Қазақстан мен Франция арасындағы келісімді қарайды

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы нақтыланды.

Депутаттар жалпы отырыста Қазақстан мен Француз үкі­меттері арасындағы адамдарды реадмиссиялау туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын қарайтын болады.  

Бұл келісім Францияда заңсыз жүрген, жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ Қазақстан азаматтарын  санкциясыз, яғни әкімшілік айыппұл төлетіп қана қайтаруға мүмкіндік береді. Екі елдің уәкілетті органдары азаматтардың елдеріне оралуы үшін құжаттарды ресімдеуге көмек көрсететін болады. Аталған келісім Мемлекет басшысының 2024 жылы Францияға сапары барысында қол қойылған болатын. Келісімнің күшіне енуі көші-қон процесін бақылауды күшейтіп, екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға ықпал етеді. 

Алдағы жалпы отырыста депутаттар Қазақстан Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы Қазақстанда ЮНЕСКО аясындағы 2-санатты орталық ретінде Орталық Азия өңірлік гляциология орталығының мәртебесін қайта жалғастыру ту­ралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын қарайтын болады.

Келісім мұздықтарды, қар жамылғысын және мәңгі тоңды зерттеу, сондай-ақ климаттың өзгеруі жағдайында олардың аймақтағы су ресурстарына әсерін бағалау саласында халықаралық ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған. 

Палата Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне және Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне толықтырулар енгізу туралы заң жобасын екінші оқылымда қарайды. Құжат медициналық қызметкерлер мен жедел жәрдем жүргізушілеріне оларға қызметтік міндетін атқару кезінде күш қолданғаны және қатыгездік көрсеткені үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.

Мәжіліс бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа алады. Атап айтқанда, Рейтингтік қызмет туралы, Телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері туралы, Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру, халықтың көші-қоны мәселелері туралы заң жобалары бар. Бұған қоса, Мәжіліс Еуразиялық экономикалық одақ пен үшінші тараптың кедендік транзитінің бірыңғай жүйесі туралы келісімді, Қазақстан-Қытай үкіметтері арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобаларын жұмысқа алуды жоспарлап отыр.