Димаш – ізгі ниет елшісі

Дэвид Бекхэм, Лионель Месси, Анджелина Джоли, Шакира сынды әлем жұлдыздары қатарына Димаш та қосылды.

Осылайша, Женевада өткен Халықаралық көші-қон ұйымы кеңесінің жыл сайынғы сессиясында қазақстандық әнші әрі гуманитарлық қызмет атқарып жүрген Димаш Құдайберген БҰҰ агенттігінің жаһандық ізгі ниет елшісі ретінде тағайындалды. Goodwill Ambassador мәртебесі – ресми дипломатиялық қызмет емес, бірақ жаһандық аудиторияға ықпал ете алатын беделді тұлғаларға берілетін өте маңызды гуманитарлық миссия. 

Халықаралық көші-қон ұйы­мы жариялаған мәлім­де­­меде Димаш Құдайбергеннің жаңа мәртебесін зор мақтанышпен хабарлайтыны жазылған. Онда өнер­паздың дауысы мен қоғамдағы белсенділігі әлемдегі дағда­рыс­тар­дан зардап шеккен адамдардың қа­дір-қасиетін, табандылығын жә­не алуантүрлілігін танытуға ық­пал ететіні атап өтілген. DimashNews порталының мәліметінше, Димаш өткен жылдан бері ХКҰ-ның өңірлік ізгі ниет елшісі болған. Ән­ші жаһандық ықпалын пай­да­лана отырып, ұйымның жұмысына қолдау көрсетіп, көші-қон мәсе­ле­леріне назар аудартты, мигрант­тар­дың интеграциясына атсалысты және қайырымдылық шараларына қатысып келді.

Женевадағы отырыс бары­сын­да Димаш мүше мемлекеттердің де­легациялары мен ұйым қыз­мет­кер­лерінің алдында сөз сөйледі. Ол Халықаралық көші-қон ұйымымен бірлесе жұмыс істеу өзінің өмірін­дегі және шығармашылық жолын­да­ғы ең маңызды бағыттардың бірі болғанын атап өтті. Әрбір бастама мен кампания кезінде ұйымның бел­гісіздік пен қиындыққа тап бол­ған адамдарға қалай көмектесіп жатқанын көргенін жеткізді.

Әнші жаңа атақты зор құр­мет әрі үлкен жауапкер­ші­лік­пен қа­был­­дайтынын айтып, ал­дағы уа­қыт­та мигранттардың құ­қығын қор­ғауды, қауіпсіз көші-қон тура­лы ақпараттық жұмысты кү­шей­ту­ді, инклюзивтілік пен тұ­рақ­тылық қа­ғи­даларын насихат­тау­ды жал­ғас­тыруға ниетті екенін мәлімдеді. Сон­дай-ақ ол ұйымның қайы­рым­ды­лық шаралары мен гу­мани­тар­лық дағдарыстарға әре­кет ету бас­­тамаларын қолдауды жал­­ғас­ты­ра­тынын айтты. 

Ізгілік елшісінің міндеті қан­дай?

Ізгілік елшілері БҰҰ-ның әр­түр­­лі агенттіктерінде, бағдар­ла­ма­лары мен қорларында жұмыс іс­тей­ді немесе өз миссияларын жа­рия түрде атқарады. Яғни, ұйым­да бір ғана ізгілік елшісі бол­майды, ұйым­ға қарасты әр агент­тік­тің өз Goodwill Ambassador бағ­дарламасы бар. Ай­та кету керек, саяси көш­бас­шы­лар­дан гөрі өнер арқылы көп­ші­лік­­ке әсер ететін тұлғалар елші ре­­­­тінде үлкен ықпалға ие. 

– Саясат көбіне рационалды тал­­дауды қажет етеді, ал өнер – се­зім­­ге әсер етеді. Адамдар музыка, ки­­но, өнер арқылы берілген хабар­ды жүрекпен қабылдайды, сон­дық­тан оны есте сақтайды жә­­не тез қабылдайды. Яғ­ни, өнер – эмоция ар­қы­лы әрекетке итер­ме­лейтін күш. Бір ға­­­на пост, бір ғана кон­­церт немесе бір ға­на сөз мил­лион­да­ған адамға бір сәтте же­теді. Мы­са­лы, Ша­ки­ра ЮНИ­СЕФ үндеуін жа­рияласа, оны бірден 100 млн адам көреді. Димаш кон­цертте мигранттар тура­лы айтса, әлемнің 20-дан ас­там елінде көрермендер естиді. Саясаткерлердің үндеулері бұлай та­ралмайды, себебі олар ақ­па­рат­тық шектеулерге тәуелді, – дей­ді өнертанушы Гүлназ Асанова. 

Ізгілік елшілері ішінде ең жиі айтылатын есім – Анд­же­лина Джолидікі. Ол тек Голливуд жұлдызы ретінде ғана емес, әлемдік гумани­тар­лық қозғалыстың алдыңғы қа­тарында тұрған тұлға ретінде танымал. Джоли кино әлеміндегі даңқтан биік тұрып, адамзаттың ең күр­делі мәселелеріне үн қосып жүр. Ол 20 жасынан бастап БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жо­ғары комиссариаты (UNHCR) жа­нындағы ізгілік елшісі ретіндегі қыз­мет атқарып келеді. 2001 жылы Джоли алғаш рет босқындар ла­герь­леріне барып, шынайы қайғы-қасіретті өз көзімен көрді. Ол кезде көптеген жұлдыз қайырымды­лық­ты камера алдында ғана жасайтын дәуір еді. Бірақ Джоли фотосессия үшін емес, адамдардың шынайы өмі­рін түсіну үшін қауіпті аймақ­тар­ға барды. Осылайша, актриса Аф­рикадағы аштық пен соғыс зар­дабын көріп, Азиядағы босқын­дар­дың тұрмысын зерттеп, Таяу Шы­ғыстағы қақтығыстардың сал­дарын әлемге жеткізді. Украинаға да барып, соғыс зардабының қан­дай екенін әлемге паш етті. Дерек­тер­ге сүйен­сек, Джоли 40-тан ас­там елге барып, 30-дан астам гу­­ма­ни­тар­лық мис­сияға қаты­сып­ты. Ол бір сұх­ба­тында:

«Адамдардың қайғысын көріп тұрып, үнсіз қалу – ең үлкен қа­те­лік» деген еді. Әлі күнге дейін акт­ри­са адам құқығы, әйелдер мен ба­лалар қауіпсіздігі, бейбітшілік пен халықаралық жауапкершілік тура­лы пікірін ашық айтып келеді. 

Ал Эмма Уотсонды көпшілік ал­дымен «Хәрри Поттердегі» Гер­мио­на рөлі арқылы таныды. Алай­да уақыт өте келе ол әлемдік ки­но­ның ғана емес, жаһандық гендерлік тең­дік қозғалысының символына айналды. Ол даңқты сән көр­сеті­лім­дерінде емес, халықаралық мін­берлерде сөйлеп, әйелдердің құ­қығы үшін күрес жүріп жатқан алдыңғы шепте көрінді. 2014 жылы Эмма Уотсон БҰҰ-ның UN Women ұйымының ізгілік елшісі болып та­ғайындалды. Бұл – оның актер­лік мансабынан да жоғары, адам­заттық жауапкершілікті таңдаған сәті еді. Сонымен қатар әлемдік сах­наға латын ырғағын әке­ліп, мил­лиондардың жүрегін баураған Шакира  музыканың ғана емес, адамгершіліктің де симво­лы­на ай­налды. Оның дауысы ста­дион­­дар­ды толтырса, жүрегі әлем­нің түк­пір-түкпіріндегі балалардың бо­л­а­шағын жақсартуға бағыт­тал­ды. Бүгінде Шакира – БҰҰ Ба­ла­лар қорының (UNICEF) ең бел­сенді әрі ықпалды ізгілік ел­ші­лерінің бірі. Шакираның гу­ма­нитарлық қыз­метінің тамыры оның өз өмірі­нен бастау алады. Ән­ші Колумбия­да­ғы кедей аудан­дар­дың бірінде өс­ті. Балалық шағында көрген әді­летсіздіктер, жетім қалған бала­лар­дың өмірі, мектепке бара ал­май­­тын кедей отбасы балалары, бә­рі оның жүре­гінде терең із қалдырды. Ол жұлдызға айналған сәтте-ақ гуманитарлық бағытты таң­дады. 18 жасында Barefoot Foun­dation (Жалаңаяқ қоры) атты қайырымдылық ұйымын құрды. Қордың мақсаты  латына­мери­ка­лық кедей аудандардағы балаларға са­палы білім беріп, тамақ пен пси­­хо­логиялық қолдау көрсету еді. Ен­деше бұл – атақ үшін жа­сал­ған жо­ба емес, өзінің өткенін өз­ге­лер­дің бүгінінен көрген адам­ның шы­­найы әрекеті.

Димаш феномені

Соңғы жылдары Димаш Құ­дайбергеннің даңқы Азия­дан бастап Еуропа мен Солтүстік Аме­­рикаға дейін таралды. Оның ән­дері жүректерге жетіп қана қой­май, адамзатты махаббат пен сүйіс­­­пеншілікке, ізгілік пен мейі­рім­ге үн­дейді. Оның жанкүйерлері де жұ­­мылған жұдырықтай қайыры­м­дылық жасауды әдетке айнал­дырған. Атап айтсақ, 2022 жылы Welcome to Kazakhstan, Dears фан-парақшасының әкімшілері Ана мен бала ұлттық орталығында онкологиямен күресетін аналарға көмек көрсету үшін қайырым­ды­лық акциясын бастады. Қайы­рым­дылық акцияны әлемнің түкпір-түкпірінен келген Dears қызу қолдады. Осы­лай­ша, оған Ди­­маштың Пор­тугалия, Ис­ландия, Гер­мания, Фран­ция, Ита­лия, Норвегия, АҚШ жә­не Қазақстаннан жан­күйер­лері қатысты. Dears бір­лескен күшімен 585 мың теңге жиналды. Ақ­ша Ана мен бала ұлттық ғы­лыми орталығына беріл­ді.

Ал 2021 жылы Димаш Құ­дай­берген Қазақстанның ден­саулық саласына 500 мың доллар сыйға тартты. Бұл туралы C.U.R.E үкі­меттік емес қайырымдылық қо­рының президенті Дуглас Джек­сон мәлім етті.

«Димаш C.U.R.E жобасының ам­бассадоры ретінде Халықаралық әйелдер күнін онлайн форматтағы тойлау шарасына қатысып, ән салды. Одан түскен шамамен жар­ты миллион доллар ақша дәрі-дәр­мек пен медициналық жабдықтар са­тып алуға жұмсау үшін Қазақ­стан­ға табысталады», – деді ол.

Бұл кезде Димаш түрлі елге қайырымдылық жасау мақ­­сатында медициналық жаб­дық­­тар жеткізетін Project C.U.R.E. коммерциялық емес ұйымның бірінші амбассадоры еді.

Ендеше Димаш ізгілік елшісі атан­бай тұрып та, өнер жолын ізгі­лікпен байланыстырған. Алдағы уақытта Димаштың халықаралық ұйымның миссиясын қолдап, қауіп­сіз, реттелетін және адамгер­ші­лікке негізделген көші-қон мә­се­лелеріне қоғам назарын ауда­ра­тыны анық. 

Көктем ҚАРҚЫН