Шығыс Қазақстанда соңғы екі аптаның ішінде 10-ға жуық жол бөлігі жабылды. Көліктері жолда қалған 200-ден астам адам құтқарылды. Солардың басым бөлігі күн райының қолайсыздығы туралы біле отырып, алыс жолға шыққан. Тіпті ақ түтек боранда бала-шағаны ертіп шығатындар да көп. Бірнеше сағат бұрын таратылған хабарлама да, тәулік бұрын түскен дауылды ескертулер де елеусіз қалады. Соның кесірінен алдын ала жұртты құлағдар еткен төтенше жағдайлар қызметкерлері мен жол тазалығына жауапты мамандар және бірнеше құрылым өкілдері эвакуация ұйымдастыруға мәжбүр. Ол аздай, құтқару жұмыстарына да қыруар қаражат шығындалады. Басты мақсат – құтқарушылар үшін адам өмірін сақтау бірінші орында.
«Дегенмен, ескертуге мән бермейтін жүргізушілерді жауапкершілікке тартқан жөн», – дейді мамандар.Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Дмитрий Титов: «Бірнеше сағат бұрын қандай да бір бағыт жабылғаны туралы ақпарат таратылса да, сол жолға шығып кеткен жолаушылардан көмек сұраған хабарлама түсіп жатады.Осылайша, қаншама сала мамандары, техника жұмылдырылып, эвакуация жасауға кірісеміз. Сондықтан ескертуді елемей сапарға шығып кеткен жүргізушілерді әкімшілік жауапкершілікке тартатын уақыт келді деп ойлаймыз», – деді.