Қостанайда күн электр стансасы іске қосылды

Қостанай облысында қуаты 22,6 МВт болатын күн электр стансасының (КЭС) құрылысы аяқталды.

Жоба Солтүстік Қазақстандағы ең ірі жаңартылатын энергия нысанына айналды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Стансаны салтанатты түрде іске қосу рәсіміне Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев қатысып, жобаның өңірлік энергетика мен өнеркәсіптің тұрақты дамуы үшін маңыздылығын атап өтті.

Күн электр стансасы компанияның декарбонизация бағдарламасы аясында салынып, «Варваринское» АҚ-ның «жасыл» электр энергиясына көшуіне бағытталған. КЭС жылына шамамен 28,5 млн кВт·сағ электр энергиясын өндіреді, бұл кәсіпорынды күндізгі уақытта жаңартылатын көздерден толық дерлік қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жоба аясында жалпы ауданы 98 000 м² болатын 36 000-нан астам күн панелі орнатылды.

Сонымен бірге жоба құрамында қуаты 40 МВт болатын маневрлік газопоршенді электр стансасының (ГПЭС) құрылысы қарастырылған. Оның іске қосылуы 2026 жылға жоспарланған. Газ стансасы күн стансасының тәуліктік өндіру көлеміндегі өзгерістерді теңестіріп, «Варваринское» АҚ-ның түнгі, таңертеңгі және кешкі уақыттағы энергия қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ пик сағаттарда АО KEGOC жүйелік операторы үшін реттелетін қуат беретін болады. Бұл — елде «жасыл» энергия өндірісі мен маневрлік газ стансасының қуатын біріктіретін алғашқы жобалардың бірі.

«Варваринское» АҚ-ның таза энергия көздеріне көшуі кәсіпорынның жанама парниктік газдар шығарындыларын 50%-ға қысқартады. Ал Solidcore Resources тобы бойынша тікелей және жанама шығарындылар 16%-ға төмендейді.

Жобаны Solidcore Resources компаниясының еншілес құрылымы — Altyn Solar Energy ЖШС жүзеге асыруда. Бас мердігер — Hi-Teck Qazaqstan ЖШС. Құрылыс кезеңінде 70 жұмыс орны ашылып, станса іске қосылғаннан кейін 16 тұрақты жұмыс орны қамтамасыз етіледі.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.