Қытай инвесторлары көмірден газ өндіруді жоспарлап отыр

Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешовтың төрағалығымен көмір-химия өнеркәсібін дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті.

Кеңес жұмысына жетекші көмір кәсіпорындарының басшылары: CHN Energy Development Co. Limited өкілдігі, «Самұрық-Энерго» АҚ, Qarmet АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, сондай-ақ QazaqGaz Ғылыми-техникалық орталығы» ЖШС, «Еуразиялық топ» ЖШС және «Мұнай-газ химиясы өнімдерін өндірушілер мен тұтынушылар қауымдастығы» қатысты, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдар және ұйымдармен бірлесіп көмір-химия өнеркәсібін дамытуға бағытталған перспективалық бағыттарды бағалау және жобаларды талдау жұмыстарын жүргізуде.

Кеңес барысында қатысушылар өзекті мәселелерді қарастырып, саланы одан әрі дамыту бойынша ұсыныстарын ұсынды, сондай-ақ ірі компанияларының CHN Energy Development Co. Limited көмір-химия кешенін салу бойынша және Shandong Energy Group көмірден газ өндіру жобалары талқыланды.

Отырыс қорытындысы бойынша, көмір химиясын дамыту жөніндегі жұмыс тобының құрамы жаңартылып, қытайлық инвесторлармен бірлескен нақты жобалар мен көмір разрездері айқындалды. Сондай-ақ саланың дамуын тежеп тұрған факторларды жүйелі шешу бойынша іс-қимыл жоспары әзірленді. Министрлік жұмыс тобын, инвесторларды және технологиялық әріптестерді тұрақты түрде жинап отырмақ.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.