Бейбітшілікті бекемдейтін берік бастама

Қазақстан Президенті Түрікменстанның Ашхабад қаласына барды. Халық­аралық бейбітшілік және сенім жылына арналған форумға қатысу үшін Ашхабад қаласына келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов қарсы алды.

Әуежайда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Берді­мұха­­ме­­дов келіссөз жүргізді.

​– Түрікменстан басшы­лы­ғы­ның осы маңызды іс-шараға ша­­қыруын ерекше ықыласпен қа­был ал­дым. Ертең талқыға тү­се­тін мә­се­лелер қазіргідей ал­ма­ғайып, бұ­лың­ғыр жағдайда әрі Бірік­кен Ұлт­тар Ұйымының 80 жыл­­дығы ая­сында өте өзекті деп ой­лаймын. Аталған форум та­быс­ты өтетініне се­німдімін. Бұл бас­қосу Түрік­менс­танның жаһан­дық ауқымдағы ахуалды тұрақ­тан­дыру­ға, сондай-ақ Ор­та­лық Азия­­­дағы достық пен ын­ты­мақ­тас­тыққа негізделген қа­рым-қа­ты­насты нығайтуға қос­қан тағы бір елеулі үлесі бол­мақ, – деді Қа­зақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Түрік­мен­стан Президенті Сердар Бер­­­дімұхамедовтің жақында Қа­зақстанға жасаған мемле­кет­тік сапарына оң баға беріп, жо­­ға­ры деңгейде қол жеткі­зіл­ген уағ­даластықтарды жүзеге асыру­дың маңызды екенін атап өтті.

Гурбангулы Бердімұхамедов Тү­рік­менстанның тұрақты бей­тараптығының 30 жылдығына орайластырылған форумға қа­ты­суға келгені үшін Қазақстан Пре­зидентіне ризашылығын біл­діріп, екіжақты күн тәртібінің не­гізгі мәселелеріне тоқталды.

– Өзара қарым-қатынас ту­ра­лы сөз қозғағанда, Түрікмен­стан Президентінің жақында Қа­зақстанға жасаған мемлекет­тік сапарын айтпай кетуге бол­май­ды. Сапар жоғары деңгейде өтті. Экономика және мәдени-гу­манитарлық салалардағы ын­тымақтастық перспективасы тал­қыланды. Екі ел ықпалдасты­ғын дамытуға елеулі үлес қосқа­ныңыз үшін Сізге алғыс айта­мын. Сондай-ақ барша бауырлас қазақ халқына ізгі тілегімді жол­д­аймын, – деді Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы.

Бұдан кейін Мемлекет бас­шы­сы Түрікменстан Президен­ті­мен кездесу өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Берді­мұха­медов және бауырлас түрікмен халқын айтулы дата – Түрікменстанның тұрақты бейтараптығына 30 жыл толуымен құттықтады.

Мемлекет басшысы мерейлі сәт­ке орай ұйымдастырылған ха­лықаралық форумда көтері­ле­тін мәселелердің маңызын атап өтті.

– Ашхабад секілді көркем ша­һар­­ға шақырғаныңыз үшін ри­за­шылығымды білдіремін. Мұнда кел­ген сайын қонақжай пейіл­де­ріңізді, туыстық әрі дос­тық көңіл­де­ріңізді сезінеміз. Ер­теңгі фо­рум өзі­не жүктелген мін­­детті толық ат­­қарып шыға­ты­нына жә­не ха­лық­аралық қа­ты­настар та­ри­хын­да айтулы уа­қиға болаты­ны­на се­німдімін. Өйт­кені бұл жиын­да бей­бітші­лік, бейта­рап­ты­лық және сенім секілді ең өзек­ті та­қы­рыптар қоз­ға­лады. Қа­зіргі әлемге жет­пей тұрғаны да осы құн­ды­лық­­тар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тараптар екіжақты қарым-қатынасты дамыту перспек­тива­сын талқылады. Сердар Берді­мұхамедовтің таяуда Астанаға жасаған мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілген уағдалас­тықтарды жүзеге асыру барысына айрықша мән берілді.

Өз кезегінде Түрікменстан Президенті Мемлекет басшысы­мен Ашхабад қаласында жүздес­кеніне қуанышты екенін жеткізді.

– Осы халықаралық деңгейдегі форумға қатысу арқылы Сіз бей­бітшілікті, сенім мен өзара түсініс­тікті нығайтуға бейіл екеніңізді көрсетіп отырсыз. Халықаралық бей­бітшілік және сенім форумына шақы­руымды қабыл алғаныңыз үшін Сізге алғыс айтамын. Өзіңіз­бен түрікмен жерінде кездесу біз үшін зор мәртебе, – деді Сердар Бердімұхамедов.

Мемлекеттер басшылары өзара сауда көлемін арттыру, экономикалық байла­ныстарды күшейту, энергетика, көлік-логис­тика және ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін қарас­тырды.

Сапар аясында Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ашха­бад қала­сындағы Бейтарап­тық монументіне гүл шоғын қойды.

Халықаралық бейбітшілік және сенім жылына арналған фо­рум аясында Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев басқа да мемле­кеттер басшыларымен бірге Бей­тараптық монументіне гүл шо­ғын қою рә­сіміне қатысты.

Бұл кешен Түрікменстанның бей­біт­шілік пен жасампаздық ұс­та­нымына бейіл екенін көрсетеді.

Бұдан соң Қазақстан Пре­зи­денті Ха­лықаралық бейбітшілік және сенім жылы мен Түрікмен­стан­ның тұрақты бейтарап­тығы­ның 30 жылдығына арналған фо­румға қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев түрік­мен хал­қының Ұлт көшбасшысы Гурбангулы Бердімұхамедов пен Президент Сердар Берді­мұхамедовті Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығымен құттықтады. Мем­лекет басшысы Түрік­менстанның саяси ұстанымы тұтас Еуразия құрлығының тұрақтылығы мен орнықты дамуына елеулі үлес қосқанын атап өтті. Аталған форумда көтерілген бастамалар ХХІ ғасырдағы бейтараптықтың мән-маңызына жаңаша көзқарас қалыптас­тырады.

Қазақстан Президенті Түрік­менстанның бейтарап саяси ұста­нымы түрікмен халқының сан ғасырлық мәдени дәстүрімен және рухани құндылықтарымен үйле­сетінін айтты.

– Түрікмен классикалық әде­биетінің негізін қалаушы, Шы­ғыстың көрнекті ойшылы Мақ­тым­құлы Пырағы: «Тыныш­тық болса ел өседі, әділдік болса сенім күшейеді» деген. Ұлы даныш­панның дүниені терең таныған идеялары қазіргідей алмағайып халықаралық жағдайда да өте өзекті бола түскені сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассам­блеясы қолдаған Ашхабад­тың Халықаралық бейбітшілік және сенім жылын жариялау туралы бастамасы ерекше мәнге ие болғанын жеткізді. Президент еліміз осы маңызды қарарды қуаттағанын айта келіп, бейбіт­шілік пен келісім Қазақстанның сыртқы саяси стратегиясының іргетасы саналатынына назар аударды.

– Жекелеген кикілжіңдердің реттел­геніне қарамастан, әлемдегі жалпы ахуал әлі де ушығып тұр. Адамзат өзара сенім, толерант­тылық, орнықты даму үшін бей­бітшілік пен ынтымақтың маңы­зын түсіну секілді іргелі фак­­тор­ларға зәру. Сонымен қатар кейбір күмәнді ережелер алға шығып, халықаралық құқықтың әлсірей бастағаны, көпжақты құрылымдардың, ең алдымен, Біріккен Ұлттар Ұйымының беделі мен тиімділігінің төмендегені өкініш тудырады. Стратегиялық теңгерімді қалпына кел­тірмей, әлемде әділ тәртіп орнату мүмкін емес. Сондықтан халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздік сөз күйінде қалып, көпжақты форум­дардың қарарлары мен келіс­сөздердегі ізгі тілек ретінде ғана көрініс табады. Сол себепті Қазақ­стан Біріккен Ұлттар Ұйымына жан-жақты реформа жүргізуді, соның ішінде Қауіпсіздік Кеңесі­нің құрамын кеңейтіп, Бас Ассамблеяның рөлін нығайтуды қолдайды. Бас Ассам­блеяның 80-ші сессиясы аясында мен БҰҰ жүйесін реформалау жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеу үшін пікірлестер тобын құру идеясын көтердім, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің ауқымды диалогты бастауы, ірі держава­лардың саяси ерік-жігер көрсетуі өте маңызды деп санайды. Мем­лекет басшысы еліміз Түрікмен­стан Президентінің БҰҰ бейбіт­шілік және бейтараптық уни­­вер­­ситетін ашу жөніндегі бү­гінгі ұсынысын қолдайтынын айтты.

– Қазірдің өзінде жаһан жік-жікке бөлінуден, тіпті ядролық соғыстан бас тартып, бейбітшілік, сенім, ынтымақ секілді құнды­лықтарды басшылыққа алған кезде әлемде әділетті және орнық­ты тәртіп орнатуға болатыны белгілі болды. Осы орайда еліміз Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөз процесінің жандануына қолдау білдіреді. Ресей мен АҚШ президенттерінің Анкоридждегі кездесуінен кейін бейбітшілік пактісінің негізгі ережелері белсенді талқылана бастады. Бұл көптен күткен бітімге келу мүмкіндігін жақындатты, – деді Президент.

Мемлекет басшысы өзге өңір­лердегі қақтығысты реттеуге қа­тысты пікір білдірді.

–Таяу Шығыстағы жағдай бойынша келісімге қол қойылуын құптаймыз. Қазақстанның Ибра­һим келісімдеріне қосылу жө­ніндегі шешімі аталған аймақтағы ахуалды тұрақтандыруға үлес қосу ниетінен туындап отыр. Әйтсе де Қазақстан ұзаққа созылған әске­ри-саяси дағдарысты түбе­гейлі реттеудің маңызды факторы ре­тінде егемен Палестина мемле­кетін құру ұста­нымын жақтайды. Әзербайжан мен Армения бейбітшілік туралы бірлескен декларацияға қол қойды. Біз мұны тарихи шешім деп санаймыз. Өйткені осы арқылы аталған ай­мақта және одан тысқары жер­лерде сан қырлы ынтымақтастыққа кеңінен жол ашылады. Оңтүстік Кавказдағы тұ­рақтылыққа кепіл­дік беретін толық фор­матты бейбіт келісімшарт таяу арада жа­салады деп үміттенеміз, – деді ол.

Қазақстан Президенті аймақ­тық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету мәселесінде Ау­ғанстанға көмек көрсетуді жалғастыру қажет деп есептейді.

– Алматыдағы Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнық­ты даму мақ­саттары жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығы осы бағыт­тағы ынтымақтастықты үйлес­тіре­тін маңызды платформаға айнал­ды. Тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуда Азиядағы өзара іс-қимыл сенім шаралары жөніндегі кеңес маңызды рөл атқарады. Бұл форум өзінің саяси тұрғыдан өзектілігін дәлелдеді. Осыған орай АӨСШК қызметіне, соның ішінде форумды толыққанды ха­лықара­лық институтқа айналдыруға қолдау көрсеткені үшін серіктес­терімізге алғыс айтамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміз дінаралық, этносаралық және және мәдениет­аралық диалогты нығайтуға айрықша назар аударады. Бұл орайда Президент Қазақстанда 20 жылдан астам уақыттан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының съезі ұйым­дас­тырылып келе жатқанын еске салды.

– Таяуда Астанада өткен VIIІ съезде Қазақстан «Бейбітшілік қозғалысы» деп аталатын бастама көтерді. Бұл шын мәнінде қан­төгісті тоқтатуға, келешек ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілікті сезіне отырып, бітімге келу жолын іздеуге үндеу еді. Қазақстан ШЫҰ жұмысына белсене атсалысады. Бұл – Еуразиядағы қауіпсіздік пен сенім шараларын қамтитын, көп­жоспарлы әрі конструктивті күн тәртібі бар беделді және табысты ұйым. Жаһандағы прогресс пен тұрақтылықтың негізгі кепілі – орнықты әлеуметтік-экономика­лық даму. Геосаяси шиеленістің өршуі, халықаралық санкция­лардың көбеюі, сауда тізбегінің бұзылуы, технологиялық бәсеке секілді көптеген фактордың салдарынан әлем экономикасы күрделі сын-қатерлерге тап болды. Жаһандық экономиканың қар­қыны бәсеңдеді. Қуанышымызға орай, мұның әсері Орталық Азияға тие қойған жоқ. Барлық елде ай­тар­лықтай өсім байқалады. Мы­салы, Қазақстанның экономика­лық өсімі биыл 6 пайыздан асты. Ішкі жалпы өнім көлемі 300 мил­лиард доллар межесін еңсереді. Бұл жан басына шаққанда 15 мың доллардан артық, – деді Пре­зидент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Орта­лық Азия елдері көлік-транзит әлеуетін күшейтіп жатқанына тоқталды. Ең алдымен, Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік ара­сындағы байланысты нығай­туға баса мән беріледі. Президент Қазақстан Транскаспий халықара­лық көлік бағдары­ның мүмкін­діктерін дәйекті түрде кеңейтіп, теміржол, порт, автожол инфра­құрылымын жаң­ғыртып жатқа­нын, осы­лайша біртұтас транспорт жүйесін қалып­тастыруға кіріс­кенін жеткізді. Мемлекет басшы­сы еліміз Орталық Азияның көлік жүйесін дамытудың кешенді стратегиясын әзірлеуге белсенді атсалысып жатқанына назар ау­дар­ды. Мақсат – орнықты логис­тика бағыттарын толық іске қосу.

Президент су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән беру қажет деп санайды.

– Су тапшылығы үлкен проб­лемаға айналып келеді. Бұл ре­сурсты сақтау әрі ұқыпты пайда­лану – еліміз бен аймақтағы өзге де мемлекеттер үшін стратегиялық, тіпті өмірлік маңызы бар басым­дық. Өзге елдерде де солай деп ойлаймын. Транс­шекаралық суды пайдалану проблемасын, Арал және Каспий теңіздерінде қалып­тас­қан экологиялық ахуалды уақыт оздырмай шешу мақсатында тиісті шаралар қабылдау қажет. Біздің пікірімізше, өзара мәмілеге негізделген бірлескен әрекеттер арқылы Халықаралық Аралды құтқару қорының тиімділігін арт­тыруға болады. Ресей Қор жұмы­сына байқаушы ретінде атсалысса, бұл іске септігін тигізер еді. Каспий теңізі қазіргідей тартыла берсе, бұл қауіпті құбылыстың экологиялық, әлеуметтік-эко­номика­лық, тіпті саяси салдары ауыр болуы мүмкін. Қазақстан Каспий экожүйесінің бұзылуы мен теңіздің тартылуының алдын алуға бағытталған арнайы мемле­кетаралық бағдарлама әзірлеу туралы бастама көтерді. Барша әлемдік қоғамдастықты осы бірегей су айдынын сақтап қалу жолындағы күш-жігерімізді қолдауға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президентінің па­йым­дауынша, жаһандық су дипло­матиясын дамытуда мемлекеттер арасындағы ықпал­дастықтың маңызы зор.

– БҰҰ жүйесінде тек су мәсе­ле­сімен айналысатын арнаулы құрылым жоқ. Бұл түйткілді тез арада шешкен жөн. Қазақстан Халықаралық су ұйымын құруды ұсынады. Сол арқылы БҰҰ аясындағы түрлі ұйым­дардың барлық мандатын бір мақсатқа жұмылдыруға болады. UN-Water ведомство­аралық тетігін БҰҰ-ның толыққанды арнаулы агенттігіне немесе ұйымына айналдыру оңтайлы шешім болар еді. Мұндай бастаманы іске асыру БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттары мен барша халықаралық қоғамдастық­тың мүддесіне сай келеді. Келесі жылы сәуір айында Астанада Аймақтық экологиялық саммит өтеді. Аталған жиында Қазақстан жаһандық су ұйымын құру туралы халықаралық консультация процесін бастауға ниетті. Ортақ саяси ерік-жігердің арқасында күн тәртібіндегі судың өзекті мәселе­лері жүйелі түрде шешіле бастай­тынына сенімім кәміл, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті сөзін қоры­тындылай келе, Ашхабад форумы мүдделі мемлекеттердің жасампаз серіктестігін нығайтуға және әлемде әділетті тәртіп қа­лып­тастыруды көздейтін халық­аралық күш-жігерге тың серпін беретініне сенім білдірді.