Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Үндістанның Нью-Дели қаласында өтіп жатқан ЮНЕСКО Үкіметаралық комитетінің ХХ сессиясында «Киіз үйді жасау және қолдану дәстүрі» аталымын кеңейту туралы шешім қабылданғанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесшісі Telegram парақшасында жазды.
– Оны беделді тізімге 2014 жылы Қазақстан мен Қырғызстан енгізген болатын. Бұл киіз үйді әлемдік мәдениеттің бір бөлшегі ретінде тану мүмкіндігін арттырады және Орталық Азия мұрасының ортақ екенін айғақтайды. Қазақстан осыған дейін ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларының репрезентативті тізіміне 14 аталым қосқан болатын. Еліміз аталған көрсеткіш бойынша 183 мемлекеттің ішінде үздік 25 елдің қатарында тұр.
Сонымен қатар қазіргі таңда Қазақстанның «Салбурын» ұлттық өтінімі және «Кесте тігу өнері» (Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан), «Киіз басу өнері» (Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Иран, Моңғолия, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан), «Алпамыс жыры» (Қазақстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан), «Тақия» (Қазақстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркия) аталымдары ЮНЕСКО-ның қарауында екенін айта кеткен жөн, – деп жазды ол.