Әуе дәлізінің әлеуеті зор

Қазақстан авиахаб құру бойынша нақты істерді қолға ала бастады. Соның арқасында жүк тасымалын ұлғайтуға, жылдам әрі дер кезінде тұтынушы елдерге тауар жеткізуге мүмкіндік туады. Ел қазынасына түсімді арттырып, экономиканың тұрақты қозғаушы күшіне айналу жоспары да бар.

Таяуда Президент Қ.Тоқаев өңірлік жүк авиахабтарын дамыту жөнінде кеңес өткізді. Онда авиа­хабтарды дамыту көлік-тасымал саласындағы басым бағыттардың бірі саналатыны сөз болды. Соны­мен қатар алдағы жылдары әуе жүк­терінің жиырма пайызы «Азия – Еуропа» бағытына тиесілі болаты­нын айтып, авиахабты дамыту бо­йынша бірқатар тапсырма жүктеді. 

– Күллі әлем елдері транзиттік мүмкіндіктерін арттыруға ерекше мән беріп отыр. Халықаралық бә­секелестік күшейе түсті. Қазір Қа­зақстан арқылы жөнелтілетін жүк, негізінен, автомобиль және темір­жол арқылы тасымалданады. Бірақ сарапшылар жыл өткен сайын әуе жолдары арқылы өтетін жүк тасы­малы, яғни air cargo-ның үлесі арта түседі деген болжам жасауда. 2040 жылға қарай әуе жүктерінің 20 па­йызы «Азия – Еуропа» бағытына тие­сілі болмақ. Еліміз теміржолды, автокөлік жолын және әуе тасы­малын қамтитын мультимодальді логистика жүйесін қалыптастыруы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Аймақтың тиімді тұсы

Үкімет дерегінше, биыл авиа­ция­да 139,6 мың тонна жүк, 13,1 млн жолаушы тасымалданыпты. Қазақстанның авиакомпания­ла­ры­ның әуе кемелері паркі 105 бір­лікті құрап, 8 жаңа ұшақ қолда­нысқа берілді. Қазір 31 елмен 144 халықаралық бағыт бойынша ап­тасына 842 рейс жасалады. Салада ірі инфрақұрылымдық және ин­вестициялық жобалар жүзеге асуда. Арқалық әуежайы қалпына келті­ріліп жатыр. Алматы қаласы әуе­жайын дамытудың бас жоспары және 362 млн доллар сомасындағы TAV Airport Holding инвестициялық бағдарламасы таныстырылды. Ас­та­на қаласы әуежайын дамыту бо­йынша жалпы сомасы 547 млрд теңгеге инвестициялар туралы ке­лісім жасалды. «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-да жүк-жолаушылар әуежайын салу бойынша жалпы со­масы 250 млрд теңгеге инвести­циялар туралы келісім жасалды. Азаматтық пилотсыз авиациясын дамытудың 2025-2031 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабыл­данды. Ішкі нарыққа жаңа авиата­сы­малдаушылар кірді. Будапешт, Шанхай, Сеул, Гуанчжоу, Мюнхен сияқты және тағы да басқа ірі қа­лаларға рейстерді қоса алғанда, 35-тен астам жаңа маршруттар ашы­лыпты. Демек, бірқатар істер қолға алынып жатыр деген сөз.

«Қызылжар халықаралық әуе­жайы» ЖШС директорының мін­детін атқарушы Абыл Кекілбаев мемлекеттік деңгейде авиахаб құру ісі қолға алынғанын құптайды. Алайда авиация саласында кадр тапшылығы мен авиа отын проб­лемасы шешілмей, іс өнбейтінін байыптап отыр.

– Әуе тасымалы үшін Қазақстан географиялық тұрғыдан өте тиімде аумақта орналасқан. Авиахабты дамытуда тек Үкімет пен инвестор­дың қолдауы аздық етеді. Сондық­тан елдегі көлік-транспорттық жо­баларын кешенді түрде қарас­тыру керек. Азаматтық авиация ака­демиясында мамандар даярлан­са да, әуе компаниялар, әуежай­лардың 20 астам оқу орталықтары болса да, кадр тапшы. Жанармай жолаушы тасымалдауға жеткілікті, алайда жүк тасылмалына жетпейді. Ресейден ғана емес, авиа отынды Қытайдан тасымақшымыз. Негізі, Jet A-1 деп аталатын жанармайын әкелген жөн. Алматы мен Қара­ған­дыға арнайы жанармай қоймалары салынуда. Астана, Алматы әуежай­лары 10 млн жолаушы қабылдауға қауқарлы, ал өңірлердің әлеуеті әлі мәз емес. Сол себепті 6 орталықты да­­мыту жоспары дұрыс. Егер авиа­хаб құруды мықтап қолға алсақ, ай­мақтағы ең ірі авиаорталыққа ай­налар едік, – деді авиация маманы. 

«Қазаэронавигация» РМК баспасөз қызметінің хабарла­уын­ша, 2024 жыл қорытындысында отан­дық аэро­навигация саласында рекордтық көрсеткіш тіркелген. Бір жылда елдегі әуе­­­жайларда тран­зиттік, халықаралық, іш­кі ұшу­лар­ды және жүк операцияларын қо­са алғанда, жалпы саны 446 106 ұшуға қыз­мет көрсетті. Оның 334 256-сы – тран­зиттік ұшу, бұл 2023 жылда­ғы­дан 8%-ға көп (алдыңғы жылы 308,2 мың болған). Сондай-ақ жолау­шы­лар легі осы жылы 29,7 млн адамнан асқан, бұл 2023 жыл­мен салыс­тырғанда 14%-ға артық. Әуе арқылы жүк тасымалының кө­лемі 55%-дан астам ұл­ғайып, 25,1 мың рейсті құрап отыр. Демек, әуе тасыма­лының екі бағыты да жыл сайын артып, сервистік қа­жеттіліктер көбейіп отыр дегенді білдіреді.

Экономикалық үлесін арттыру маңызды

Білікті экономист Сапарбай Жобаев Қазақстанда авиахабды дамыту, цифрлық форматқа келтіру экономикалық тұрғыдан үлкен табыстарға жол ашатынын айтады. Сондай-ақ қаржыгердің айтуынша, транспорттың экономикадағы үле­сі шамамаен 7-8 пайыз болса, авиа­хаб кем дегенде соның 2-3 пайыз деңгейіне жете алатын көрінеді. Бұл көрсеткіштерге жету үшін авиа хабты дамыту аяқсыз қалмай, со­ңына дейін тындырылса, салада өркендеу болады екен.

– Қытай мен Еуропа арасында қатынайтын ұшақ көп. Бірақ бұ­лар­ды қабылдап, өткізетін әуежай­ларымыздың мүмкіндігі аз. Өзіміз­дің жүк таситын ұшақтар болғаны жөн. Ол үшін инвестиция тарту қажет. Түркия бұны жолға қойған. Еуропа, Азия араб елдеріне түрік әуе жолдары арқылы тауар тасы­малданады. Олар ұшып-қонатын жолдарды жүк тасымалына, жолау­шы тасымалына деп бөлген. Азия­дан шыққан ұшақ Еуропаға жетеді. Ал темір жол, жүк көлігімен тасу үшін 15-20 күн кетеді. Транс­порт­тық әлеуметіміз 7-8 пайызды құ­раса, соның ішінде әуе жүк тасы­малын 2-3 пайызға өсіре аламыз. Қарағанды мен Астанадағы ұшақ, тікұшақ құрастыратын зауыттары­ның жұмысы тоқырады. Негізі, өзімізде де ұшақтар құрастыруға болады. Өйткені өзім де Ташкент ұшақ зауытында істеп, машақатын көргенбіз. Оған шама келмесе, әзір әуреленбейік. Авиация дамығаны, қазақ экономикасының әрта­рап­танғандығын білдіреді, – деп есеп­дейді экономист.

Президент Жолдауын жүзеге асыруда басым бағыттардың бірі жүк қозғалысына онлайн-мони­торинг жүргізу, мемлекеттік және жеке цифрлық платформаларды интеграциялау үшін толықтай цифрлық шешімдерді, оның ішінде Smart Cargo экожүйесін енгізуді қозағаған болатын. Алайда бүгінде сервистердің барлығы бірдей қосылып, жұмыс істеп тұрған жоқ. Осыған байланысты жуырдағы Үкі­мет жиынында Премьер-ми­нистр Көлік министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін сер­вистер мен ақпараттық ресурс­тар­дың толық интеграциясын аяқ­тау­ды тапсырды. Сонымен қатар әуе жолдары арқылы өтетін жүк тасымалы саласында элек­трон­­ды құжат айналымына көшу­ді жедел­дету және e-Freight ақпа­раттық жүйесі ақталуға жақын қалыпты. 

Цифрлық жағын жүйелеген жөн

Авиацияның цифрлық жүйелер арқылы бақылануы оң бастамаға баланып отыр. Авиация саласын­дағы цифрлық платформалардың тиімділігін өз пайдасын беретініне ІТ сарапшы, цифрландыру сала­сы­ның зерттеуші маманы Мейіржан Әуелханұлы сенім білдіреді. Дей­­тұр­ғанмен, ақпараттық қауіпсіз­дікті қатаң сақтау қажет деген ойда. 

– Цифрлық жүйелер арқылы жалпы көлік транспортын бақылау  пайдалы. Азаматтық жолау­шылар ұшағы, келім-кетім адамдар онсыз да бақыланатын шығар. Ал әуе цифрлық платформалар арқы­лы әуе жүк транспортын бақылау өз тиімділігін береді. Мәселен, қанша жүк тасымалданып жатыр, авиациа саласында қанша қаражат айна­лыс­қа түсуде, осының бәрі цифр­лық мүмкіндіктер арқылы бақыланып, ел қазынасына тікелей құйыла алады. Десе де, азамат­та­ры­мыздың жеке деректері қорғал­май, шетелге тарады деген ақпарат желдей есті. Сондықтан цифрлық блок, кибер­қауіпсіздік басты назар­да сақталуға тиіс. Әйтпесе, әуе жүк тасымалынан түсетін пайда өзгелерге қалтасына құйылмасына кім кепіл?! Сол се­бепті қауіпсіз, барынша ойлас­ты­рылған цифрлық платформа ғана авиацияны сөзсіз дамытады, – дейді цифрлық сарапшы. 

Көлік министрлігінің мәліме­тін­ше, 2025 жылдың бірінші жар­тыжылдығында елдегі авиаком­па­ниялар 7,2 млн жолаушы тасымал­даған, былтырмен салыстырғанда 6%-ға артық. Әуежайларда жолау­шыларға қызмет көрсету көлемі 14,4 млн адамға артқан. Бүгінде ішкі авиатасымалдар жиілігі ап­тасына 849 рейс болатын 61 бағдар бойынша орындалады. Кейінгі жылдары елде 20 ұшу-қону жолағы, 19 терминал реконструкцияланып, Түркістанда жаңа әуежай салынды. Жалпы, 2030 жылдың соңына де­йін флот 221 бірлікке дейін ұлғай­ты­лады. Сондай-ақ 2025 жылы 36 бағдарды ашу және жаңарту жос­парлануда. Инвестициялық бағ­дар­ламалар шеңберінде авиация саласына барлығы шамамен $2,9 млрд тарту көзделген. Қаражатты ірі жобаларды жүзеге асыруға, атап айтқанда, Катонқарағай, Зайсан, Кендірлі, сондай-ақ Арқалық ту­ристік аймақтарында жаңа әуе­жай­лар салу, 10 ұшу-қону жолағы мен 10 терминалды реконструкциялау, арнайы техника паркін жаңарту жұмыстарына жұмсалмақ. Үкіметті шілдедегі отырысында жүк авиа­ком­паниясын құру жөніндегі бас­таманың іске асырылу барысы қа­ралған еді. Бұл жоба әлемдік жүк авиатасымалы нарығының тұрақты өсуіне байланысты қолға алынғалы отыр. Бүгінде ондағы көлем 57,7 млн тоннаны құрайды, бұл ретте тасымалдардың шамамен 15%-ы Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы өтеді. Бұндай бастама біздің мықты авиахабқа айналуымызға негізгі болмақ. Көлік министрлігінің БАҚ-пен жұмыс басқармасының бас­шысы Даулет Самбетбаев авиа­хаб бағытында атқарылып жатқан істерден хабардар етті. 

– Қазір Астана, Ал­маты, Шымкент, Ақтөбе, Қара­ған­ды ​​және Ақтау әуежайларында муль­тимодальды авиациялық хаб­тар­ды дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл салада қолда­ныстағы әуежайларды жаң­ғыртуға, жаңа терминалдар салуға, ло­гистика мен инфрақұрылымдық қуатты дамытуға бағытталған ай­тар­лықтай жұмыстар аяқталды. Бұл қуаттылықты арттырады және ел­дің авиация саласының одан әрі өсуіне жағдай жасайды. Инвестор­лар елдің негізгі әуежайларын да­мытуға белсенді түрде қатысады, инфрақұрылымды жаңғыртуға және қуаттылықты арттыруға ай­тарлықтай инвестиция салып жа­тыр. Бұл жобаларды одан әрі да­мыту үшін бірқатар негізгі бағыттар ұсынылады. Соның ішінде, арнайы экономикалық аймақтарды дамы­ту, авиациялық отынмен қамта­ма­сыз ету, ұшақтарды сатып алу, жүк компаниясын құру, маманданды­рылған жабдықтарды жаңғырту және жеке инвестициялар арқылы инфрақұрылымды жаңарту қолға алынып келеді, – деді министрлік өкілі.

Ресми деректер бойынша, биыл­ғы 10 айда Қазақстан арқылы транзиттік тасымал көлемі 29 млн тоннадан асқан. Әуе тасымалы бо­йынша Астана мен Алматы ал­дың­ғы орында тұр. Ал мемлекеттік меже бойынша 6 өңірлік авиахаб құру – басты міндет. Осылайша, биыл­ғы жылдың көрсеткіші бо­йын­ша 6,5 пайызға артып отыр. Біз­дің елдің Азия мен Еуропа ара­сындағы қолайлы географиялық аумақта орналасқандығы саланы бұдан әлі ілгерілету керек дегенді ұғындырады.

Олжас ЖОЛДЫБАЙ