Алаш арысына ескерткіш қойылды

Мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы, публицист Смағұл Сәдуақасұлының туғанына 125 жыл толуына орай елордадағы С.Сәдуақасұлы атындағы №78 мектеп-гимназиясында «Смағұл Сәдуақасұлы және заманауи білім беру құндылықтары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Іс-шара Қазақстан Респуб­ликасы оқу-ағарту министрлігі, Астана қаласының Білім басқар­масы мен Әдістемелік орта­лы­ғының қолдауымен ұйымдас­ты­рылған. Конференцияда С.Сәд­уа­қасұлының өмірі мен еңбек жолы, еңбектеріндегі алаш ұлттық идеясымен қатар білім беру жүйе­сіндегі мәселелер талқыланып, жүйелі зерттеулердің тиімділігін оқу үдерісінде қолдану жайы сөз етілді. Жиынға тарих пәнінің мұғалімдерімен қатар отандық және шетелдік ғалымдар, жоғары оқу орындарының мамандары, орта білім беру ұйымдарының басшылары қатысты. Мәселен, Түркия, Моңғолия, Қырғызстан мен Ресейден арнайы келген ғалымдар, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты­ның, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университеті, Астана ха­лық­аралық университеті ғалым­дары мен Смағұлдың туған жері – Солтүстік Қазақстан  облысы Ақ­жар ауданы Ұялы ауылының С.Сәдуқасұлы атындағы мектеп-гимназиясының ұстаздары келді. Дәл осындай айтулы сәтте №78 мектеп-гимназиясының алдында Смағұл Сәдуақасұлының құрметіне ескерткіш-бюстінің ашылу салта­натты өтті. Ескерткіш авторы, мү­с­інші, Суретшілер одағының мүшесі, ЕҰУ профессоры Талғат Әб­дікәрімұлы жалпы  шығармашы­лық процеске 2 жылға жуық уақыт кеткенін айтады. 

– Бұл – осыдан 2 жыл бұрын Дихан Қамзабекұлының айтуымен басталған жұмыс. Ортада үлкен талқылау-әңгімелер болды, еске­р­т­кішті 2024 жылы жасауға кірістім, шамамен жарты жылдай уақытым кетті. Мүсінді жасап жатқанда түр­лі тарихшылар, ғалымдар, Дихан ағаның өзі келіп, процесті көріп, образды былай салсақ деп идея ұсынды. Жалғыз мүсіншінің еңбегі емес, қаншама азаматтың кеңе­сі­мен атқарылған шаруа деймін. Смағұл атамыздың аты ғасырдан-ғасырға жалғасып, ұрпақ жадында сақталсын! Сапалы ескірткіш, мүсін­дер көптеп қойылу керек. Қазір жас буын Алаш азаматтарын тани қоймайды, сондықтан ұрпақ­қа насихаттау үшін сапалы жобалар жа­лғаса берсін, – дейді Т.Әбдік­әрімұлы.

Қуанышқа ортақтасып, алыс-жақын елдерден келген мамандар да тілек білдіріп жатты. Кескіндеме өнерінің майталманы Қайыртай Жақыпұлы Омбыдан арнайы кел­генін жеткізді.

– Ақшатау жерінде туып-өс­кенмін, кейін Мәскеудің Лелин атындағы педагогика институтын бітірдім. Сол жақта аспирантура, докторантурамды оқып, ғылым кандидаттығын қорғадым. Омбы қаласында лицей, колледж, инсти­тут ашып, 25 жыл бойы жұмыс жүр­гізіп келемін. Ресейде отырып, Қазақстанға ғылым академиктерін тәрбиелеп шығардым. Ескерт­кіштің ашылып жатқанына қуан­ыштымын. Атамыздың кім екенін ұрпаққа насихаттап айтуы­мыз керек. Ұрпақ өзінің кім екенін балабақшадан, мектептен, жоғары оқу орнынан білуге тиіс, – дейді Қайыртай Жақыпұлы.

Салтанатты рәсімнен соң қон­ақ­тар мектеп оқушылары сахна­ла­ған қойылымды тамашалап, ерек­ше кештің куәсіне айналды. Бұдан соң жоғары оқу орындары мен шет­­елдік ғалымдар баяндама оқып, С.Сәдуақасұлының еңбек­теріне тоқталды. Жалпы, конфе­ренцияда педагогтер «Смағұл Сә­дуа­қас­ұлы­ның қоғамдық-саяси қызметі және Алаш ұлттық идея­сы», «С.Сәдуа­қас­ұлы мұрасы және заманауи білім берудегі басқарудың жаңа модельдері», «Алаш қайрат­керлері еңбегі және қазіргі орта білім беру мәселелері», «Адал аза­мат» біртұтас тәрбие бағдарламасы және Смағұл Сәдуақасұлы еңбек­теріндегі руха­ни мәдени тұтастық идеясы» мен «Смағұлтану» зерттеу еңбектерін білім беру үдерісінде интеграция­лау: ЖИ мүмкіндіктері» бағыттары бойынша пікір алма­сып, зерттеу жұмыстарын ұсынды. Астана қала­сының 100-ге жуық үздік ұста­зы заманауи мектепте ұлттық-рухани құндылықтарды оқыту әдістері, цифрлық білім беру мүмкіндіктері және педагогтердің кәсіби дайын­ды­ғын күшейту жол­дары жөнінде тәжірибе алмасты.

Смағұлтану саласына 35 жыл­ын арнаған ғалым Дихан Қамза­бек­ұлы да іс-шараға арнайы қа­тысып, ұстаздар мен жас маман­дарға тіл­ек-­лебізін білдірді.

– Конференция мерейімізді асырып, елордамыз үшін де, еліміз үшін де ерекше маңызын сыйлады. Оның екі себебі бар: біріншіден, Алаш азаматтарын еске алып от­ыр­мыз, екіншіден, Алаш қайрат­кер­лерін тәуелсіздік жолында құрбан болған деп айтамыз. Енді осының рәміздік бір дерегі, Смағұл Сәдуақасұлы 1933 жылы 16 жел­тоқ­санда бақиға озған. Жарат­қан­ның бәрін де сәйкестендіріп қой­ған құбылысы деп білемін. Тағы да бір ерекше жайт, мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Смағұл Сәдуақасұлының 125 жыл­дығына орай өткен конференцияға құттықтау хатын көрсеткім келеді. Президент әр конференцияға құттықтау жібере бермейді, – дейді Д.Қамзабекұлы.

Д.Қамзабекұлы С.Сәдуа­қас­ұлы­ның ел үшін еткен еңбегі мен ерлігін де сөз етіп, баяндама оқы­ды. Ғалымның айтуынша, С.Сәдуа­қас­ұлы – қазақтан шыққан алғашқы халық мұғалімі. Мемлекет қайрат­кері небәрі 15 жасында учи­лищені бітіріп, халық мұғалімі деген дәре­жеге ие болады. Туған өлке­сінде бірнеше ауылда сабақ береді. Бұдан кейін ауыл шаруа­шылығы учили­щесінде білім алып, халықтың әлеуметтік, экономи­ка­лық жағдай­ын көтеруге күш салады.

– Смағұл ауыл шаруашылығы халыққа қызмет ету керек, мал өнімдерінің бәрі іске жарап, киетін киімге айналу керек дейді. Соны қалай ұқсатамын деп, кооперация деген тетік барын біледі. Халықта өнім бар, сол өнімге техника керек дейді. 18 жасында Батыс Сібірдің белді кооперациясына кіріп, зерт­теулер жасап, мақалалар жазады. Ғасырдан аса уақыт өтсе де, Сма­ғұл арпалысқан салада жанданыс болмай тұр. Ауылға барсаңыз, мал терісі үйіліп қоқыста жатыр. Мал өнімдерінің құны болмай тұр, – дейді зерттеуші.

Д.Қамзабекұлы Смағұл Сәдуа­қа­сұлының ең алғашқы жоғары оқу орнының ашылуына мұрын­дық болғанын, проза мен публи­цистика саласында қалам тербе­генін, бұдан өзге де қыр-сыры­н әңгімелеп берді. Қазақтың біртуар перзенті Смағұл Сәдуақасұлының 125 жылдығы қарсаңында Смағұл аңсаған армандар орындап, әлі де игі істер атқарыла берсін демекпіз.

Айсұлу СЪЕЗХАН