Zmescience.com зерттеу материалының негізінде Aikyn.kz 318 жыл бұрын суға батқан кеменің қазынасы туралы жаңа деректер ұсынады.
Алтын, күміс және қымбат тастарға толы, бүгінгі бағамен 17 млрд доллар тұратын «Сан-Хосенің» қирауы біраздан бері қазына іздеушілердің, тарихшылар мен түрлі үкімет өкілдерінің назарын аударып келеді. Алайда бұл жаңалық – тек жоғалған байлық туралы емес. Осы зерттеу арқылы Испания империясының теңіз сауда желісі мен қазіргі әлемнің қалыптасуына ықпал еткен саяси, әскери және экономикалық тарихтың жаңа беттері ашылмақшы.
2025 жылдың қараша айында колумбиялық ғалымдар Кариб теңізінің түбінен «кемелер апатының Қасиетті Граалі» аталып кеткен жерден бір зеңбірек, үш теңге және фарфор тостағанды көтеріп шықты. Бұл табылған олжалар, теңіз түбінде әлі де жатыр деп болжанатын миллиардтаған долларлық алтын-күміспен салыстырғанда, аса көп емес. Бірақ бұл үлкен қазынаның бастауы сияқты.
«Сан-Хосе» жай ғана кеме болған жоқ. 1708 жылы ол Перу вице-корольдігін Еуропамен жалғаған, испан тәжінің монополиялық тасымал жүйесі – «Тьерра Фирме» флотының флагманы болды. «Сан-Хосе» Испанияның соғысын қаржыландыру үшін қазына тиеп, Еуропаға бет алған кезде, Колумбия жағалауында британдықтар тарапынан суға батырылды. Ол Оңтүстік Американың түкпір-түкпірінен жиналған тауарлар мен патшалық қазынаны Панамадағы Портобело порты арқылы Кариб теңізіне жеткізеді. Содан кейін 18 кемеден тұратын керуеннің құрамында Картахенаға, одан әрі Испанияға жол тартуы тиіс болатын.
Бірақ олар өз еліне жете алмады. Испанияның империясын күшейту соғысы жүріп жатқан шақта, 8 маусым күні, флотқа бес британдық соғыс кемесі шабуыл жасайды. «Сан-Хосе» қарсы оқ атады, алайда оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс галеонды қақ бөледі. Кеме 600-ге жуық теңізшісімен және трюмдегі шамамен 200 тонна алтын, күміс қазынасымен су түбіне кетеді.
300 жылдан астам уақыт бойы бұл кеменің тағдыры жұмбақ болып келді. 2015 жылы Колумбия үкіметі Картахена жағалауында қираған кеменің табылғанын жариялады. Одан кейін Колумбия Әскери-теңіз күштері мен мәдени мұра институттарының ғалымдары бірқатар зерттеулер жүргізді. Saab Seaeye Lynx деп аталатын қашықтан басқарылатын аппаратты қолдана отырып, команда 2021 және 2022 жылдары төрт рет терең су астына зерттеу жүргізді. Олар зеңбіректердің, фарфор бұйымдарының, жеке заттардың және ондаған алтын теңгенің суреттерін түсіреді. Алтын тиындар апат аймағының үш жерінен табылған.
Дәл осы теңгелер «Сан-Хосенің» тұлғасын анықтауда шешуші рөл атқарды. Зерттеушілер теңіз түбіндегі жоғары дәлдіктегі түсірілім мен фотограмметрия әдісін пайдаланып, Испанияда макукинас деп аталатын, қолмен соғылған теңгелер – кобтардың үш өлшемді үлгілерін жасады. Олар Испания отарларында 200 жылдан астам уақыт бойы айналымда болған заңды валюта болған.
Тиынның алдыңғы бетінде Иерусалим кресі, оның айналасында Кастилия мен Леонның гербтік белгілерін білдіретін қамалдар мен арыстандар бейнеленген. Артқы бетінде толқынды теңіздің үстінде биіктеп тұрған, тәж киген Геркулес тіректері (бағаналары) және олардың шыққан жерін көрсететін әріптер жазылады.
Ең маңызды айғақтардың қатарында – Лима қаласын білдіретін «L» әрпі, номиналы сегіз эскудо екенін көрсететін «8» саны және 1707 жылы Лима Монета сарайының бас сарапшысы болған Франсиско де Хуртадоны білдіретін «H» әрпі бар. «Бір монетада «8» санының жанында осы сарапшының белгісі болған кішкентай шар бейнеленген», – деп жазады зерттеушілер.
Осы таңбалардың жиынтығы, сондай-ақ соғылған жылы (1707 жыл) кеменің «суға батқан уақытының анықтауға» көмектесті деп есептейді зерттеудің жетекшісі Колумбия Әскери-теңіз күштері мен Антропология және тарих институтының теңіз археологі Даниэла Варгас Ариса. Бұл кеменің осы жылдан кейін суға кеткенін білдіреді.
«Сан-Хосенің» тарихтан белгілі тағдыры мен «Тьерра Фирме» флотының тарихи жүк манифестері қираған кеменің шынында да аңызға айналған галеон екеніне нақты дәлел болады.
«Бұл – ұзақмерзімді жобаның алғашқы қадамы ғана», – деп жазады Варгас Ариса мен оның әріптестері.
Жуырда «Сан-Хоседен» алғашқы артефактілер су бетіне көтерілді. Бір зеңбірек, үш монета және нәзік фарфор тостаған. Үш монета – кеменің биылғы көктемде атауын, кімге тиесілі екенін растаған. Олар Лима монета сарайында соғылған макукина теңгелеріне ұқсас зертханалық жағдайда сақтаулы.
Операция аса құпия жағдайда жүргізілуде. Кеме жатқан жердің координаттары Колумбия Әскери-теңіз күштерінде құпия сақталады және ядролық кодтар сияқты қатаң қорғалады. Қалдықтарды көтерудің күрделі операциясында мұнай компаниялары мен океанографиялық институттар қолданатын қашықтан басқарылатын аппараттар қолданылды. Қазір артефактілер Картахенадағы арнайы консервация зертханасында тұр. Ғалымдар оларды баяу тұзсыздандырып, тұрақтандыру үстінде. Зерттеу нәтижелері Antiquity журналында жарияланды. Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.