Балық шаруашылығында берекелі іс көп

Жайық пен Каспийдің бірегей экожүйесі ғас­ыр­лар бойы Қазақстандағы балық өндірісінің негізін құрап келді. Әсіресе, бекіре тұқымдас балықтар – аймақ­тың табиғи бренді, мәдени-тарихи мұрасы әрі эко­номи­калық әлеуеті.

Сондықтан өңірдегі балық өсі­ру кәсіп­орын­дары­ның жағдайы, олардың жаңа­руы мен дамуы бүтін аймақтың экологиялық және экономи­калық бола­шағының көрсеткіші саналады. Осындай біре­гей нысандардың бірі – Атырау бекіре балық өсіру зауыты. Қазір кәсіпорын алғаш рет тол­ық жаң­ғыртудан өтіп жатыр. Ширек ғасырдан бері тозып, ескірген инфра­құрылым заман талап­тарына сай жаңартылып, өндірістік қуат күшейтілуде.

Тарихы 1998 жылдан бастала­тын Атырау бекіре балық өсіру зауы­ты еліміздегі бекіре өсіру ісі­нің негізгі орталығына ай­налды. Бұл жерде әсіресе Каспий­де жой­ы­лып кету қаупі жоғары бекіре, сүйрік сияқты бағалы түр­лердің популяциясын қолдан қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Зауыттың басты мін­де­ті – жыл сайын миллиондаған шабақты Жай­ық өзеніне жіберу ар­қылы та­би­ғи популяцияны тол­ық­тыру. Бұл экологиялық маңы­зы зор үрдіс, себебі табиғи ортада бекіре балығы өте баяу жетіледі.

Бекіре әдетте, уылдырық ша­шу­ға 15-20 жылда ғана дайын болады. Яғни, табиғаттың өзі по­пуля­цияны қалпына келтіруге үл­гермейді. Кейінгі жылдары Жайық өзенінің тайыздануы, ағыс­тың әлсіреуі, табиғи уылды­рық шаша­тын аумақтардың аза­юы, заңсыз аулау және климаттық өзгерістер бекіре санының күрт кемуіне әкел­ді. Осының бәрі зауыт­тың жұмыс­ын бұрынғыдан да өзекті әрі маңыз­ды ете түсті.

Кәсіпорында кейінгі жылдары жүргізілген сараптамалар зауыт инфрақұрылымының едәуір тоз­ғанын және қазіргі талаптарға сай келмейтінін анықтады. Осыған байланысты толық реконструкция қажеттілігі туындады. Бұл – зауыт ашылғалы бері қолға алынған ең ауқымды жаңғырту.

Қазір жаңа қыстық тоғандар салынды. Бекіре балық өсіру за­уы­тының бас балық өсіруші Жұпар Өтеулиеваның айтуынша, тоғандар толықтай қайта жаңар­тылып, түбі цементтелді. 

Бекіре балық өсіру зауытының өндірістік цех меңгерушісі Нұр­болат Сұпығалиевтың айтуынша, зауыт ашылғаннан бері мұндай көлемдегі реконс­трукция алғаш рет жасалып отыр. «Бұл бізге ба­лық өсіру сапасын мүлде жаңа дең­гейге көтеруге мүмкіндік бер­еді», – дейді Н.Сұпығалиев.

«№1 су көтеру бекеті толықтай модернизацияланды. Сағатына 1 000 м³ су тартатын екі жаңа насос орнатылды. Бұрын су тарту деңгейі жел бағытына тәуелді бол­атын, қазір жүйе толық авто­ном­ды. Су­дың берілу қарқыны тұрақ­ты, бұл шабақтардың өмір­­шең­дігі­не тіке­лей әсер етеді. Қарауыл үйі тұрғыз­ылды. Балық өсіруде маңызы зор Куринский шарбағы толықтай қайта салынды. Енді жос­пар бой­ынша өндіріс цехы, ба­лық қор­шау­лары, бассейндер жаңартыла­ды», – деді Бекіре балық өсіру зауыты­ның өндірістік цех меңгеру­шісі Нұр­болат Сұпығалиев. 

Қалай десек те, бұл өзгерістер қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсартып қана қоймай, балық өсірудің технологиялық сапасын арттырады.

Атырау бекіре балық өсіру зау­ы­тының бас балық өсірушісі Жұпар Өтеулиева қолдан өсірудің тиімділігі туралы да айтты. Сөз­інше, табиғи ортада 15-20 жылда жетілетін бекіре жасанды тоғанда 2-3 жылда уылдырық шашуға дай­ын болады. Жаңартылған тоған­дар мен жаңа насос жүйелері ба­лық­­тың сақталуына, өсіп-жетілуі­не және уылдырықтануына ай­та­р­­лық­тай қолайлы жағдай жасайды. Бұл тәсіл бекіре популя­ция­сын қал­пына келтіру процесін айтар­лықтай жылдамдатады және олар­дың өміршеңдігін арттырады.

Зауыттағы жаңғырту жұмыс­тары тек бір кәсіпорынды емес, бүкіл Атырау облысының балық шаруашылығы саласын алға жыл­жытуға әсер етеді. «Зауыттың жаң­ғыруы аймаққа қай – қай жағынан да оң әсер етеді», – дейді ауыл шаруа­шылығы ғылым­дарының докторы Бақтыбек Таубаев. 

«Ең алдымен, өңірдегі балық өсіру көлемі артады. Осылайша, балық шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті күшейеді. Жаңа технологиялық база ғылы­ми-зерттеу жұмыстарының даму­ына ықпал етеді. Сондай-ақ сирек кездесетін балықтарды сақтау жұ­мыстарының жандануына мүмкін­дік туады. Қазір зауытта 162 адам еңбек етеді, бұл – өңір үшін маң­ыз­ды әлеуметтік жүйе», – дейді маман.

Қорыта айтқанда, Атырау бекіре балық өсіру зауытының алғаш рет толық көлемде реконс­трукциядан өтуі өңірдегі балық шаруашылығы саласының даму­ын­дағы жаңа белес болғалы тұр. Өңірге, елге экология­лық, биоло­гия­лық және экономика­лық тұр­ғы­дан пайда әкелетін бұл жұ­мыс­тар Атыраудың балық шаруа­­шы­­лығы­на жаңа тыныс ашатыны анық.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы