Aikyn.kz жойқын апат болған Чернобыльдегі қорғаныш күмбезінің зақымдану салдарын zmescience.com материалына сүйеніп талдайды.
Өткен аптада Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) осы жылдың ақпанынан бері сарапшылар айтып келе жатқан қауіпті растады. Қорғаныс күмбезі өзінің герметикалығынан айырылған.
Киев Ресей дронының соққысынан 1,5 млрд еуро тұратын құрылыстың қаптамасы тесіліп, тығыз жабылу режимі бұзылған деген хабар таратты. Салдарынан капсуланың радиацияны ұстау қабілеті жойылған. Дрондар шабуылын Ресей мойындамаған, «украиналық биліктің Мюнхен конференциясы алдындағы арандатуы» деп мәлімдеген.
1986 жылы Чернобыль АЭС-індегі реактор жарылған кезде, кеңестік билік шындықты жасырғысы келді. Мыңдаған адамның өмірін қиған операция ұйымдастырып, түтіні будақтаған қирандыларды бетонмен құйып тастады. Оны «Саркофаг» деп атады. Бұл ерлікке пара-пар, бірақ өте қауіпті әрі уақытша шешім еді. 2000 жылдарға қарай радиацияны ұстауы тиіс бетонды «қабірхана» қирай бастады. Жаңбыр суы ішке өтіп, радиоактивті отын шаңын ботқаға айналдырды. Болат конструкция коррозияға ұшырады, жаңа тізбекті реакция қаупі туды.
Бұл мәселені Украина өзінің күшімен орындай алмағандықтан, бүкіл әлем болып Жаңа қауіпсіз қоршау (ЖҚҚ) жасалды. 45 ел бірігіп, осы құрылысты салды. 2019 жылы алып қаптама рельстермен жылжытылып, ескі реактордың үстіне сырғытып әкелінді. Бұрынғы реактордың сырты толық қапталып, герметикалық қалқанға айналды.
Чернобыльдегі ЖҚҚ ішіндегі ауа қысымы теріс деңгейде ұсталады. Бұл ғимараттан радиоактивті шаң сыртқа емес, керісінше таза ауа ішке тартылатын режимді қамтамасыз етеді. Ескі кеңестік металл конструкциялар коррозияға ұшырап, бұзылмауы үшін жүйе ішінде ылғалдылық ұдайы бақыланады.
2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіруі басталған кезде, Халықаралық атом энергиясы жөніндегі қауымдастық ядролық объектілерге келуі мүмкін залал қаупі туралы ескертті. Алайда 2025 жылғы ақпанда дрон соққысынан кейін кешеннің төбесі тесіліп, теріс қысым жүйесін бұзған. МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Гроссидің айтуынша, тірек арқалықтар бүгінде орныққан күйде тұр. Арка ертең құлап қалмайды. Бірақ «негізгі қауіпсіздік функциясы» жойылған. ЖҚҚ-ның қорғаныс функциясын қалай қалпына келтіруге болады?
Қазір қорғаушы күмбезде физикалық, кинетикалық зақым бар. МАГАТЭ бағалауы өте қатаң болды. Шатырға «шектеулі уақытша жөндеу» жасалғанына қарамастан, кешенді «қалпына келтіру» қажет екені айтылды. Бірақ мұндай ауқымды өнеркәсіптік жөндеуді радиоактивті объектіде, әрі белсенді соғыс жүріп жатқан аймақта қалай жүргізуге болады? Агенттік жөндеу жұмыстарын 2026 жылға немесе «соғыс аяқталғаннан кейінгі кезеңге» қалдырып отыр.
Бұл қаншалықты үлкен проблема деген сұрақ туындайды. Қазіргі уақытта Чернобыль аймағындағы радиациялық бақылау датчиктері қалыпты деңгейді көрсетіп тұр. Киевке немесе Варшаваға қарай ыстық радиоактивті бұлттар кетіп жатқан жоқ. Бірақ ядролық қауіпсіздік саласында «қауіпсіз» деген ұғым әрдайым салыстырмалы. Мамандарды 1986 жылғыдай кенет жарылыс емес, қауіпсіздік жүйелерінің баяу, біртіндеп әлсіреуі көбірек алаңдатуда.
Дрон соққысы тек шатырды ғана зақымдаған жоқ. Ол реактор залында не болып жатқанын көрсететін автоматтандырылған мониторинг жүйелерін де істен шығарған. МАГАТЭ қазір «кешенді автоматтандырылған мониторинг жүйесін» жаңғыртуды талап етіп отыр.
Чернобыльдегі қиындықтар соғыс жағдайында Украинаның энергия жүйесіне жасалып жатқан тұрақты шабуылдармен қиындай түсуде. Ядролық объектілер жұмысын тоқтатса да, электр қуатына тәуелді. Оларға ауа айналымын қамтамасыз ету, датчиктердің жұмысын бұзбау, қалдықтарды басқару үшін тұрақты энергия қажет. Қазіргі таңда МАГАТЭ бүкіл Украина бойынша қосалқы стансаларды тексеріп жатыр. Өйткені Чернобыль АЭС-індегі электрмен жабдықтаудың үзілуі қалдық қауіпсіздік жүйелерін тоқтатып, зақымданған реакторды бақылаусыз және басқарусыз қалдыруы мүмкін.
Оның қауіпсіздігіне ешбір мемлекет не компания 100% кепілдік бермейді. Ядролық нысандарды технологиялық ақаулар да, геосаяси тәуекелдер мен әскери қақтығыстар да осал етеді.
Болашақ ұрпақтың қауіпсіздігі тұрғысынан қарағанда, болашақта термоядролық синтез, «таза көмір», болмаса жел мен күн сияқты жаңартылатын көздер қауіпсіз әрі экономикалық тиімділігі жоғары энергетикалық бағыт ретінде қарастырылуы тиіс. Қазақ елінің стратегиялық таңдауы қысқамерзімді энергия тапшылығын емес, ұзақмерзімді қауіпсіздік пен технологиялық болашақты ескеруі қажет. Президент Тоқаев та «таза көмір» энергиясын қолдану арқылы, энергия тапшылығын арзан әрі қауіпсіз шешу жолын тапқанын көрсетіп отыр.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.