Қарағанды облысында төрт жұмысшыны жүк пойызы қағып, мерт болды

Машинист тежегішті шұғыл басқанымен, тонналап жүк артқан пойызды тоқтату мүмкін болмаған көрінеді.

Қарағанды облысында жүк пойызы жол бригадасының төрт жұмысшысын қағып кетті. Өкінішке қарай, төртеуі де көз жұмды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Қайғылы жағдай Шет ауданына қарасты Қаражыңғыл стансасының темір жолында болған. Жұмысшылар аумақта жоспарлы рельс ауыстыру жұмыстарын жүргізіп жатқан екен. Машинист тежегішті шұғыл басқанымен, тонналап жүк артқан пойызды тоқтату мүмкін болмаған көрінеді.

Оқиға салдарынан тағы 3 адам жарақат алды. Олардың екеуі ауруханаға жеткізілген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы «жұмысшылардың жағдайы қазір бірқалыпты» деп мәлімдеді. Апат себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қаза тапқандардың отбасыларына қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.  

«Көліктегі полиция департаментімен темір көлігімен қозғалыс ережесінің бұзылуы салдарынан екі немесе одан көп адамның қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір уақытта орын алған оқиғаның себептері мен салдарын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізілуде», - деді ҚР ІІМ  Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Мәлік Қайбар.