Іс-шараны «AMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалының төрағасы Ерлан Жүнісов ашып жүргізіп отырды. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Ғани Құрманбай және ауданның құрметті азаматтары, зиялы қауым өкілдері, бапкерлер мен ұстаздар, жас спортшылар қатысты. «Бүгінгі кездесудің басты мақсаты біздің аудан жастарына жігер беру, еңбекпен келген жеңістің қадірін түсіндіру және спорттың, жалпы дұрыс жолдың қандай үлкен мүмкіндік сыйлайтынын көрсету болып отыр. Әлемдік деңгейде ел намысын қорғап жүрген қос чемпионның жетістігі әрбір қазақ баласы үлкен белесті бағындыра алатынын дәлелдейді. Біз, партия филиалы, осындай жүздесулер арқылы жас буынның бойына рух, намыс, табандылық дәнін сепкіміз келеді. Спортты қолдау жастарды қолдау деген сөз. Ал жастарымыздың мықты болуы елдің ертеңінің жарқын болуы», – деп атап өтті филиал төрағасы Ержан Жүнісов.
Аудан әкімінің орынбасары Ғани Құрманбай әлем чемпионы атанған жерлестеріміз тек спорттағы мықтылықтың ғана емес, табандылық, тәртіп және отансүйгіштіктің үлгісі екенін атап өтті.
Ел жастарын табысқа, жетістікке, ең бастысы отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында өткен кездесудің өзі жастардың бойына жігер, намыс, еңбек етуге деген талап ұялатты. Жас спортшылар чемпиондарға өздері қызықтырған жеңіс жолындағы қиындықтарды, қызықтары тұрғысында түрлі сауал қойып, жауаптарын алды. Чемпиондар Махмұд пен Төрехан өздерінің өмірлік тәжірибелері, қиындықтары мен табысқа жеткізген табандылықтары туралы шынайы әңгіме айтты. Әлем чемпиондарының әр сөзі жастарға шабыт сыйлап, олардың бойында жаңа мақсат қалыптастырғаны анық байқалды.
Кездесуге қос спортшының әкесі әрі алғашқы бапкері Айдархан Сабырханұлы да қатысты. Ол ұйымдастырушыларға алғыс айтып, ұлдарының жетістігі жан-жақты қолдаудың, тәртіп пен тынымсыз еңбектің нәтижесі екенін ерекше атап өтті.
Жиында Түлкібас ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Келесбек Жартыбаев, сондай-ақ ішкі істер органдарының ардагері, партия ардагері Өтепбай Маткерімов сөз сөйлеп, ел намысын асқақтатқан чемпиондарға алғыстарын білдіріп, алдағы байрақты бәсекелерде жеңісті күндер тіледі.
Кездесу соңында жас спортшылар чемпиондармен естелік суретке түсіп, бокс қолғаптарына қолтаңба алды. Бұл тек спортшылармен жүздесу емес, «AMANAT» партиясының жастарға бағытталған жүйелі қолдауының көрінісі, жас буынды жігерлендіруге, патриоттық рухты күшейтуге арналған маңызды қадам. Түлкібастың жастары үшін бүгінгі шара елге қызмет етіп, жеңістің биігіне жетуге болатынын дәлелдеген жарқын мысал болды.
Елнар ЕЛТАЙ