Саладағы қордаланған мәселе шешімін тапты

Мәдениет және ақпарат минис­трлігі архив, кітапхана және баспа ісін дамыту, осы бағытта кадрлық әлеуетті арттыру бағытында ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Сонымен қатар архив ісі, тарихи сирек қолжазбаларды қайта жаңғырту үшін халықаралық ынтымақтастықты кеңейту де жан-жақты жүргізіліп келеді.

Кітапхана мен архив ісін кешенді дамыту мақсатында осы салаға бөлінетін гранттар саны екі есе көбейді. Бүгінгі күнде Қазақстанда 236 архив жұмыс істейді. 

Министрліктің мәліметінше, Ұлттық архив қорындағы 74,5 мың қорда 27,8 миллионнан ас­там құжаттар бар. Архивтегі көне қолжазбалар мен деректерді қаз-қалпында сақтау үшін жан-жақ­ты жұмыс атқарылып жатыр. Білікті кадр даяр­лау мәселесіне жете көңіл бөлініп отыр. Кәсіби ма­мандарды даярлау мақсатында «Кітапхана ісі, ақ­паратты өңдеу және архив ісіне» бакалавриатта грант санын 20-дан 100-ге дейін көбейтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­сырмасына сәйкес архив ісі және кітапханаға кадр даярлауға бес аймақта қосымша 89 грант бөлінді. 

Кітапхана мен архив қызметкерлерінің кадрлық әлеуетін арттыру мақсатында көптеген жұмыс атқарылуда. Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәдени мұраларды көздің қара­шығындай сақтай отырып, келешек ұрпақ үшін насихатталуына да ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты. 

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәлі­метінше, кітапхана, архив жұмысын оңтайландыру үшін бұл саланы цифрлан­дыруды кезең-кезеңімен іске асып жатыр. Әсіресе, аймақтарда жаңа тех­нологияны қолжетімді ету арқылы оқырманға жағ­дай жасалады. Сирек кездесетін қолжаз­баларды электронды түрде оқуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар архивте сақтаулы тұрған құнды мұраларды да бірыңғай ци­фрлы форматқа ауыстыру процесі жүргізілуде. Кейінгі жылдары архивте ақылы негізде қызмет ететін бөлімдер жұмыс істейді. Ақылы қызметтен түскен қаражат архив ғимаратын күтіп-ұстау шығынын өтеуге, қызметкерлердің әлеу­меттік мәселесін оңалтуға жұмсалады. Ар­хивте қордаланған мәселелер рет-ретімен шешіледі.

2024 жылы «Архив-2025» жобасы шеңберінде 14 елден мыңнан астам сирек тарихи құжаттардың көшірмелері алынды. Архивтегі деректерді сақтау мен бірыңғай электронды  архивтің құқықтық негізін жүйелеу мақсатында жаңа заң жобасы әзірленеді. Сонымен қатар мемлекеттік архивтер халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағытында жобаларды жүзеге асырады. 

Бүгінгі күнде қала, аудан және ауыл­дық жерлердегі кітапханашылардың еңбек­ақысы бекітілген ережегі сәйкес төленіп отыр. Елімізде 3 883 кітапхана бар. Жалпы кітап қоры – 72 283 946 дана. Оқырман саны 3 292 226 адамға жетті. Республика бо­йынша кітап­ханаға келетін оқырман қара­сы көбейіп келеді. Келген адам саны 51 921 261-ге жетті. Президент тап­­сырмасына сәйкес, кітапхана жұмысын әрі қарай оңтайландыру бағытында жүйелі жұмыс жүр­гізілуде. Биылдан бастап «Қа­зақ­стан­ның жалпыға қолжетімді кітап­ханаларын жаңғыртудың 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы» жүзеге асып жатыр. Технология көмегімен кітапхана қызметінің сапасы артады. Цифрлық технологиялар кітап­ханада көпфункциялы қызметтерді қол­жетімді етеді. Кітапханашының әлеуметтік мәртебесін көтеру, қоғамның дамуына қосып отырған үлесін арттыру әрдайым басты назарда болады.

Кітапханашылардың әлеуметтік мә­се­лесі де оң шешімін тауып жатыр. Әсі­ресе, кітапхана ғи­мараттарын жөндеу, ма­териалдық-техникалық ба­за­сын күтіп ұстау проблемасы да жергілікті әкім­діктермен бірлесе отырып шешілуде. Бұған дейін жалақының аздығынан кітапханашы табу, қаржы тапшылығынан кітапхана ғи­­мараттарының техникалық базасын жөн­деу күрмеуі қиын мәселе еді. Жүйелі жұ­мыс нәтижесінде, 2022 жылдан бас­тап кітапханашылардың жалақысы жыл сайын 25 пайызға көбейіп келеді, яғни бүгінгі күні 100 пайызды құрайды. 

Майра ЖАНЫСБАЙ