Астана қаласындағы №109 «Келешек мектебі» елімізде алғашқылардың бірі болып жапондық Кумон оқыту жүйесін енгізді. Бұл әдістеме оқушылардың базалық математикалық дағдыларын дамытуға бағытталған. Осылайша, оқушылар шағын тапсырмалар арқылы күрделі есептерді шығаруды үйренеді. Пилоттық жоба биыл қыркүйек айында Chevron және INPEX компанияларының қолдауымен бастау алған, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оқушылар Кумон әдісі бойынша тапсырмаларды орындауға күнделікті 15 минутын арнап, аптасына бір жарым сағат уақытын математикалық қабілетін шыңдауға жұмсайды. Мамандардың айтуынша бұл уақыт тұрақты оқу әдетін қалыптастыру үшін жеткілікті. Балалар тапсырмаларды арнайы планшетпен өздігінен орындайды, ал жауабы автоматты түрде тексеріледі. Мұғалімдер оқушының көрсеткішін бақылай отырып, қажет болған жағдайда оқу траекториясына түзету енгізе алады.
Chevron және INPEX компанияларының қолдауымен жапондық оқыту әдістемесі қазақстандық оқушыларға да қолжетімді болды. Жоғарыда айтқандай, әзірге жоба пилоттық режимде іске асырылуда. Қыркүйекте басталған жобаның алғашқы нәтижелері белгілі болды. Мұғалімдердің айтуынша, оқушылар жоспарланған көрсеткіштен біршама алда келеді. Жобаға қазақ және орыс топтарынан 3-сыныптың 39 оқушысы қатысып жатыр.
– Оқу жылының басында біз IMPEX және жапониялық KUMON білім беру институты, сондай-ақ «Білім керуені» қорымен бірлесе отырып осы маңызды жобаны қолға алып, Кумон әдістемесін Қазақстанда іске қостық. Бүгін алғаш рет Астанада жүзеге асырылған пилоттық жобаның нәтижелерімен танысып отырмыз. Бұл білім беру саласындағы бастама ғана емес, индустрия көшбасшылары мен білім беру саласындағы инноваторлардың ортақ мақсат аясында біріге алатынын көрсетеді. Кумон арифметика және сыни ойлау дағдыларын дамыта отырып, аса маңызды ресурс – Қазақстандағы адам капиталының дамуына үлес қосады. Бұл өз кезегінде Chevron үшін өте маңызды. Себебі Chevron Қазақстанның энергетика саласынан бөлек, оның әлеуметтік дамуына да үлес қосатын серіктес болуды көздейді. Біздің ойымызша, өскелең ұрпақты, оның ішінде жас дарындарды қолдау және олардың тәрбиесіне үлес қосу болашақта ғалымдар мен инноваторлардың өсіп шығуына зор үлес қосады, – деп атап өтті Шеврон Еуразия вице-президенті Дилан Морган.
Кумон әдісінің тиімділігі әлемнің 60-тан аса елінде мойындалған. Оның негізгі қағидаттары: тақырыпты толық меңгеру, материалды біртіндеп күрделендіру және баланың өз бетінше жұмыс істеуі. Әр елдің аймақтық және білім беру жүйесіндегі өзіндік ерекшеліктеріне қарамастан, нәтижелі әрі тиімді әдіс саналады. Мамандардың айтуынша, Кумонның халықаралық деңгейде табысты нәтиже көрсетуі оның негізгі қағидаларының әмбебап болуына байланысты.
– Қыркүйек айында пилоттық жұмысқа 3-сыныптан қазақ және орыс тобын алдық. Сынып жетекшілеріне алдын ала арнайы тренингтер өткізілді. Жоба басталғалы үш ай ғана өтсе де, жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Кумон әдістемесі дәстүрлі оқу форматын алмастырмайды, тек қосымша оқу бағдарламасы ретінде жүреді. Ол санау және когнитивті емес дағдылар, яғни, сыни ойлау, тұрақтылық, табандылық сияқты дағдыларды қалыптастыруға негізделген. Нәтижені бағалау үшін Кумон әдісімен оқыған оқушылар мен бұл жүйемен оқымаған топтар арасында салыстыру тестін өткіздік. Соның нәтижесінде Кумон әдісімен оқыған топ есеп шығаруда дәлдік пен жылдамдық бойынша жақсырақ көрсеткіш көрсетті, - деп нақтылады KUMON институтының әдәскері Йоске Сугава.
Кумон әдісімен оқыған топтарға сабақ берген мұғалімдердің айтуынша, оқушылардың мінез-құлқында да өзгерістер байқалған. Оқушылар көбірек зейін қойып тыңдай бастаған және жауапкершілігі артып, өз уақытын тиімді басқару бойынша да өзгерістер болған.
– Менің ойымша Кумон Қазақстанның білім беру саласындағы негізгі мақсаттарына жетуге, STEM саласы бойынша оқушылардың дағдыларын дамтытуға мүмкіндік береді. Бұл жоба білім берудің ұлттық бағдарламасын одан әрі күшейтуге негіз бола алады. Сол себепті Chevron мен INPEX коспаниясының бастамасын жоғары бағалаймын, - дейді Йоске Сугава.
Chevron компаниясының өклі Лейла Айтмұханованың айтуынша, олар басынан-ақ пилоттық жобаны мемлекеттік мектепте іске асыруды көздеген.
– №109 мектепті Оқу-ағарту министрлігімен бірлесе отырып таңдадық. Жобаны қолға алғанда алдымен Астанадағы мектеп бастауды жөн көрдік. Сол үшін осы мемлекеттік мектепті таңдап алып, екі сыныпта Кумон әдісі арқылы оқытуды бастадық. Мамандар да, ұстаздар мен ата-аналар да осы уақыт аралығындағы нәтижені жақсы бағалап отыр. Әрі қарай да жобаны жан-жақты бағалап, тиімділігіне қарай басқа да мектептерде жүзеге асыруымыз мүмкін. Пилоттық жоба ақпан айында аяқталады. Ал наурыз айында толық нәтижені талдап, сол бойынша мемлекеттік органдармен бірлесе отырып шешім қабылдайтын боламыз, - деп түсіндірді Лейла Айтмұханова.
Мұғалімдер өз кезегінде баланың сабаққа деген құлшынысы артып, ойша есептеу мен есте сақтау қабілетінің жақсарғанын айтты. Ал ата-аналар балалар көбейту кестесін жеңіл меңгеріп, тапсырмаларды өздігінен орындауға бейімделгенін жеткізді.
– Кумон әдісі арқылы оқушылардың математикалық қабілеттері және цифрлық ресурстармен жұмыс істеу дағдысы артып, тұрақты әдет қалыптастырып үйренді. Берілетін есептер қарапайым тапсырмадан басталып, күрделене береді. Әр баланың деңгейі әртүрлі болатыны түсінікті. Кумон бойынша әрқайсысы жеке планшет арқылы жұмыс істегендіктен, бір-бірін күтпей, тапсырманы дұрыс орындаған жағдайда алға қарай жылжи береді. Мысалы қазір кейбір балалар ағылшын тіліндегі тапсырмаларға ауысып жатыр. Яғни, жүйе әр баланың қабілетіне қарай бейімделеді, - дейді №109 орта мектептің директоры Жанар Ермұхамбетова.
Жоба ұйымдастырушылары бастапқы кезеңде оқушылардың күнделікті тапсырмаларды орындауға дағдылануы және мұғалімдердің платформадан орындалған тапсырмаларды тексеруге бейімделуі бойынша аздаған қиындықтар болғанын жасырмады.
Бұл мәселелерді шешу үшін тапсырмаларды орындау және жүйеге бейімделу кезінде оқушыларға жан-жақты көмек көрсетіліп, қосымша ынталандыру ретінде сертификат беру әдісін пайдаланған.
Кумон жүйесінің тапсырмалары толықтай планшетте онлайн орындалатындықтан жеке деректтердің таралу қаупі болатыны анық. Жоба ұйымдастырушылары мұны да ерекше назарға алған. Сәйкесінше, платформаға оқушыларды тіркеу кезінде жеке мәліметтердің жария болуын болдырмас үшін шифрланған атаулар (мысалы, Student 1, Student 2) қолданылған.
Кумон әдісін енгізу барысында мектептегі «Математика» пәнінің бағдарламасына өзгеріс енгізілмейді. Себебеі ол күнделікті 15 минуттық математикалық жаттығу форматында жүргізіледі. Ал оны математика сабағы кезінде қолдану немесе үзіліс кезінде қосымша тапсырма ретінде орындату туралы шешімді мектеп әкімшілігі өзі қабылдайды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған «Келешек мектептері» республикалық деңгейде ерекше назар аударылып отырған мектептер желісі. Сондықтан кумон жүйесінің дәл осы білім ордасында бастау алуы біз үшін өте маңызды. Жбаның тиімділігін анықтау үшін үш аздық етеді. Дегенмен, алғашқы нәтижелер жаман емес. Алдағы уақытта біз де өз тарапымыздан ұсыныстар әзірлеп, кумон әдісін қазақстандық білім жүйесіне беймідеу бойынша жұмыс жүргізуге дайынбыз. Себебі бұл жоба оқушыларға арифметикалық жағынан математикалық сауаттылықты дамытуға оң әсерін тигізетін жоба деп сенемін, - деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Гүлбақыт Жүнісова.
Жалпы Кумон бағдарламасы 3-тен 18 жасқа дейінгі балаларға арналған. Көбіне екі негізгі пән бойынша қолданылады:
- Математика – сандық ойлау, жылдам есептеу және абстрактілі логикалық ойлауды дамыту.
- Ағылшын тілі (оқу/сауатты жазу) – сөздік қорды, мәтінді түсіну және аналитикалық ойлауды дамыту.
Көптеген елдерде бұл бағдарламаның мектепке дейінгі балаларға арналған түрлері де бар, ол ерте жастан сауаттылыққа, есептеу және оқу дағдыларын дамытуға бағытталған.
Жапонияда жүргізілген зерттеу нәтижесінде Токио университетінің студенттерінің үштен бірі Кумон мектебінің бұрынғы шәкірттері екені анықталған. Аталған университет әлемдік рейтингте 26-орындағы оқу орны.
Сонымен қатар, 2019 жылы Испанияда жүргізілген зерттеу Кумон бағдарламасын ерте жастан оқыған және сандық дағдыларды ерте дамытқан балалар кейін STEM бойынша түрлі артықшылыққа ие екенін көрсеткен.
Бұл зерттеулер Кумон әдістемесінің тек академиялық әсерін ғана емес, сонымен қатар күрделі академиялық бағыттарға, соның ішінде STEM-ге дайын, өзіне сенімді оқушыларды тәрбиелеудегі тиімділігін де көрсетіп отыр.