Айнұр Тұрсынбаева басынан өткен қызық оқиғаны айтып берді

Ол ұзату тойға шақырылғанын, алайда өзі байқамай басқа тойға қатысқанын айтып берді.

Айтыскер ақын, психолог Айнұр Тұрсынбаева әлеуметтік желіде басынан өткен қызық оқиғаны баяндады, – деп жазды Aikyn.kz. 

Ол ұзату тойға шақырылғанын, алайда өзі байқамай басқа тойға қатысқан кезін еске алды.

"Арасында қызықтарды жаза отырайыншы, өмірді қиындата бермей. Бір күні Алматыға ұзату тойға шақырды. «Рояль Тулип» деген мейрамханада сағат 3-те басталады деді. Мен баяғы кешігуден чемпионмын ғой, кешігіп 5-те бардым. Қарақат, Алтынайлар бар екенін анық білетінмін. Келсем антракт, біздің қыздар жоқ. Бір столда Нұрлан Өнербаев ағам отыр. “Айнұр, қайдан жүрсің, хәлің жақсы ма”деп саулық сұрастық. “Той қашан басталды?” десем , “ерте басталып кетті, қазір екінші отырыс” деп қояды. Қарным аш, етке тойып алдым. Ылғи үлкен кісілер. Даяшыны шақырып алып, “сүтті шәй алып келші “ деп отырмын. Шәйді шоколадпен әкелді ол. Тамада Тұрсынбек болады деген, қарасам басқа тамада. “Еее, екі тамада шақырған ғой” деп қоямын. Нұрлан аға сұрақты жаудырып отыр, “Той иесін жақсы танисың ба, жоқ, арнау айтуға шақырды ма?” дейді. “Анасы шақырған тойға, соған Астанадан арнайы келдім” дедім. “Ойпырмай, бұл кісінің анасы тірі екен ғой”дейді ол кісі. “Әрине, әлі жас қой” деп мен отырмын. Ол кісі қасындағы біреуге айтып жатыр, “Анасы тірі екен ғой әлі” деп. Ол кісі таңғалып жатыр. Содан қарын тойды, екінші отырыс басталды. Қарақатқа звондасам көтермейді. Алтынайға звондап, “Қайда отырсыңдар, отырыс басталды, тез кіріңдер” десем, “Қарақат қыз ұзатуға дайындалып жатыр, біз 8-ші столдамыз , сен қайда жүрсің?” деп ұрсып тұр. “Ойбай 12-ші столда отырғаныма 1 сағат болды ғой” десем, “12-ші столда жастар отырған жоқ па” дейді... “Жастары несі, Нұрлан ағалар отыр” десем, ол аң-таң. Содан жан-жағыма қарадым ғой, сөйтсем төрде “70 жас мерейтой” деп тұр...Басқа біреудің тойына кіріп, етке тойып, шәйді ішіп, тағы сыйлық алып алғанмын ғой. Жәйлап тұрдым да зыттым... Өзіміздің тойға келсем, қыз ұзатылып, той біткелі жатыр. Тамадаға жалынып жүріп бір ән айтып бердім әйтеуір. Қысқасы, ол тойдан да сыйлық алып бірақ қайттым...", - дейді Айнұр Тұрсынбаева.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM   арнасынан табасыз.