Дегенмен қаладағы қаһарлы қыс – коммуналдық қызмет үшін нағыз сынақ. Төпелеп жауған қалың қар, шыңылтыр аяз кейде қала халқын да әбіржітіп жіберетіні бар. Қарбаласы көп қалада ауа райының нашарлауына қарамастан, тұрғындардың жайлы, сапалы өмірін қамтамасыз етуде елордалық коммуналдық қызметтің еңбегі ерен. Қыс бойы уақытпен санаспай, күшейтілген ауысымдық режимде жұмыс істейді.
Әсіресе, жолды тазалаушы қызметкерлер таңғы сағат 6-дан бастап жұмысқа шығады да, бірінші ауысымда 500-ден астам жұмысшы, 8-ден бастап екінші ауысымда 400-ден астам арнайы техника көшелерді тазалауға кіріседі. Олар күн сайын қаладан мыңдаған текше метр қар мен мұз шығарады. Мәселен, 9-ынан 10 желтоқсанға қараған түнде елордадан 786 рейспен 10 мың текше метр қар шығарылса, 10 желтоқсандағы күндізгі ауысымда қар тазалау жұмысына 2,7 мыңнан астам жол жұмысшысы және 1,1 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылған. Ал қыс мезгілінің басынан бері қаладан 74 120 рейспен 941 мың текше метр қар шығарылған. Жалпы, «Астана Тазалық» санитарлық тазалау қызметі Астана қаласы көшелерінің 40 пайызын қамтамасыз етеді.
Қала көшелеріндегі мұндай тынымсыз еңбектің артында «Астана Тазалық» мекемесі қызметкерлерінің қажырлы мен қайраты, жұмыстағы «жұдырықтай жұмылған» ынтымағы тұрғаны анық. Олар қаланы жазда қоқыстан, қыста омбы қардан опыра тазартуға білек сыбана кіріседі. Қаланың маңызды деп саналатын даңғылдары мен көшелері, алаңдар мен жаяу жүргіншілері жолдарын тазалауға «Астана Тазалық» мекемесінің санитарлық тазалау учаскесінің жол жұмысшысы Марал Күлпейсованың да сіңірген еңбегі бар. Көп жылдар бойы қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету ісіне мен елорданың таза әрі көркем бейнесін қалыптастыруға сүбелі үлес қосып келеді. Ол бүгінде адал еңбек пен табанды жауапкершілігінің арқасында беделі өсіп, ұжымда үлкен құрметке ие болып отыр. 13 жыл бойғы қажырлы еңбек Марал Айтбайқызының қадірін арттырды, еңбегі әділ бағаланды. Биылғы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында М.Күлпейсованың кәсіби жауапкершілігі Астана қаласы әкімінің назарына ілігіп, Республика күні қарсаңында қала басшысының алғысхатымен марапатталды.
Марал Айтбайқызы ұзақ жылдар бойы еткен еңбек пен төккен тердің жоғары бағаланып, марапат иесі болған сәттегі қуанышын ерекше толқыныспен еске алып:
– Бала арманым актриса болу еді. Бірақ мен сияқты қаладан жырақ ауыл баласы үшін ол арманым тәтті қиял күйінде қалып қойды. Бірақ екшқашан өкінген емеспін. Қандай жұмыс істесем де адалдыққа, жауапкершілікке, еңбекке құштар болдым. Ұзақ жылдар бойы еткен еңбек, төккен тердің жоғары бағаланғанын көріп, қатты қуандым. Ұжымым қолдап, әріптестерім әспеттеп жатты. Үлкен мінберде марапат алуым, өзіме, еңбегіме деген құрметімді арттырды, ризашылық сыйлады. Барлығына алғысым шексіз. Жастарға еңбекте адал, ұқыпты болыңдар, жалқау болмаңдар дегім келеді, – деді ол.
«Еңбек – ер мұраты» дейді емес пе халқымыз. Еңбекпен есейіп, еліне қалтқысыз қызмет еткен Марал Айтбайқызы – отбасының ұйытқысы, шаңырақтың жылуы, аяулы ана, ардақты әже! Елдің алғысын арқалап, құрметке бөленіп жүрсе де әр кез кішіпейіл, мейірімді қалпын сақтаған ананың айтары көп.
– Алғаш еңбек жолымды балабақшада тәрбиеші болып бастадым. Кейін емханада жұмыс істедім. 2009-2012 жылдары «Астана-Зеленстрой» мекемесінде, 2012 жылдан бастап «Астана Тазалықта» жұмыс істеп келемін. Еңбек жолымда жақсы адамдарға жолықтым. Мен үшін әріптестеріммен шүйіркелесіп, шай ішкен, ашық жарқын сырласқан сәттер қымбат. Ұжымдағы бірге өткізген кездерді, мерекелерді, туған күндерді ерекше еске аламын. Адамның бақытты сәттерінің көп болуы өзіне байланысты. Әр атқан күн мен батқан күннің қадірін білуіміз, бағалай білуіміз керек деп ойлаймын, – дейді кейіпкеріміз.
«Еңбек ерді көтерер, ер елді көтерер» дейтін болсақ, Марал Айтбайқызы да еңбегімен еліне елеулі болған жан екені сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман – ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек» деген еді.
Әрбір адамның қиындығы мен қызығы мол еңбек жолында үздіксіз ізденіс, табандылық пен жауапкершілік бары рас. Ал табан ақы, маңдай тердің өтеуі алғыспен астасып, құрметтеліп жатса, еңбек адамы үшін одан асқан рақат жоқ та шығар...
Тілек ҚАБЫЛ