Президент Арал және Каспий теңіздерінде қалыптасқан экологиялық проблемаларға назар аударды

Президент су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән беру қажет деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев трансшекаралық суды пайдалану, Арал және Каспий теңіздерінде қалыптасқан экологиялық проблемаларға назар аударды, - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Akorda-ға сілтеме жасап. 

– Су тапшылығы үлкен проблемаға айналып келеді. Бұл ресурсты сақтау әрі ұқыпты пайдалану – еліміз бен аймақтағы өзге де мемлекеттер үшін стратегиялық, тіпті өмірлік маңызы бар басымдық. Өзге елдерде де солай деп ойлаймын. Трансшекаралық суды пайдалану проблемасын, Арал және Каспий теңіздерінде қалыптасқан экологиялық ахуалды уақыт оздырмай шешу мақсатында тиісті шаралар қабылдау қажет. Біздің пікірімізше, өзара мәмілеге негізделген бірлескен әрекеттер арқылы Халықаралық Аралды құтқару қорының тиімділігін арттыруға болады. Ресей Қор жұмысына байқаушы ретінде атсалысса, бұл іске септігін тигізер еді. Каспий теңізі қазіргідей тартыла берсе, бұл қауіпті құбылыстың экологиялық, әлеуметтік-экономикалық, тіпті саяси салдары ауыр болуы мүмкін. Қазақстан Каспий экожүйесінің бұзылуы мен теңіздің тартылуының алдын алуға бағытталған арнайы мемлекетаралық бағдарлама әзірлеу туралы бастама көтерді. Барша әлемдік қоғамдастықты осы бірегей су айдынын сақтап қалу жолындағы күш-жігерімізді қолдауға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері көлік-транзит әлеуетін күшейтіп жатқанына тоқталды. Ең алдымен, Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы байланысты нығайтуға баса мән беріледі.

Сонымен қатар, Президент Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағдарының мүмкіндіктерін дәйекті түрде кеңейтіп, теміржол, порт, автожол инфрақұрылымын жаңғыртып жатқанын, осылайша біртұтас транспорт жүйесін қалыптастыруға кіріскенін жеткізді. Мемлекет басшысы еліміз Орталық Азияның көлік жүйесін дамытудың кешенді стратегиясын әзірлеуге белсенді атсалысып жатқанына назар аударды. Мақсат – орнықты логистика бағыттарын толық іске қосу.