Алматы-Өскемен тасжолында жол апатынан 4 адам ажал құшты

Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.

Алматы – Өскемен трассасында жантүршігерлік жол апатынан төрт адам қаза тапты. Жеңіл көліктің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы бағытта келе жатқан машинаға соғылған, – деп хабарлайды Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап. 

Қайғылы оқиға 10 желтоқсан күні түскі уақытта болды. Полицияның мәліметінше, боран, көктайғақ және жолдың нашар көрінуінен «Кia» жолдың қарсы бағытына шығып кеткен. Сөйтіп Тoyota-мен бетпе-бет соқтығысады. Төрт адамның өмірі сол жерде қиылды. Тағы төртеуі ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.

– Жол-көлік апатынан төрт адам қаза болды. Жарақат алған тағы төрт адам медициналық мекемеге жеткізілді. Аталған деректер бойынша қылмыстық іс қозғалды. Болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, – деді Сарқан ауданы полиция бөлімінің бастығы Исатай Қайыңбаев.