«Ақшаңды көбейтіп, пәтер әперемін» деп алдаған алаяқ әйел ұсталды

Қазіргі уақытта құлсарылық 13 жәбірленуші полицияға арызданып отыр.

Атырау облысы Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында ірі көлемдегі алаяқтық схемасы әшкереленді. 

Атырау облыстық прокуратурасының мәліметінше,  биылғы мамыр айынан қазан айына дейін Д. есімді жергілікті тұрғын құлсарылықтарды «арзан бағамен баспана әперемін» немесе «қаражатты инвестициялау арқылы көбейтіп беремін» деп сенімге кіріп, ірі көлемде қаржы жымқырған. Қазіргі уақытта 13 тұрғын полицияға жүгінген.

«8 қарашада азаматша Д.-ға қатысты ҚР ҚК-нің 190-бап 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша – аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеуді Жылыой аудандық Полиция басқармасы жүргізіп жатыр. Әлеуметтік желілерде тараған видеода аталған өзге мемлекеттік орган қызметкерлерінің қатысы бар-жоғы тергеу барысында анықталатын болады», – деп хабарлады прокуратура.

Айта кетейік, жыл басынан бері Атырау облысында 1 718 алаяқтық дерегі тіркелсе, соның 138-і Жылыой ауданына тиесілі.

Баян Жанұзақова, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.