«Мұз айдынындағы» мәселе

Кейінгі кезде Қызылорда қаласындағы 2013 жылы пай­да­лануға берілген «Мұз айдыны» спорт кешенінің сапасына қатысты сын-ескертпелер жиі айтылып жүр.

Негізінен, Сыр өңіріндегі аталмыш заманауи спорттық нысан қысқы спорт түрлерін дамытуға бағытталған. Бірегей спорт кеш­ені өз жұмысын бастағалы спорттың түрлі бағыты бой­ынша ел игілігіне қызмет көрсетіп келеді. Орталық екі қабат­тан тұр­а­ды. Нысанның жалпы ауданы 8 160 метрге тең. Көп­функциялы кешенде хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт трек сынд­ы бірнеше қысқы спорт түрлерімен айналысуға бар­лық мүмкінлік қарастырылған. Алайда кемшілік те жоқ емес.

Қазір спорт орталығында мұз айдынынан бөлек, ойын залы, грек-рим күресі, көркем гимнас­тика баскетбол секілді бірқатар секциялар жұмыс істейді. Соны­мен қатар нысанда жаттық­ты­рушы-оқытушылар бөлмесі, спорт­тық билерге арналған хорео­графиялық сынып бар.

Иә, кешеннің сыйымдылығы үлкен. Кәсіби мұз алаңында бір мез­гілде жүздеген адамға сырға­нап, жаттығуға мүмкіндік бар. Мұн­да жоғары деңгейдегі халық­аралық және республикалық жар­ыс­тарды өткізуге қолайлы жағдай қарастырылған.

Дей тұрғанмен, облыс аума­ғында спорттық-сауықтыру кеш­ен­дері, шағын спорт алаңдары әлі де жетіспейтіні жасырын емес. Білікті бапкерлер тапшылығы да сезіледі. Балаларын спорт сек­ция­ларына қатыстырып, болашағынан зор үміт күтіп жүрген ата-ана­лары­ның толғанысынан осыны аңғаруға болады.

Осы орайда өңірдегі «Мұз ай­ды­нына» қайта оралсақ, негізінен кешенге қатысты келеңсіздіктер көпшілік тарапынан бұған дейін де сөз болған. Бірнеше жыл бұрын орта­лықта жалға берілетін конь­ки­лердің сапасына көптеген сын-ес­кертпелер айтылды. Сол уақытта кеш­еннің материалдық-техника­лық базасының тым ескіріп тұр­ғаны сөз болды. Соған орай кешен басшы­лығы тарапынан арнайы аяқкиім­дерді жаңарту жұмыстары іске асып, елді бір тыныштан­дыр­ған. Енді кейінгі жылдары кеш­еннің сапасы сыр беріп, жөн­деу жұ­мыстарының қажеттілігі туын­дады.

«Негізінен, кешен өзін-өзі қар­жымен қамтамасыз етеді. Яғни, мемлекет тарапынан жөндеу және басқа да жұмыстарына қаражат бөлінбейді. Енді ғимараттың соң­ғы кездегі жағдайына келсек, көп­тен бері жөндеу жұмыстарының жүр­гізілмеуі салдарынан сапасы сыр бере бастағаны жасырын емес. Бірақ демеушілер есебінен кеш­ен­ге кезекті жөндеу жұмыстары жүр­гізілді. Нақты айтқанда, ғима­рат­тың сыртқы қасбеті, шатыры, кей­­бір ішкі кемшіліктері қалпына келтірілді. Мұндай жұмыстар алда­ғы уақытта да кезең-кезеңімен жүзе­ге асырылады», – деп мәлім­деді облыстың Спорт басқармасы.

Басқарманың мәліметіне сәй­кес, облыс әкімінің тапсырмасымен кешенге жөндеу жүргізіліп, қайта жаң­ғыртылыпты. Атап айтқанда,  орталықтың қосалқы кіреберіс аумағы кеңейтіліп, шатыр бөлігі толықтай ауыстырылған. Сонымен қатар ғимараттың қасбетіне лэд экран орнатылып, заманауи жар­ық­шамдармен безендірілген. Ішкі олқылықтар да рет-ретімен қал­пына келтіріліп жатыр екен.

«Жалпы, спорт комплексі ай­мағымызда қысқы спорт түрлерін дамытуға негізделген. Мұнда жас­анды мұз айдыны хоккей, мәнер­леп сырғанау және шорт-трек бойын­ша оқу-жаттығу сабақтары мен түр­лі деңгейдегі жарыстарды өт­кізу­ге қолайлы. Алаң халықтық сыр­ғанау мақсатында да қолдан­ы­ла­ды. Бү­гінде бұл жерде команда­лық спорт ойындары залы да жұ­мыс істейді. Нақты айтқанда, вол­ейбол мен баскетбол секілді ком­андалық спорт түрлері бойын­ша оқу-жат­ты­ғу сабақтары мен жарыстар өткізіліп тұрады. Бұдан өзге, жалға алушы мекемелер тара­пынан жек­пе-жек пен көркем гим­настика залы бар. Бізде мұз ай­дыны ақылы негізде қызмет көрсетеді. Сондық­тан комплекс өзін-өзі қаржымен қамтамасыз етуші мекеме сана­ла­ды. Шама-шар­қымыз жеткенше,  жөндеу және қалпына келтіру жұ­мыстарын жүргізіп отырмыз. Өз қаржымыз есебінен 37 млн теңгеге сыртқы қосымша жөндеу жұмыс­тары, су құбырларын ауыстыру сынды жұмыстар атқарылды. Сол сияқты мұз айдынының бір ком­прес­соры, мұзды тазалайтын қон­дырғының аккумуляторы, жаңадан 300 конь­ки алу, есіктер ауыстыру секілді қыруар шаруалар атқарыл­ды», – дейді кешеннің директоры Талғат Әбдіғаппарұлы. 

Кешен директоры ғимараттың көптеген кемшіліктері кезең-кез­еңі­мен ретке келтіріліп, тиісті жөн­­деу жұмыстары жүргізіліп жат­қанын жеткізді. Алайда әлі де атқарылуға тиіс жұмыстар аз емес.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы