Reuters хабарламасына сілтеме жасаған Aikyn.kz жас балаларға әлеуметтік желіні қолдануға салынған тыйымды қоғамның қалай қабылдағанын талдайды.
Алғашқы он ірі платформаға сәрсенбі күні (10 желтоқсан) түн жарымынан (Гринвич бойынша сейсенбі 13:00-ден) бастап балалардың қолжетімділігін бұғаттау міндеттелді. Егер талап орындалмаса, жаңа заңға сәйкес олар 33 млн АҚШ долларына дейін айыппұл төлейді.
Бұл заң ірі технологиялық компаниялар мен сөз бостандығын жақтаушылар тарапынан сынға ұшырағанымен, ата-аналар мен балалар құқығын қорғаушылар тарапынан қолдау тапты. Енгізілген тыйымға басқа елдер де мұқият назар аударып отыр. Олар да балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне әлеуметтік желілердің теріс әсеріне алаңдаушылық білдіріп, ұқсас шараларды қарастыруда.
Sky News Australia дерегінше, осы аптада мектептерде көрсетілген видео-үндеуінде Аустралия премьер-министрі Энтони Албанезе тыйымның мақсаты жас аустралиялықтарды қолдау және шексіз жаңалықтар таспасы мен алгоритмдердің тудыратын қысымын азайту екенін айтты.
«Алда келе жатқан мектеп демалысын барынша пайдалы өткізіңіздер. Оларды телефондағы таспаларды оқуға жұмсағаннан гөрі, жаңа спорт түрімен айналысып көріңіздер, жаңа музыкалық аспап үйреніңіздер немесе көптен бері сөреде жатқан кітапты оқыңыздар. Ең бастысы – уақытты достарыңыз және отбасыңызбен бірге өткізіңіздер», – деді ол.
Бұндай заңдық норманың енгізілуі өмірдің ажырамас бөлігіне айналған әлеуметтік желілерге толықтай тыйым салу мүмкін бе деген көпжылдық пікірталасқа нүкте қойды. Осы шешімнің іске асуы барлық мемлекеттердің заң шығарушылары үшін зерттеу нысанына айналатын нақты эксперименттің басталуын білдіреді. Көптеген елдің үкіметтері технологиялық алпауыттар зиянды азайтуға бағытталған шараларды тым баяу енгізіп жатыр деп санайды.
«Аустралия бұндай шектеулерді қабылдаған алғашқы ел болғанымен, соңғысы болмайтыны анық. Әлем бойынша үкіметтер ірі технологиялық компаниялардың күшін қалай тежеуге болатынын бақылап отыр. Аустралиядағы әлеуметтік желілерге тыйым салу – белгілі бір мағынада «көмір шахтасындағы канарейка» іспетті», – дейді Кертин университетінің интернет-зерттеулер профессоры Тама Ливер.
Даниядан бастап Малайзияға дейін және АҚШ-тың кейбір штаттарына дейін үкіметтер ұқсас шараларды жоспарлап отыр. Бұл үрдіс Meta компаниясының ішкі құжаттары жария болғанына төрт жыл толуына тұспа-тұс келді. Ол құжаттарда компания өз өнімдерінің жасөспірімдерде дене бітімін қабылдауға қатысты мәселелер туындатып жатқанын білгені айтылған. Meta балаларды қорғау үшін құралдары бар екенін мәлімдеді.
Бастапқы кезеңде Аустралияда тыйым 10 платформаға қолданылады. Үкімет бұл тізім жаңа өнімдер пайда болып, жастар балама сервистерге ауысқан сайын өзгертілетінін хабарлады. Алғашқы 10 компанияның барлығы (Илон Маск басқаратын X платформасынан басқа) жасты болжау технологиясын пайдаланатынын мәлімдеді. Яғни адамның жасын оның онлайн-белсенділігі негізінде немесе селфи арқылы шамалап анықтау көзделген. Сондай-ақ олар жүктелген жеке куәлік құжаттары немесе байланыстырылған банк деректемелерімен салыстыру жүргізбекші.
Илон Маск бұл тыйымды «барлық аустралиялықтардың интернетке қолжетімділігін бақылаудың жасырын тәсіліне» ұқсайды деп бағалады. Ал платформалардың басым бөлігі оны сөз бостандығы құқығын бұзады деп санайды.
Зерттеулер көрсеткендей, әлеуметтік желілерде жұмыс істейтін компаниялар үшін бұл шара пайдаланушылар саны тұрақтанып, платформаларда өткізілетін уақыт азайып жатқан құрылымдық тоқыраудың жаңа дәуірін білдіреді.
Аустралия әлемде алғашқы ел болып, 16 жасқа дейінгі балаларға TikTok, YouTube, Instagram және басқа да платформаларға кіруді заңнамалық түрде шектеді. Бұл қадам балалардың психикалық денсаулығын қорғау және онлайн-қысымды азайту мақсатында қабылданған. Заңды ірі технологиялық компаниялар мен сөз бостандығын қолдаушылар сынға алса, ата-аналар мен балалар құқығын қорғаушылар құптап отыр.
Aikyn.kz бұған дейін де смартфондардың (әлеуметтік желілерге көпшілік смартфон арқылы кіреді) жас балалардың психикалық денсаулығына зиянын бірнеше рет жазды. Сондай бір мақала 2025 жылдың 30-шы маусымында «1 қыркүйектен бастап мектептерде смартфон пайдалануға тыйым салына ма?» деген тақырыппен жарияланды.
Қазақ Еліне де таңдау жасайтын уақыт келген сияқты. Алғашқы қадамды Мәдениет және ақпарат министрлігі онлайн платформалар туралы заң жобасын әзірлеумен бастады. Үкімет пен Парламенттің бір шешімге келуі, мектеп жасындағы балалардың смартфон мен әлеуметтік желілерді қолдануын шектеуі болашақ ұрпақтың денсаулығына оң әсер етеді деп ойлаймыз.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.