Сапар аясында қазақстандық делегация мүшелері Рим Папасы XIV Леоның аудиенциясында болды және Қазақстанның конфессияаралық бастамалары мен Ватиканның рухани көшбасшылығына арналған халықаралық дөңгелек үстелге қатысты. Конференция алаңында Мәулен Әшімбаев Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі дикастериясының префекті кардинал Джордж Кувакадпен және өзге де дін істері ұйымдарының өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді.
Сенат Төрағасы Рим Папасы XIV Леоға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін және елімізге Апостолдық сапармен келу жөніндегі шақыруын жеткізді. Мәулен Әшімбаев кездесуде Қазақстанның Ватиканмен көпжоспарлы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.
«Түрлі этникалық және діни қауымдастықтардың құтты мекені саналатын Қазақстан Қасиетті Тақтың бейбітшілікті, үйлесімділікті және өзара құрметті дәріптеу жөніндегі бастамаларымызды үнемі қолдап келе жатқанын жоғары бағалайды. Қазақстан мен Ватикан арасындағы айрықша достық пен ынтымақтастық қалыптасқан сабақтастыққа табан тіреп, нығайып келеді. Аса Қасиетті, Сіз бүгінде өзара қарым-қатынасты жаңартылған тәсілдер негізінде дәйекті түрде одан әрі дамытып отырсыз. Біз Ватиканның Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне көрсеткен тұрақты қолдауы үшін ерекше ілтипатымызды білдіреміз. Сіздің VIII Съезд қатысушыларына үндеуіңіз осы форумның Қорытынды декларациясымен бірге жаһандық диалогты нығайту және экстремизм мен төзбеушілікке қарсы іс-қимыл жолындағы рухани бағдар ретінде қызмет етеді. Аса Қасиетті, Өзіңізге қолайлы уақытта Апостолдық сапармен Қазақстанға келуіңіз біз үшін үлкен мәртебе болар еді. Мұндай сапар өңіріміздегі әр алуан қоғамның өкілдерін жігерлендіріп, әділетті әрі үйлесімді халықаралық тәртіпті көздейтін ортақ ұмтылысымызға тың серпін береді деп сенемін», – делінген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Рим Папасы XIV Леоға жолдаған арнайы хатында.
Мәулен Әшімбаев аудиенция үшін алғыс білдіре отырып, Ватикан делегациясы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінің Қорытынды декларациясын әзірлеуге белсенді қатысқанын атап өтті. Сондай-ақ ол Съезд Хатшылығының Декларация ережелерін іске асыру мақсатымен жүргізіп жатқан жұмысына тоқталды.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ватиканмен қарым-қатынасты нығайтуға үнемі баса мән береді, сондай-ақ Сіздің дінаралық және мәдениетаралық диалогты нығайту жөніндегі күш-жігеріңізді жоғары бағалайды. Қасиетті Тақтың өкілдері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінің Астана бейбітшілік декларациясы-2025 атты қорытынды құжатын әзірлеуге белсенді қатысты. Съезд хатшылығы Декларацияны іске асыру аясында діни ұйымдардың климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі рөлі туралы құжат дайындау жұмыстарын қолға алды. Сондай-ақ дін көшбасшыларының көзқарасын ескере отырып, Жасанды интеллектіні дамытудың этикалық кодексін әзірлеуді де бастадық. Біз ғылыми-технологиялық прогресс шеңберінде рухани құндылықтарға басымдық беру идеясын дәріптейтін Қасиетті Тақтың осы саладағы көшбасшылығын жоғары бағалаймыз. Бұл мәселеде Католик шіркеуінің институттарымен белсенді өзара іс-қимыл орнатуға дайынбыз», – деп, Мәулен Әшімбаев Рим Папасына діни сенімі үшін қаза тапқандарды еске алу белгісі ретінде Қазақстан аумағында қуғын-сүргінге ұшыраған католик діні қызметкерлерінің тізімін табыс етті.
Өз кезегінде, Рим Папасы XIV Лео Қазақстанның түрлі діннің өкілдері арасындағы бейбітшілікті жолға қою және жаһандық деңгейде өркендеуді ілгерілету жөніндегі бастамаларын жоғары бағалайтынын жеткізді. Понтифик қазіргі сын-қатерлер жағдайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі аясында жасалып жатқан ізгі амалдар мен қадамдардың маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Қасиетті Тақ тарапы мұндай миссияны үнемі қолдайтынын айтты.
Дөңгелек үстел аясында Қазақстандағы Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен Ватиканның Дінаралық диалог жөніндегі Дикастериясы арасында меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар бұл күні Сенат Төрағасы Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі дикастериясының префекті кардинал Джордж Кувакадпен екіжақты кездесу өткізді. Онда екі елдің мәдениетаралық және дінаралық диалог саласындағы ынтымақтастығының басым бағыттары сөз болды.
Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Ватиканға жұмыс сапары аясында Егеменді Мальта Орденінің Ұлы Магистрі Фра Джон Тимоти Данлаппен, сондай-ақ Ұлы Канцлері Риккардо ди Монтекупомен кездесті.
Мәулен Әшімбаев Фра Джон Тимоти Данлапқа ілтипат білдіріп, Қазақстан Егеменді Мальта Орденімен тығыз қарым-қатынасты дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Палата Төрағасы көптеген жаһандық мәселеде екі мемлекеттің позициясы мен тәсілі ұқсас екенін тілге тиек етіп, дінаралық диалог, гуманитарлық көмек, медициналық және әлеуметтік қамтамасыз ету сияқты салалардағы ынтымақтастықты дамыту бағытындағы зор әлеуетке назар аударды.
Егеменді Мальта Орденінің Ұлы Канцлері Риккардо ди Монтекупомен кездесуде бейбітшілік пен диалогтың жаһандық мәдениетін ілгерілету жөніндегі бастамаларға баса мән берілді. Сенат Төрағасы өз сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қақтығыстар мен дағдарыстардан халқы зардап шегіп жатқан елдерді қолдауға бағытталған бастамаларына тоқталды.
Кездесудің нәтижесінде Қазақстандағы Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен Мальта Ордені арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар сапар аясында Қазақстан Парламентінің делегациясы Италияның сарапшылар қоғамдастығының өкілдерімен кездесіп, халықаралық күн тәртібіне қатысты пікір алмасты. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Дінаралық диалог жөніндегі дикастерия Ислам істері бюросының бұрынғы басшысы монсеньор Халед Акашемен кездесті. Сұхбат барысында Қазақстан Президенті Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінде белгілеп берген міндеттерді, оның ішінде жасанды интеллектіні пайдалану этикасы жөніндегі дінаралық комиссия құру туралы бастамасы мен Астана бейбітшілік декларациясының ережелерін іске асыру тетіктері талқыланды.