Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар қоры» алыс-жақын шетелдегі қандастардың басын қосқан «ONLINE-NAURYZ» мерекелік іс-шарасын ұйымдастырды.
Онлайн режимде өткен шараға әлемнің түкпір-түкпіріндегі АҚШ (Бостон, Чикаго), Иран, Германия, Швеция, Дания, Монғолия, Ресей, Түркия мемлекетіндегі қазақтар белсенді қатысып, атамекеніне ыстық сағынышын жеткізді. Дархан көңілді қандастарымыз бір-бірін құттықтап, барша қазақ халқына ыстық лебізін білдірді.
Өз кезегінде «Отандастар қорының» вице-президенті Мағауия Сарбасов барлық қатысушыларды ұлық мейрам Наурызбен құттықтады. Өткен жылы табысты еңсерілген жобаларды қорытындылап, биылғы жылдың жоспарымен бөлісті.
"Қазіргі уақытта әлемді дүрліктірген жұқпалы коронавирус дертіне қарамастан, дүниежүзіндегі қандас бауырлар тілегі бір арнаға тоғысты. Туған жер топырағы мен жусан иісін аңсаған әр қазақ жүрегіндегі сағыныш алауы мәңгілік өшпейді. Қазақ халқының ортақ отаны – Қазақстан Республикасы", – деді Мағауия Сарбасов.
Заманауи онлайн форматта өткен басқосу алысты жақындатып, ағайынды бір-бірімен табыстырыды. Барлық қатысушылардың ризашылығына бөленген шараны келешекте де өткізу жоспарланып отыр.
«ONLINE-NAURYZ» мерекесінің тікелей эфирінің түсірілімін тамашалау үшін келесі сілтемеге өту керек: