Елдің транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында алдағы 3-5 жылда екі негізгі бағытқа назар аударылып отыр. Олар – Транскаспий халықаралық көлік бағыты және Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің шығыс тармағы.
Транскаспий көлік бағытындағы оң өзгерістер туралы Aikyn.kz хабарлайды.
Жоғарыда аталған бағыттар арқылы Қазақстан тек транзиттік мемлекет қана емес, Батыс пен Шығыстан ағылған жүкті шоғырландырып, тарату орталығы ретінде өз рөлін күшейтуді көздейді.
Президент Жолдауда көлік-логистика саласын дамытуға айрықша тоқтала келіп: «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізі Парсы шығанағы мен Оңтүстік Азия елдерінің нарығына тікелей жол ашады. Ал «Шығыс-Батыс» дәлізі мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасы Қазақстанның Еуразиядағы негізгі құрлық жолы ретіндегі рөлін күшейте түседі. Сондай-ақ біз үшін Транскаспий көлік бағытын дамытудың маңызы арта бастады. Бұл бағыттардың бәрі біртұтас жүйе сияқты жұмыс істеп, елімізге едәуір табыс әкелуі керек», – деді.
Транскаспий халықаралық көлік бағыты немесе Орта дәліз – Қазақстан үшін Батыс тарабына қарай негізгі транзиттік бағыт. Ол Қытай мен Орталық Азияның жүктерін Каспий порттары арқылы Оңтүстік Кавказ және Еуропа нарықтарына жеткізуді қамтамасыз етеді.
Көлік министрі атап өткендей, транзиттік жүктердің көлемі 29,4 млн тоннаға жеткен.
«Биылғы 10 айда көлік қызметтерінің көлемі 20,7%-ға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 18,4%-ға артты. Ал транзиттік жүктердің көлемі 29,4 млн тоннаға жетіп, оның өсу деңгейі 5%-ды құрады», – деді Нұрлан Сауранбаев.
2021-2024 жылдар аралығында Орта дәліздегі жалпы жүк ағыны 0,84 млн тоннадан 4,5 млн тоннаға дейін өсті. 2025 жылға болжам – 5,2 млн тонна. 2030 жылға қарай осы бағыт бойынша жалпы жүк ағынын 10-11 млн тоннаға жеткізу және Қазақстанның құрлық-теңіз хабы ретіндегі рөлін бекіту жоспарланып отыр.
Осы бағыттағы инфрақұрылымды дамытуға қатысты үлкен жобалар жүзеге асырылмақ. Ол – Достық-Мойынты учаскесінің өткізу мүмкіндігін тәулігіне 60 жұп жүк пойызына дейін арттыру, Бақты-Аягөз және Қызылжар-Мойынты желілері арқылы Қытаймен байланысты күшейту, Ақтау және Құрық порттарының өткізу мүмкіндігін 21-23 млн тоннадан 2028-2030 жылдары 30 млн тоннаға дейін арттыру, сондай-ақ Құрық портындағы «Саржа» терминалы мен Ақтаудағы контейнерлік хаб сияқты жаңа астық және мультимодальды терминалдарды құру.
Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің шығыс тармағы
Бұл тармақтың еліміз үшін стратегиялық маңызды зор. Сондай-ақ ол Үнді мұхитына транзитті қамтамасыз етеді. Қазақстан бұл бағытты дамытуға айрықша маңыз бере отырып, оның өткізу мүмкіндігін арттыру үшін көршілес елдермен тұрақты келіссөздер жүргізіп келеді. 2023 жылы Қазақстан аумағы арқылы шығыс тармақ бойынша тасымал шамамен 2,1 млн тонна болды, ал 2024 жылы 2,4-2,5 млн тоннаға жетті.
Үкіметтің мәліметінше, еліміз арқылы шығыс тармақтың қазіргі өткізу мүмкіндігі – жылына шамамен 6 млн тонна.
2024 жылы Иранның қатысуымен төртжақты «Жол картасы» жасалды. Ол шығыс маршрутының әлеуетін 2024-2025 жылдары синхронды дамытуға бағытталған. Қазақстан, Ресей, Түрікменстан және Иран 2024 жылы қол қойған Жол картасы маршруттың жалпы өткізу қабілетін 2027 жылға 15 млн тоннаға, 2030 жылға 20 млн тоннаға жеткізуді көздейді. Қазақстан өз аумағындағы учаскелерді жаңғырту, көршілес елдермен параметрлерді синхрондау және қажетті қызмет деңгейін қамтамасыз ету міндеттерін атқарады.
Сонымен қатар тарифтік және институционалдық құралдар қолданылады. 2024 жылы Солтүстік-Оңтүстік арқылы Қазақстан транзиті бойынша 50 пайыз жеңілдіктер енгізілді, сондай-ақ шығыс тармақта орташа дәліздегі консорциумға ұқсас біртұтас логистикалық оператор құру жұмысы жүргізілуде.
Шекарааралық хабтарды дамыту стратегиясы
Қазақстан ел ішіндегі негізгі логистикалық түйіндерді күшейтіп, көршілес мемлекеттермен байланыстарды нығайту арқылы хабтарды дамытады. 2027 жылға дейін үш ірі логистикалық хаб іске қосылады, оның ішінде Central Asia хабы (Өзбекстан шекарасы), Иран және БАӘ порттарымен байланыстарды күшейту жоспарлануда.
Инфрақұрылымдық жобаларға Дарбаза-Мақтаарал желісін салу, құрғақ порттар мен терминалдарды дамыту, қойма алаңдары, тарату кешендері, мультимодальды хабтар құру кіреді. Ішкі байланысты дамытуға теміржол учаскелерін жаңғырту, айналып өту жолдарын салу, ірі қалалардың логистикалық түйіндерін күшейту, Каспий порттарының қуатын арттыру, әуежайларды мультимодальды жүйеге интеграциялау жатады.
«Мемлекет басшысы еліміздің көлік-логистикалық мүмкіндіктерін дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Теміржол тасымалы нарығы жыл сайын бәсекеге қабілетті бола түсуде. Осыған орай, шекара маңындағы инфрақұрылымдық «осал тұстарды» ретке келтіріп, әсіресе «Шығыс-Батыс» бағыты бойынша транзит көлемін арттыруымыз қажет, – деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.
Премьер-Министрдің мәлімдеуінше, биыл бірқатар ірі жобалар – «Достық-Мойынты» және «Алматы қаласының айналма жолы» іске қосылады. Сондай-ақ «Дарбаза-Мақтаарал» және «Бақты-Аягөз» теміржол желілері салынуда.
Қытайға теміржол экспорты 11%-ға өсті. Бұл туралы «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов мәлімдеді.
Оның айтуынша, 11 айдағы көрсеткіш шақырымына 264 млрд болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,4%-ға жоғары.
«Елдің жүйе құраушы кәсіпорындарынан экспорттық жүктерді тасымалдау 80 млн тоннаны (+6,5%) құрады. Бұл ретте ең белсенді динамика шығыс бағытта байқалады. Сауда-саттыққа ұзындығы 836 шақырым болатын Достық-Мойынты учаскесінде жұмысшы қозғалысы ашылған екінші жолдардың құрылысы аяқталды. Бұдан бөлек, жылдың 11 айында транзит тасымалы да жыл сайын артып отыр. Достық-Мойынты учаскесіндегі екінші жолдардың ашылуы серпін беріп, Қытайға бағытталатын Отандық экспорт 11% өсті», – деп атап өтті Талғат Алдыбергенов.
Бұл жобалар күрделі учаскелер мен түйінді тораптардың жүктемесін азайтып, транзиттік ағынды едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.