мыңнан астам адам 2,3 млрд теңгеге жеңілдік алады деген сөз. Шағын бизнес үшін қиын уақытта бұл жақсы қолдау болады, - деп атап өтті Есімов. Сондай-ақ, ол қордың қызметкерлері бір күндік жалақыны Елбасының бастамасымен құрылған коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі арнайы қорға аударатынын хабарлады.