Еліміз 2030 жылға қарай сауда саласын цифрлық технологияларға негізделген, ашық әрі тиімді экожүйеге айналдыруды көздеп отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Сауда бүгінгі таңда ел экономикасының ең ірі секторларының бірі болып қала береді. Үкімет бекіткен жаңа тұжырымдама 2025 жылғы 27 қарашадан бастап күшіне енді.
«Тұтынушыларға арналған қызметтер мен сауда-саттықтың мүмкіндіктері толық пайдаланылса, экономиканы дамыту, салық түсімдерін арттыру және халықты жұмыспен қамту шаралары тезірек нәтиже береді», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Үкіметтің мәліметінше, сауда саласы ел экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие. 2024 жылы бұл салада 1,5 миллионнан астам адам жұмыс істеп, ол жалпы жұмыс істейтіндердің 16,6 пайызын құрады. Соңғы он жыл ішінде сауда саласында 228 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Бұған қоса, өткен жылы секторда 806 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, бұл елдегі барлық кәсіпорындардың үштен бірінен астамын қамтыды.
Осы орайда Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қазіргі ахуалға қатысты сауда өсіміне көбірек үлес қосып келе жатқан өңірлерді атады.
«Оң динамика есептік кезеңнің барлық айларында сақталып, тұрақты тұтынушылық белсенділікті және ішкі нарықтың дамуын көрсетеді, оның ішінде электрондық сату арналары арқылы жүзеге асырылуда. Өсім елдің барлық өңірлерінде байқалады. Сауда өсіміне ең көп үлес қосқан өңірлер — Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен Атырау және Қарағанды облыстары. Аталған бес өңірдің үлесіне жалпы сауда көлемінің 71,3%-ы немесе 37,6 трлн теңгені құрады», - деді Арман Шаққалиев.
Сауда саясатының миссиясы қандай?
2030 жылға дейінгі сауда саясатының басты миссиясы – ішкі және сыртқы нарықтарда тауарларды өндіру, сақтау және өткізу арасындағы тұрақты әрі ашық байланысты қамтамасыз ету.
Мұндай жүйе барлық қатысушылар үшін тиімді болуға тиіс. Мысалы, тұтынушылар отандық және шетелдік тауарларға әділ бағамен қол жеткізсе, өндірушілерге тауарды өткізу арналары алдын ала болжамды деңгейде ұсынылуы тиіс. Ал бизнес үшін заңды әрі ыңғайлы жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жағдайлар жасалады.
Тұжырымдамада сауда саласының цифрлық технологияларға сүйенген, жоғары тиімділікті мақсат ететін, адал бәсекелестікті сақтайтын, тұтынушылардың мүддесін қорғайтын, отандық өндірісті қолдайтын және Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі сауда-логистикалық хабқа айналдыруға бағытталған экожүйені қалыптастыру міндеті қойылған.
Үш негізгі бағытқа басымдық беріледі
Тұжырымдамада сауда саласы дербес экономика саласы ретінде қарастырылып, оның өзіндік басымдықтары мен сын-қатерлері және даму стратегиясы айқындалған. Негізгі мақсат – елдің және азаматтардың экономикалық мүдделерін қорғау. Осы мақсатта үш негізгі бағытқа басымдық беріледі.
Бірінші бағыт – заманауи сауда экожүйесін құру.
Бұл бағыт аясында сауда саласын цифрлық трансформациялау, инновациялық технологияларды енгізу, электрондық және биржалық сауданы дамыту жоспарланған. Сонымен бірге нарықтар мен көтерме сауда алаңдарын цифрландыру, тауарларды таңбалау және қадағалаудың ашық жүйесін жасау, мемлекеттік ақпараттық жүйелерді интеграциялау көзделеді. Ритейл форматтарын – ірі сауда желілерінен бастап стрит-ритейлге дейін жаңғырту және электрондық сауда туралы жеке заң қабылдау міндеті де осы бағытқа кіреді. Сонымен қатар франчайзинг пен кооперацияны дамыту қарастырылған.
Екінші бағыт – отандық өндірісті қолдау және экспортты арттыру.
Бұл бағыт «сатып ал-сат» моделінен «өндір-сат» моделіне көшу арқылы ішкі нарықтағы отандық тауарлардың үлесін арттыруды және өңделген өнім экспортын ұлғайтуды көздейді. Осы мақсатпен мемлекет тарифтік және тарифтік емес шараларды кеңейтуді, сондай-ақ жоғары қосылған құнды өнім экспорттаушыларын қолдауды күшейтуді жоспарлап отыр.
Үшінші бағыт – тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғауды жақсарту үшін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау тетіктері жетілдіріледі. Нормалау мен сертификаттауды күшейту, тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізу де жоспарда бар. Бұл ретте сапа стандарттары мен қауіпсіздік талаптарын сақтау басты назарда болады.
2030 жылға дейінгі нақты мақсатты көрсеткіштер
Тұжырымдаманың нәтижесін бағалау үшін нақты индикаторлар белгіленген. 2025 жылы саудадағы нақты көлем индексі 107 пайыз болса, 2030 жылға қарай оны 110,2 пайызға жеткізу жоспарлануда. Еңбек өнімділігін 121,9 пайыздан 171 пайызға дейін арттыру көзделген. Негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемі 1,22 триллион теңгеден 2,7 триллион теңгеге дейін ұлғаюы тиіс.
Сауда саласындағы көлеңкелі экономиканың үлесі 3,02 пайыздан 2,42 пайызға дейін төмендетіледі деп жоспарланып отыр. Биржалық сауданың үлесі қазіргі 10 пайыздан 27 пайызға дейін, ал электрондық сауданың үлесі 15 пайыздан 20 пайызға дейін өседі. Сауданың заманауи форматтарының үлесін 44 пайыздан 72 пайызға жеткізу міндеттелген.
Өңделген өнім экспорты да артады: бүгінгі 41 миллиард АҚШ долларынан 2030 жылға қарай 52 миллиард долларға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы реттеудің тиімділігі 74,7 пайыздан 80,7 пайызға дейін жақсарады. Сонымен қатар Қазақстан эталондарының өлшемдік мүмкіндіктері 3,4 пайыздан 14,5 пайызға дейін кеңейеді.
2030 жылға дейінгі сауда саясаты Қазақстанның ішкі нарығын дамытуға, цифрлық технологияларға негізделген жаңа сауда экожүйесін қалыптастыруға және тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған маңызды қадам. Жаңартылған саясат экономикадағы бәсекеге қабілеттілікті арттырып, елдің сауда саласын жаңа сапалық деңгейге шығарады.