Биыл Әміре Қашаубаевтың Париж төрінде ән салғанына 100 жыл толды. Театр тартуының осы тарихи сәттен тууы көрерменге ғажап әсер сыйлады. Театр директоры, қойылымның қоюшы-режиссері Асхат Маемиров жиналған жұртты ыстық ықыласына бөлей қарсы алып, ақжарма тілегін білдіріп, әдеттегідей қойылымды бірге тамашалауға шақырды. Қарапайым көрермен белгілі актриса Меруерт Өтекешова, Әміре Қашаубаевтың өнердегі немересіне айналған дәстүрлі ән өнерінің мэтрі Қайрат Байбосыновпен бірге ғажап көріністің куәсі болды.
– Биыл Еуропа кеңістігінде қазақтың әнін қалықтатқан, қазақтың музыкалық өнерін, дәстүрлі орындаушылық шеберлігін дәріптеген ұлы әнші Әміре Қашаубаев атамыздың Парижде Халықаралық «ЭКСПО» көрмесінде ән шырқағанына 1 ғасыр толып жатыр. Әрине, қойылымда әнші өміріндегі түрлі кездесу, шытырман оқиға, тіпті өзіндік трагедиясы да бейнеленді. Ол тек әнші емес, қазақ ұлттық кәсіби драма театрының нөмірі бірінші актері болған. Бұл спектакліміз атамызға рухани тағзым жасауымыз деп біліңіздер, – дейді Асхат Маемиров.
Сахналық қойылымды тамашалап отырып, қазақтың дәстүрлі ән өнеріне ынтызарың қалай ауғанын өзің де сезбей қаларсың. Драма Үкілі Ыбырайдың «Гәккуімен» басталып, бұдан әрмен халық әндері – «Жалғыз арша», «Ағаш аяқ», «Дудараймен» жалғасты. Әміренің рөлін сомдаған театр актері Оразалы Игілік Ақан серінің «Шырмауығы» мен «Балқадишасын», Біржан салдың «Ләйлім-Шырағын», «Қыз Жібек» операсындағы Төлегеннің ариясын, жалпы саны – қазақ өнеріндегі шоқтығы биік 8 әнді нақышына келтіре орындап, жиылған жұрттың құлақ құрышын қандырды. «Ағаш аяқ» әнін орындауы көрерменге де ұнағаны сөзсіз, орындаушының шеберлігі мен актерлық табиғатын айшықтай түсетін шығарма О.Игіліктің оң жамбасына түскендей. Бір айтарлығы, актер жай ғана ән салған жоқ, ол ән арқылы Әміренің өр болмысын, биік тұлғасын, жан толғанысын шынайы жеткізе білді. Әміреше қалықтата ән шырқауға бар жігер-күшін, өнерін салып бақты. Ән сала білу – бір өнер болса, Әміре болып ән салу – батылдықты қажет ететін орасан зор еңбек. Шығармашылық ұжымның да халық әндерінің мәтініне едәуір зер салып, талдаудан өткізгенін, барынша түпнұсқаға жақындағанын аңғардық, мәселен «Балқадиша» әніндегі «құшақтап құз-жартасты еңіреп жылағаным-ай» дегенде құз-жартас емес, құс жастық деп өзгерткен. Бұл шешім, расымен де, нанымды болған.
Басты актер бір сахнадан бір сахнаға ауысып, бірде 30 секундта киім ауыстырып әрі монолог оқып үлгерсе, бірде би билеп, бірде «Еңлік-Кебек» спектакліндегі Жапалдың образынан үзінді көрсетіп, бірде Ақан серіше жырлап, енді бірде Алаш азаматтарының мұрасын сөз етіп, Міржақыптың «Оян, қазағын» жатқа оқыды. Қойылымды музыкалық драма деп атағанымызбен, моно-спектакль элементтері басым әрі режиссер сторителлинг тәсілін ұтымды пайдаланған. Бұл тұста басты кейіпкер – Әміре Қашаубаевтың рөлін ойнаған актерға үлкен салмақ түсті және актер жауапкершілік жүгін арқалап, патша көңілді көрерменнің көңілінен шыға да білді. Дәстүрлі әнші Қайрат Байбосыновтың өзі «Інішегіміздің өнері қатты ұнады. Дауысы Әміренің дауысынан еш кем емес» деп жоғары бағалап, ағалық батасын берді. Біз спектакльден соң Оразалы Игілікке хабарласып, шығармашылығы жайында аз-кем тілдестік. Театрдың шығармашылық ұжымы Әзербайжанның Баку қаласында сапарлап жүр. Театр ендігі кезекте су жаңа қойылымды Әзербайжан мемлекеттік академиялық музыкалық театрының көрерменіне ұсынды. Бұл театр сахнасында осыдан 100 жыл бұрын Әміре Қашаубаевтың табаны тиген, жұртты аузына қарата өнер көрсеткен. Қазақ өнеріндегі тарихи, рухани жалғастық деп осыны айт.
– Моно-қойылым жанрынан қатты алыстаған жоқпыз, қосылған актерлардан Әміреге 90 пайыз күш түсті десем болады. Басынан аяғына дейінгі сахнада өзім ойнап шықтым, Әміренің Париж төрінде шырқаған әндерін орындадым. Бір сахнадан бір сахнаға өту, ортасында сөз сөйлеу, монологы бар, монологтан кейінгі әндері бар. Әрине, оңайлықпен келетін дүние жоқ. Актер рөлдің динамикасын сақтап, көрерменге сенімді жеткізу үшін еңбек ету керек. Дәстүрлі әнді орындау, оны домбырамен айтуға да үлкен жауапкершілік керек. Ауытқып кетпей, өз деңгейінде айтып шығудың өзі оңай емес. Барынша алып шықтық деп ойлаймын. Көрермен бағасын әлі де бере жатар, – дейді Оразалы Игілік.
Актердың айтуынша, ол дәстүрлі ән өнерін атасы мен әкесінен меңгеріп, кейін ұстаздарының бағыт-бағдарымен бойға сіңіріп, жанына серік еткен. Музыкалық театр әртісі актер мамандығын тәмамдаса да, өзін жан-жақты жетілдіріп жүріп, орындаушылық қасиетін кәсіби тұрғыда дамытқан.
– Ұстаздардан тыңдап, қарап жүріп өз бетіммен барынша, қолымнан келгенінше, шабытымның шапқанынша үйрендім, халыққа жеткізуге тырыстым. Әміре салып кеткен әндер – кең тынысты, биік нотада айтылатын туындылар. Бұл әндердің күрделігін дайындық кезінде түсіндім. Дәстүрлі ән өнерінің майталманы Қайрат Байбосынов ағамыздың премьераға келіп, спектакльден кейін ортаға шығып, әз батасын беруі ерекше шабыт сыйлады. Бұл – үлкен мәртебе, – дейді шебер актер.
Қойылымда ұлы әншінің шығармашылығымен қатар, Әмірені қыршындай қидырған зұлмат заман бейнесі де көрініс тапты. Әншінің «Өнерпаздың өмірі – өнер. Ал оның өнеріне шек қою өміріне шек қоюмен тең...» деген ішкі айқайы көрермен жүрегіне жетті. Париж сахнасы Әміренің атын бар әлемге паш етіп, бағын ашқанымен, сол сапардың маңдайға сор болып жабысқаны да анық еді. Парижде Мұстафа Шоқаймен жүздесуі НКВД-ның тергеуіне сылтау боп ілікті. Ұлы әнші сайқал саясаттың құрбанына айналып кете барды.
Әміре Қашаубаев Париж сапарынан соң түрме мен театр ортасында өмірін өткізді. Оны өнердегі достары да мойындаған, театрға көк ала қойдай боп, тергеуден әрең босап келетін, қойылымнан соң НКВД адамдары қайта алып кететін. Қойылымдағы әр деталь өте маңызды сипатқа ие. Режиссер кейіпкердің ішкі қайшылығын керемет көрсеткен, темір тор мен ақ шымылдық сол қайшылықты бейнелеп берді. Домбыраның әуеге көтерілуі, түйіншектелген ақ шымылдықтың жоғарыға шығуы – әнші өмірі мен өнерінің бір сәтте үзілгенін көрсетті. Тілсіз жеткізген бұл сәт өзегіңді өртеп, еріксіз көзге жас әкеледі... Құлаққа «Әнге шөлдеген Әміремін ғой...» деген үн келеді...
Бұл күні дәстүрлі ән өнерінің шебері Қайрат Байбосынов та қалың елге ашылып, Әміре туралы естеліктерді сөз етті. Әншінің ұстазы Жүсіпбек Елебеков болса, ал Жүсіпбек Елебеков Әміре Қашаубаевтың шәкірті болған екен. Бір кездері Әміренің үйіне жастар жиылып, қонақ тарқамайтын алаңсыз шақтар да өтті. Сол кезде жас шәкірттер ұлы әншінің өнерін тамашалап, өзінен сабақ алып үлгерген.
– Самаурынға шай қойылып, табаққа ет тартылып, астан кейін Әміре ән шырқап, әңгіме айтады. Ертеңінде қайталап сұрасаң, айтпайды, бір айтқаннан қағып алу керек дейді. Жастар Әмірені жағалап жүріп, тәлім алған. Сол кезде өткен концерттер Әміре мен Иса Байзақовсыз аяқталмайтын. Бәріміз ән орындап болғаннан кейін екеуі сахнаға шығады, халық таңға дейін тыңдап отырады. Сондай қызық дәурендер жайлы ұстамыз көргенін әңгімелеп беретін, алайда Әміренің қиындықтары жайлы көп айтпады, – дейді Қ.Байбосынов.
Әміренің көзін көргендердің сөзінше, ол ән салғанда, өзінен 12 шақырым жерде мал бағып жүрген жылқышылар дауысын естіп, атпен шауып келіп, өнерін тамашалайды екен. Дауысының құдіретін сол кезеңдегі ешбір техникалық құрылғы көрсете алмайды, ал шынайы өмірде естісең, залды жарып жіберетіндей күшке ие, аспалышам сынып кетердей сыңғырлайды. Әміре – қарапайым халықтың арасынан шыққан даланың баласы. Жалақы алғанда, «Қаш» деп қол қоятын, басқа ештеңе білмейтін деген шынайы әңгімелер де бүгінге жеткен.
– Әміренің қиналғаны, ауырғаны рас. Оның өмір сүрген кезеңі қаһарлы болды. Жұмысқа бара жатқанда, Алматының арығы өлікке толғаны сонша, қып-қызыл қан ағып жатады дейді. Жұмыстан қайтарда орнын тып-типыл етіп тазалап қояды, ертесінде тағы да сол маңда өлік қайта қаптап, жиналып қалады екен. Әлі де белгісіз дүние өте көп. Ең бастысы, халық өнерін әлі сүйеді. Әміре әбден ақкөңіл, мінезі жайдары, ешкімге қатты сөйлемейтін, тамаша ер азамат болатын. Мінекей, солай Жүсіпбектен оқыдым, қазір Әміренің өнердегі немересі болып қалдым, – дейді Қ.Байбосынов.
Біз көрерменнің де пікірін білуге тырыстық. Химия пәнінің мұғалімі Айшабибі Дәулет те көңілінен шыққанын жасырмады.
– Қойылым өте ұнады. Мені таңғалдырған тұсы – басты актердың бастан-аяқ бір өзі ойнап шығуы. Ол – үлкен еңбекті талап ететін жұмыс, әрі екінің бірінің қолынан келе бермейді. Даусының өзі, шынымен де, Әміреден кем емес секілді. Бірақ «Құлагерім» деп Ақан сері мен Мұстафаны сипаттайтын тұсы түсініксіздеу болды. Жалпы, ерекше әсер алдым. Тарих тамырына бір бойлап қайттым, – дейді Айшабибі.
Қазақ дәстүрлі ән өнерінің, театр өнерінің тарихында ізі қалған Әмірені жас буынға жаңғыртып таныту, көрермен жүрегіне жеңіл жол таба білу –шебер режиссердің еңбегі. «Әміре» драмасының ғұмыры да өміршең болсын демекпіз.
Айсұлу СЪЕЗХАН