Кейде нағыз батырлар дәл қасымызда жүреді. Олар плащ кимейді, фильмдерге түспейді, тек өз міндетін атқарады. Дәл солай Қостанайдағы Ұзынкөл ауданындағы аязды кеште учаскелік инспектор Арман Райымбеков те өз жұмысын жасады.
Тұтас ауылды дүрліктірген іздестіру жұмысы
9 желтоқсан күні кешке Троебрат ауылында үрейлі хабар тарайды. Қорыққан әйел учаскелік полицейге әкесінің, яғни 75 жастағы Николай Хавревтің таңертең балық аулауға кетіп, әлі оралмағанын айтты.
Арман Райымбеков бұл есімді жақсы білетін. Зейнеткер бұған дейін де бір рет жоғалып кеткен. Сыртта қақаған аяз, үскірік жел... Адамның жоғалғаны жайлы хабар ауыл арасында тез тарады. Көршілер мен таныс адамдар еш ойланбастан іздеуге шықты. Бұл дәрігерден бастап оқушыға дейін уайымға салған оқиға болды.
Мұзды қамыстар арасындағы іздеу жұмысы
Учаскелік инспектор бірден жедел жәрдем шақырып, балықшының қызы және ауыл тұрғындарымен бірге көлге аттанды. Қараңғы түнек, адам бойынан биік қамыстар, ал салқын жел денені тіліп өтетіндей күн еді.
Адамдар жаурай бастағанда Арман оларға жылыну үшін ауылға қайтуын талап етті. Ал өзі сол жерде қалды.
«Мен де тоңдым, — дейді ол. — Бірақ шананың ізі көрінгенде, ол осында екенін түсіндім. Қамыстың арасында... Адамның қарға отырған іздері байқалды. Яғни, оны іздеуді жалғастыру керек болды».
Арман суы қатқан көл үстінде қамыстың әр қуысын қараған. Іздеу жұмыстары үш жарым сағатқа созылды.
Қар үстіндегі қара дақ
Бір сәтте ауылға жақын маңда қараңғы бір бейне көзге түсті. Учаскелік полицей жедел жетті. Денесі мұздаған қария ес-түссіз жатқан. Аяғы «электронды бақташы» сымына оратылып, өздігінен жүруге шамасы болмаған.
Жедел жәрдем жақын маңда күтіп тұрған. Арман зейнеткерді сымнан босатып, дәрігерлерге ауруханаға жеткізуге көмектесті.
«Сәл кешіксе, бәрі басқаша болар еді»
Ұзынкөл аудандық ауруханасының емхана меңгерушісі Алиса Бондуровская былай дейді:
«Науқас ауыр жағдайда түсті. Бірден ауруханаға жатқызылып, мамандар қарады. Егер оны сәл кеш әкелгенде, қайғылы жағдай болар еді».
Қазір Николай Хаврев стационарда. Біртіндеп беті бері қарап келеді.
Қызының көз жасы және қаһарманмен кездесу
Палатада әсерлі кездесу болды. Арман қарияны көруге келгенде, балықшының қызы көз жасын тыя алмады:
«Егер сіз және сіздің жедел әрекетіңіз болмағанда, әкем қазір тірі болмас еді»,-деп учаскелік полицейге құшақ жая алғысын білдірді.
Ол әкесі өте белсенді адам екенін айтады:
жазда саңырауқұлақ тереді, қыста балық аулайды, ал бес жыл бұрын 20 шақырым жерде тағы да адасып қалған екен.
«Арман — сенім артуға болатын адам»
Ауыл тұрғыны Сергей Пышный былай дейді:
«Ол өз ісін жақсы біледі. Әрқашан адамдарға жақын, байланыста, тез әрекет етеді. Нағыз кәсіби маман».
Арман Райымбеков полицияда 14 жылға жуық қызмет етіп, үш бала тәрбиелеп отыр.
Ауыл тұрғындары оны жақсы таниды және ешқашан көмекке бей-жай қарамайтынын біледі.
Бақытты аяқталған оқиға
Сол бір аязды кеште бүтін ауыл бір адам үшін алаңдады. Ал табандылық пен ерліктің арқасында қайғылы аяқталуы мүмкін оқиға бақытты аяқталды десек те болады.
Кейде өмірді құтқару үшін бір-ақ нәрсе жеткілікті, ол — жалпы бейжай қалмау. Дәл сол әрекетті қарапайым ауыл учаскелік инспекторы мен ауыл тұрғындары жасай алды.