Мерейтой иесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан елге сіңірген еселі еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасы табыс етілді. Оны Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев салтанатты түрде тапсырды.
«Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасы Халық Қаһарманы, «Қарулы Күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, армия генералы Мұхтар Қапашұлы Алтынбаевқа Қазақстанның Қарулы Күштерін қалыптастыруға, еліміздің қорғанысы мен қауіпсіздігін нығайтуға қосқан ұзақ жылғы қажырлы еңбегі және жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудегі белсенді қоғамдық қызметі үшін тапсырылды», – делінген грамотада.
Мәулен Әшімбаев өз сөзінде ел-жұрт Мұхтар Алтынбаевты тәуелсіз Қазақстанның қорғаныс жүйесін қалыптастыруға үлкен үлес қосқан көрнекті мемлекет қайраткері, армия генералы ретінде ерекше құрметтейтінін атап өтті. Ол Мұхтар Қапашұлының басшылығымен еліміздің Қарулы Күштерін жаңғырту, халықаралық әскери ынтымақтастықты жолға қою және кәсіби армия қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыс атқарылғанын айтты. Сондай-ақ қайраткердің еңбек жолы парламентаризм институтымен де тығыз байланысты екеніне мән берілді.
«Мұхтар Қапашұлының ел дамуына қосқан үлесі әскери қызметпен шектелмейді. Ол Сенат депутаты бола жүріп, мемлекеттілікті нығайтуға және қоғамды дамытуға арналған заңдардың қабылдануына белсенді атсалысты. Бүгінде Мұхтар Алтынбаев «Қарулы Күштер ардагерлері» ұйымын басқарып, өмірін елді қорғауға арнаған азаматтарға қолдау көрсетіп келеді. Сонымен қатар Сенаторлар кеңесінің мүшесі ретіндегі белсенділігін де ерекше атап өткен жөн», – деп Мәулен Әшімбаев мерейтой иесіне зор денсаулық және бақ-береке тіледі.
Іс-шара барысында Мұхтар Алтынбаевты әріптестері, Сенаторлар кеңесінің мүшелері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері, әскери қызметтегі достары құттықтап, жылы лебізін айтты.