Қаржы пирамидалары: шыңына тек алаяқ шығады

Қозғалған істер бойынша ғана 1 жылда қаржы пирамидаларының халыққа келтірген залалы 20 млрд теңгеден асты. Сот үкімі шығып, ұйымдастырушысы, көбіне орындаушылары сотталған пирамидалар саны 54-тен асты.

Дәл қазір әлеуметтік желі мен мессенджер арқылы тағы қаншасы әрекет етіп жатқаны нақты белгісіз. Құзырлы орган бұл қаскүнемдердің схемасы тоқтаусыз түрленіп жатқанын ескертті: олар қайырымдылық қоры, автолизинг, ауылға не анаға көмек, баспанамен қамту және басқа «бағдарламаны» жамылып, қылмысын бүркемелей бастады.

Банк, байланыс операторы, пошта, тіпті полиция, про­кура­тура өкілі ретінде өзін жалған та­ныстырып, адамның үрейін ұшы­рып, екі аяғын бір етікке тыға асық­тыратын интернет-телефон алаяқ­тарынан айырмашылығы, бұл қаскөйлер құрбанын еш қор­қы­тып-үркітпейді. Жарқын бола­ша­ғын алтынмен аптап, күміспен көм­керуге уәде етіп, жылы сөзбен іші-бауырына кіреді. Жұрт жиған-тергенін оған өзі апарады. 

Адамның өзі құмартып, есіл-дерті сол болса, бұған мемлекеттің тоқ­тау салуы қиын. Кейде сарап­шы­лар, депутаттар құрбандарды осы қадамға тез баюға ұмтылу­шы­лық, пайдакүнемдік, қаржылық сауат­сыздық қана итермелейді деп жа­тады. Бұлай біржақты күстә­на­лауға болмайды. Төмен тұрмыстан титықтаған қазақстандықтардың бір бөлігі өмірдің тұйығынан құ­тылу үшін банктен кредит алып, ол қаражатты пирамида арқылы тез көбейтіп алуға тырысады екен. 

Шымкент тұрғыны Бақтықожа аг­регаторға тіркеліп, таксилету үшін 3,6 миллион теңге несие рә­сім­деп, көлік сатып алады. Бірақ көп ұзамай, жол-көлік оқиғасына ұшырап, көлігі сынған. Жинағын оны жөндетуге жұмсаған. Бір жыл­­дай тұрақты табыс таппа­ған­дық­тан, банктегі кредитін өтеуді тоқ­татады, соның салдарынан өсім­пұл, айыпақы үстемеленіп, бе­ре­шегі 6 миллионға жеткен. Та­ны­сының кеңесімен, микроқаржы ұйымынан 1,4 миллион микро­не­сие алып, оны «3 күнде 30%» пи­ра­­мидасына салады. Қаржылық пи­рамида екенін білген, бірақ амал­сыздан барғанын айтады. Бір-екі рет бонус алды, шығып кет­се, оны қайтаруды талап ете­тін­­­діктен, қалыпты. Бүгінде сал­ға­­­нынан айырылып, қарызы ұл­ғайып, банкроттыққа өтініш беріп жат­қан көрінеді.  

Ranking мониторинг агент­тігі­нің сарапшылары Қазақстан хал­қы­ның қаржы пирамидаларына қар­жысын сеніп тапсыруының өз­ге де себептерін атады. Мысалы, олар заңды бизнестің «терісін» жа­мылады. Заманауи пирамидалар заң­намадағы олқылықтарды, тех­но­логиялық жаңашылдықтарды оң­тайлы пайдаланады. Сайттары не­гізінен арнайы тапсырыспен, са­палы жасалады, тартымды ке­ле­ді. Кейбірі тіпті «аудиторлық есеп­те­рін» жариялайды, белгілі бло­гер­­лерді, танымал тұлғаларды ша­­­­қырып, түрлі іс-шара өткізеді. 

Клиенттеріне түпнұсқадан айыруы қиын «лицензия­ла­рын» көрсетеді. Салық орган­да­рын­да заңды түрде тіркеледі. Ма­­­­­мандардың өзін жаңы­лыс­ты­ра­тын күрделі маркетингтік схе­ма­лар түзеді. Мысалы, дамыған ел­дерде жылжымайтын мүлік «са­­тып алады», өмірде бар ком­па­нияларға «инвестиция салады». Мұның жалған екенін тек құзырлы ор­гандар шет мемлекеттерге ар­найы сұрау салса біле алар еді. Өз са­ласының білгір маманын – ме­мор­гандар, банктер мен ин­вест­ком­паниялардың тәжірибелі қыз­меткерлерін жалдайды. Осының бәрі сауатты адамның өзінде «ком­­панияның» сенімді екені ту­ралы жалған сенім қалыптас­тыра­ды. 

Мұның сыртында, қаржы пи­ра­мидалары әлеуметтік орта мен ара­ласатын адамдар арқылы қы­сым жасайды. Мысалы, «ұзын­құ­лақ­пен» айналадағы адамның бәрі «мы­на бір компанияға ақша са­лып, күреп табыс тауып жатыр» де­­ген гу-гу сөз таратады. Ұжым­дар­мен, қызығушылығы бір адам­дар топ­­­тарымен, клубтармен жұ­мыс іс­тейді, белсенділеріне тө­­­лей­ді, «фи­­лиал директоры ете­мін» деп қы­зықтырады. 

– Сөйтіп, «тобыр эффектісі» қа­лыптасады. Адам «жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп ада­сайын» деп ойлайды. Адамға өз ор­тасына, тобына қарсы жүру азап. Әрі бастапқы кезде кейбір «са­лымшының» шынымен табыс тауып жатқанын көреді. Қаржы пи­рамидалары «эпидемиясының» Қа­зақстанда кең етек жаюына мем­­лекет тарапынан тиісті бақы­лау мен тиімді алдын алу шарала­ры­­ның жоқтығы да ықпал етті. Жауапты органдар алаяқтық схе­ма­ларды әрдайым жедел тауып, жыл­дам жолын кесе бермейді. Бұ­ған бірнеше жыл жұмсап жата­ды. Құрбандар саны болса, күн сайын өседі. Көптеген пирамида жар­тылай заңды түрде жұмысын жал­ғастыра береді. Жаңа инвес­ти­циялық жоба ретінде дәріптелетіні де кездеседі, – дейді агенттік сарап­шылары.

Соның кесірінен, «ХХІ ғасыр­дың МММ-дері» еркінсіп, Қазақ­стан­ның барлық өңірін жайлап, ға­ламтор арқылы мектептегі ба­ла­дан еңкейген кәріге дейін жадын жа­­дылап барады. Қаржы пи­ра­ми­да­лары қазақстандықтардың қауіп­­сіздігіне ең үлкен қауіп төн­ді­ре­тін заманауи фактордың бірі­не айналды. Ел халқына келтіріл­ген залалы миллиардтап саналады. Тек 2024 жылы (2025 жылдың қо­ры­тындысы келесі жылы жария­ла­нады) қаржы пирамидасы схе­маларынан келтірілген шығын 20 миллиард теңгеден асты. Бұл тек қыл­мыстық іс қозғалып, әш­кере­ленгені ғана. Іс жүзіндегі елге кел­­­­­­ген залал одан бірнеше есе көп болуы мүмкін.

Өз кезегінде Қаржылық мони­то­ринг агенттігі қаржы пирамида­ларының (ҚП) жолын кесу және олар­ды анықтау бойынша жүйелі жұ­мыстарды жалғастырып жат­қа­нын хабарлады. Оның дерегі бойын­ша, 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында 31 қаржы пирами­да­сына қатысты 90 сотқа дейінгі тер­геп-тексеру аяқталды. 7 млрд тең­­ге көлемінде залал өтелді. Жал­­ған инвестжобалар туралы ақ­парат таратқан және ҚП схе­ма­ларының белгілері бар 14,6 мың­нан астам сайт бұғатталды. Бұл 2024 жылға қарағанда 36,4%-ға көп. Instagram, Telegram плат­фор­ма­ларында 535 мыңға жуық қа­ты­сушысы бар 100-ден астам заңсыз чат жабылды. 

Айта кету керек, ҚМА ресми ре­­сур­сының бас бетінде қаржы пи­ра­мидаларының тізімі жария­лан­ған: сайттың жоғарғы оң жақ бұрышында «Қаржы пирамида­лары» деген жеке бөлім бар. Осын­дай арам ұйымдардың ны­шан-белгілерін тексеруге арнал­ған Baiqa, piramida! Telegram-боты іске қосылды. «Егер өзіңіз не жа­қын­­дарыңыз қаржы пирами­да­сы­ның қызметіне тап болсаңыз, Эко­­номикалық тергеп-тексеру де­­пар­таментіне хабарласуыңызды сұ­раймыз. Азаматтарды қырағы болу­­ға және өз жинақтарын кү­мән­­ді қаржылық жобаларға сал­мау­ға шақырамыз!» – деп халыққа қайырылды агенттік. 

Жалпы, қазан соңындағы жағ­дай бойынша ҚМА «сот­қа дейінгі тергеп-тексеруді бас­таған жо­балар­дың тізімінде» – 19, «сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқ­талған ҚП белгілері бар жо­ба­лардың тізімінде» – 43, «ҚП құру жә­не ұйымдастыру фактісі бойын­ша сот үкімі шыққан жобалардың тізімінде» – 54 қаржы пирамидасы тіркелген. 

Бұл кесірлі ұйымдармен кү­рес бір мезетке де толас­та­ма­ғандай: ҚМА апта сайын қан­дай да бір қаржы пирамидасының әшкере болғаны туралы ақпарат жариялайды. Тергеу анық­та­ған­дай, алаяқтар «қулығына құрық бойламайды» екен. Схемалары сан-салалы болып келеді. 

                                                                        коллаж: Елдар ҚАБА

Бір схемасы мынадай: 2025 жыл­ғы қарашаның соңында ҚМА Абай облысы бойынша департа­мен­ті ELL QUATY қаржы пира­ми­­да­­­­­сының қызметін тоқтатты. Оның қалқан еткені – тұтыну ко­оперативі түрінде құрылды. Ұйым­­дастырушылар елді коо­пера­тивке мүше болуға шақырған. Оның мүшелері «мемлекеттік қол­дау арқасында» тұрғын үйді, авто­көліктерді еш пайызсыз бөліп төлеу («рассрочка») арқылы алады деп сендірген. Мүше болуы үшін «пай­лық жарналарды енгізуді» ұсын­ды. Арнайы сайты және әлеу­­меттік желі арқылы өз қыз­ме­тін жарнамалап, «Әр отбасыға ба­қыт!» деген ұран таратқан. Мұ­ның «халыққа ең жақын коопе­ра­тив» екені жөнінде жалған образ қа­лыптастырыпты.

Жаңа салымшыларды тарту үшін басшылық түрлі маркетинг­тік акциялар өткізді, соның ішінде тіпті «Солнечная Турция» туристік жол­дамаларын ұтысқа қойды. Ұйым­дастырушы өз атына QAZ INFO MARKET ЖШС-ын заңды түрде тіркеп, сол арқылы заңсыз табысын «елге көрсеткен кәсіби, ғы­лыми және техникалық қыз­мет­терінен түскен төлем» ретінде көрсетіп, заңдастырды. Пирамида 1,5 мыңнан аса салымшы тартып үлгерді, олар жалпы сомасы 6,8 мил­лиард теңге қаржы құйған. Ұйым­­дастырушысы қамауға алын­­д­ы. Тергеу жалғасады.

Екінші бір схемасы келесідей: ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті Warner Bros ҚП-сын құру және оны басқару фактісі бойын­ша тергеуді аяқтады. Оның ұйым­дастырушылары халықты жо­ғары табыс табу уәдесімен ин­вестиция салуға үгіттеді. Жобаға заң­ды көрініс беру үшін осы іске еш қатысы жоқ танымал гол­ли­вуд­тық компанияның атауын пай­да­ланған. Қатысушыларға оның фильмдерінің трейлерін та­ма­ша­лау, жаңа салымшыларды тарту арқылы табыс табу ұсынылды. 

Жоба 9 деңгейден тұрды, әрбір адамның енгізген орташа салы­мы­ның мөлшері 225 мың теңгеге жет­ті. Төлемдер тек USDT крип­то­валютасында қабылданыпты. Әкімшілері арнайы чаттар құрып, оқыту жүргізген, нұсқаулықтар, бей­­нероликтер таратқан, жылдам табыс пен криптовалюта түрінде сыйақыны уәде етті. Тергеу бары­сында салымшылардан жиналған қара­жат сақталған криптоә­миян­дар табылды. Алданған 40 адам­ның шығыны сондағы криптоак­тив­тен өтелмек. Жалпы сомасы 3,8 млн USDT көлеміндегі крип­тоак­тив тұтқындалды. Сот үкімі­мен ұйымдастырушы 5 жылға те­мір торға қамалады.

Үшінші схема да жаға ұстата­ды: Қарағандыда қаржы пирами­да­сы қайырымдылық ұйымы аты­­мен жұмыс істепті! ҚМА Қара­ған­ды облысы бойынша депар­та­мен­ті «Үміт Самғау» қаржы пира­ми­­дасын құру және оған бас­­­шы­лық ету де­регі бойынша сотқа дейінгі тер­геп-тексеруге кіріс­ті. Компания өз қыз­метін жал­ғызбасты аналарға, көп бала­лы және аз қамтылған от­ба­­сыларға көмек көрсететін қайы­рым­дылық жобасы түрінде жарна­ма­лаған. Азаматтарға салған қа­ра­жатының 300%-дан 800%-ға дейін ғаламат табыс әкелетінін жа­­риялап, әркімнің қалтасына қа­­рай әртүрлі «салым түрлері» ұсы­­нылған.

Қатысушыларға төлемдер нақ­ты кәсіпкерлік қызмет есебінен емес, жаңа салымшылардың қара­жаты есебінен жүргізілді. Қыл­мыс­тық схемаға ұйымдастыру­шы­ның туыстары, таныстары «дроп­пер» ретінде тартылды. Бұл схемаға 400-ден көп азамат жалпы көлемі 100 миллион теңгеден астам қаржы­сын құйып үлгерді. Сот санкция­сы­мен күдіктінің тек пәтеріне жә­не автокөлігіне тыйым салын­ды. Тергеу жалғасып жатыр. 

Тағы бір схема төбе шашты тік тұрғызады: оның кеса­пат «көлеңкесі» зергерлік салаға түсті. Шымкентте Nazira Gold ҚП-сын құру және басқару ісі бойын­ша сот үкімі шықты. Өзін зергерлік бұйымдарды сатумен айналысатын компания деп таныстырған ұйым­дастырушылар салымшыларға ай сайын 20-40% көлемінде табыс төлеуге уәде етеді.

Алайда төлемдер нақты табыс­тан емес, жаңа салымшылардың есе­бінен жүзеге асырылған. Қар­жы пирамидасына 4 мыңнан ас­там азамат тартылды. Ұйым­дас­ты­ру­­шылар салымшылардан түс­кен ақ­шаны өзіне қымбат ав­то­кө­ліктер, жер телімдері, пәтер­лер са­­тып алуға шығындады. Сот үкі­­мімен 9 адам кінәлі деп таны­лып, олар 5 жылдан 10 жылға дейін абақтыға жабылды. Сот ше­шімімен 402 млн теңге қаражат, 52 автокөлік, коттедж, элиталы тұр­ғын үй кешендеріндегі 2 пәтер, сон­дай-ақ 17 келі зергерлік бұйым мем­лекет пайдасына тәркіленді.

Құқық қорғау ұйымдарының күресіне қарамастан, қаржы пи­ра­мидасының тұзағына түсіп қал­маудың басты бір жолы қалып тұр: тексеріп, сақтық таныту, ақырын жүріп, анық басу. Себебі сарап­шы­лар құзырлы құрылымдардың қызметі негізінен құрбандардың ша­ғымымен, жұмысы қарқын ал­ған қаржы пирамидаларымен бай­­ланысты екенін еске салады. Бұл кезде алданғандар саны кө­бейеді. Ал қаржылық сауаттылы­ғыңыз, алаяқтық схемалар туралы хабардар болуыңыз қаскөйлердің ықпалына түсіп қалуыңыздың ал­дын алады.

Елдос СЕНБАЙ