Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында сарбаздардың қызмет жағдайларын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

Кездесу барысында әскери бөлімдердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі және басқа маңызды мәселелер қаралды.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығында Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның  Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков пен «Аналар жүрегі» сарбаздар аналары комитеті» Республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Лилия Хайруллина арасында кездесу өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Іс-шараға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал-майор Қайрат Үмбетов, сондай-ақ Бас басқарма басшылары да қатысты.

Кездесу барысында әскери бөлімдердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, мерзімді әскери қызметтегі сарбаздардың медициналық қызметпен қамтылуы және жеке құрамның тамақтануын ұйымдастыру мәселелері жан-жақты қаралды.

Генерал-майор Аңсаған Балтабеков Лилия Хайруллинаға белсенді ынтымақтастығы мен сарбаздардың қызмет жағдайларын жақсартуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді:

«Сіздің пікірлеріңіз бен көзқарастарыңыз біз үшін әрқашан маңызды. Жас сарбаздардың және олардың ата-аналарының моральдық-психологиялық жағдайына көңіл бөле отырып, сіздер әскери бөлімдердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне және сарбаздардың мерзімді қызметтерінің жайлы болуына елеулі үлес қосып келесіздер», – деді Бас қолбасшы.

Кездесу барысында ата-аналарға сарбаздардың тамақтануы үшін алаңдамауға болатындығы атап өтілді. Себебі басшылыққа алатын құжаттар қайта қаралып, тамақтану шарттарының бұзылуына жауапкершілік күшейтілген, сондай-ақ сенімсіз мердігерлермен келісімшарттарды бұзу көзделген.

Сарбаздар аналары комитетінің жетекшісі Лилия Хайруллина әскери бөлімдерде ашық есік күндерін жиі ұйымдастыруды, бұдан бөлек сарбаздар үшін демалыс күндері кинофильм клубын құруды ұсынды.

Бірлестік атынан ол Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығына ынтымақтастық үшін алғыс айтты:

«Біз әрдайым белсенді жұмыс жүргізетін әскери бөлім командирлеріне ризамыз. Біздің өтініштерімізге мән беріп, ата-аналарды толғандырған сұрақтарға жауап беретіндеріңізге қуаныштымыз. Біз әлі де көп жұмыс істеуіміз керек», – деді Лилия Хайруллина.

 

Кездесудің нәтижесінде әскери қызметшілерді қолдауға бағытталған жүйелі жұмысты жалғастыру қажеттігі туралы өзара түсіністік орнады. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының және Сарбаздар аналар комитетінің өкілдері жас Отан қорғаушылардың қауіпсіздігі, денсаулығы және әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған әріптестікті әрі қарай дамытуға келісті.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.