Мәселен, Атыраудағы Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. (KPI) зауыты – еліміздегі алғашқы роботтандырылған өндірістердің бірі саналады. Алғашқы біріккен газ-химия кешенінің құрылысын жүзеге асыратын жетекші кәсіпорын бүгінде Қазақстанның мұнай-химия саласының дамуына маңызды үлес қосуда. Аталған өндіріс ошағында дайын өнімді сақтау және тасымалдау процестері толығымен автоматтандырылған. Бұрын жұмысшылар ауыр паллеттерді (1,5 тоннаға дейін) арнайы техникамен жылжытса, бүгінде бұл міндетті роботтар атқарады.
Зауыттың жаңа роботталған қоймасы WES (Warehouse Executive System) интеллектуалды платформасы арқылы басқарылады. Ол өндірістік желілермен тікелей байланысып, процесті нақты уақыт режимінде бақылайды. Осылайша, адамның физикалық еңбегі цифрлық басқару жүйелерімен алмастырылып, жұмыс тиімділігі айтарлықтай артты.
«ҚазМұнайГаз» компаниясының бұл бастамасы елімізде индустрия 4.0 стандарттарын енгізудің жарқын мысалына айналды. KPI тәжірибесі кейін басқа өндіріс орындарында да қолданылмақ.
Сондай-ақ Атыраудағы KMG Automation компаниясы – Schneider Electric және «ҚазМұнайГаздың» бірлескен жобасы. Мұнда қысымды өлшейтін датчиктер мен өндіріс процестерін басқаруға арналған заманауи автоматтандырылған жүйелер шығарылады. Жоба іске қосылған алғашқы кезеңде-ақ бірнеше жоғары білікті инженер мен IT-мамандар жұмысқа тартылған.
Техника ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жанұзақовтың пікірінше, өндірістен бөлек, агросекторды дамытудағы негізгі бағыт та жасанды интеллектімен байланысты.
– Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру үшін ең алдымен процестерді цифрландыру қажет. Дәлме-дәл егіншілік пен мал шаруашылығын басқаруда сенсорлар, дрондар мен жасанды интеллект үлкен рөл атқарады. Бұл еңбек өнімділігін арттырып, шығынды азайтады, ал блокчейн технологиясы өнімнің егіс даласынан тұтынушыға дейінгі қозғалысын ашық әрі сенімді қадағалауға мүмкіндік береді, – дейді ғалым.
Атырау аграрлы-техникалық колледжінің базасында өткен алғашқы агрофорум осы бағыттағы ілкімді қадам болды. Форум барысында ұсынылған «Ауыл шаруашылығын цифрға трансформациялау» жобасы барлық қызметтер мен процестерді электронды форматқа көшіруді мақсат етті.
Жоба аясында жасанды интеллект егіс алқаптарын суару, тыңайтқыш шашу, өнім жинау процестерін оңтайландырып, фермерлерге нақты уақыт режимінде шешім қабылдауға жол ашады.
Қазір құқық қорғау органдарының да жұмысы жасанды зердемен қабыса бастады. Атырауда жол қозғалысын басқару мақсатында «ақылды бағдаршамдар» жобасы іске асырылуда. Бұл жүйе заманауи технологиялар мен жасанды интеллект элементтерін пайдалана отырып, көлік ағынын тиімді реттеуге бағытталған.
– «Ақылды бағдаршамдар» әсіресе кептелісті азайтып жатыр. Бұрын жұмыстан үйге қайту үшін көліктің өзімен 30 минут жүретін болсам, қазір жолға 20 минут уақытымды жұмсаймын. Үнемделген 10 минутым үй жанындағы дүкеннен нан, сүт алуға кетеді, – дейді қала тұрғыны Айман Нұрмышева.
Қазір бағдаршамдар сынақ-тестілеу режимінде жұмыс істеп тұр. Айта кетелік, қазір бір ғана Атырау қаласының ішінде барлығы 78 бағдаршам орнатылған. Жоба аясында 160 мыңнан астам дерек жүйеге енгізіліп, арнайы талдау алгоритмдері арқылы көлік пен жаяу жүргіншілер қозғалысын оңтайландыру көзделуде.
Мамандардың пікірінше, автоматтандыру мен роботтандырудың басты артықшылығы – дәлдік, қауіпсіздік және тиімділік.
– Роботтар тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істей алады, қателік ықтималдығы аз және адам өміріне қауіпті аймақтарда да қауіпсіз еңбек етеді. Алайда бұл үдеріс кейбір мамандықтардың жойылуына немесе өзгеруіне әкелуі мүмкін. Қойма, логистика және өндірістегі қол еңбегі азайып, оның орнына инженерлер, бағдарламашылар, техникалық операторлар және IT-мамандардың маңызы артып келеді, – дейді робототехника маманы Асқар Алдан.
Атырау облысы – Қазақстандағы индустрияландыру мен мұнай-химия саласының ірі орталығы. Сондықтан мұндағы роботтандыру жобалары басқа аймақтарға үлгі болуы мүмкін. Кәсіпорындар жаңа технологияларды енгізу арқылы халықаралық деңгейдегі тиімділік пен сапа стандарттарына ұмтылуда.
Дегенмен бұл өзгерістер қоғамнан да бейімделуді талап етеді. Білім беру жүйесі жаңа буын мамандарын – робототехника, автоматтандыру және цифрлық технологиялар саласындағы кадрларды дайындауға бағытталуға тиіс.
Әйтсе де, Атыраудағы өндірістерде адамдарды роботтар толық алмастырды деу әлі ерте. Бірақ үрдіс анық байқалады: адам еңбегі біртіндеп қол күшінен зияткерлік және басқарушылық сипатқа ауысуда. Технологиялар еңбек сипатын өзгертіп, өңірдің экономикалық болашағын жаңа деңгейге көтеріп келеді.
Бұл өзгерістердің түпкі мақсаты – адамды өндірістен ығыстыру емес, оның еңбегін тиімді ету, шығармашылық және басқарушылық қабілеттерін ашу.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау облысы