Астанада үш күнге жалғасатын «Ұлы дала қолөнершілер керуен көші» республикалық жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жәрмеңкенің басты ерекшелігі – шеберлер әкелген өнімдерін көрмеге ғана қоймай, подиумға шығып, жиналған көпшілікке ұсынады. Ең әуелі бұл жәрмеңке әр аймақтан келген дизайнерлерге түрлі шеберлік сыныбына қатысып, өз идеяларын ортаға салып, пікір алмасуға тамаша мүмкіндік. Әр аймақтағы қолөнер шеберлерін қолдау мақсатында өткізіліп жатқан бұл көрме Ұлттық өнердің дамуына серпін береді. Сонымен бірге ерекше өнімдер қолжетімді бағада сатылады.
ҚР «Хас Шебер» отандық өнімді дамыту қауымдастығының президенті Зиуар Жұманова бұл жәрмеңке елдегі қолөнершілердің бірлікте жұмыс істейтінін, үнемі байланыста екенін көрсетіп тұрғанын жеткізді.
– Шақырсақ, еліміздің түпкір-түпкірінен мыңнан астам шебер келетін еді. Бәрі де келгісі келеді, ұлттық нақышта тігілген өз өнімдерін көрсеткісі келеді. Алайда, біз шектеу қойдық. Жұмыс сапасына, ерекшелігіне қарап, іріктеп алдық. Осы орайда, ұлттық өнер десе, ішер асын жерге қоятын қолөнершілерге алғысым шексіз! Құндылығымызды дәріптеу мақсатында өтіп жатқан жәй жәрмеңке емес, мұнда дарынды балалар домбыра тартып, ән шырқайды. Мейлінше үлкен мереке секілді өтеді. Сондай-ақ, үш күн бойы шеберлік сабақтары өтеді, аймақтан келген шеберлер бір-бірімен тәжірибе алмасады. Осылайша, олар өз өнімдерін жетілдіріп, қорларын молайта түседі. Әр дизайнер өзінің ерекше топталамарын ұсынды. Өзіңіз байқағандай, сән көрсетілімінде ең алдымен ерекше балаларды подиумға шығардық. Мұндағы мақсат – оларды қоғамды бейімдеу, ешкімнен кем емес екенін көрсету, – деді ол.
Жәрмеңкеде ұлттық қолөнерді жұртқа тамсандыртып, подиумға алып шығатындардың арасында ерекше балалар да бар. KUNTOMI инклюзивті театр және моделинг академиясының жетекшісі Ботагөз Жанұзақованың айтуынша бұл балалар үшін үлкен мүмкіндік.
– Біз академиямыздағы балаларға ең ерекше, тартымды киімдерді кигізіп, түрлі подиумға шығамыз. Балалар ерекше болған соң, киімдердің де ерекше болғанын қалаймын. Балаларға бүгінгі сән көрсетілімі ұнады. Бәрі ду қол шапалақтады. Олар подиумда еркін жүреді. Ешкімнен қорықпады, бойында үрей жоқ, жалтақтамады. Біздің басты миссиямыз да сол. Балалар ел қатарлы жүрсін, көрсін деген мақсатпен көп елге алып шығамыз. Көптеген кәсіби подуимдарда өнер көрсетті. Олардың өзгелерден кем емес, олар да қарапайым балалар секілді қоғамның бір бөлшегі болсын, ешкімнен қорықпасын, басқа балалар секілді емін-еркін жүріп-тұрсын деген ниетпен осындай іс-шараларға жиі қатыстырамыз. Сондықтан бүгінгі ұлттық қолөнершілер жәрмеңкесі де олардың бәрімен тең, бәрімен бірдей екенін анық көрсетті, - деді Ботагөз Жанұзақова.
Бүгінгі жәрмеңкеге қатысу үшін Степногорск қаласынан келген дизайнер де құр қол келмеген. Джинсы матадан қазақы, әдемі ою өрнектерімізді келістіріп тіккен коллекциясын әкелген.
– Өзім тігемін, өзім – идея авторымын, өзім – дизайнермін. Бәрін өзім істеймін. Бұл жәрмеңкеге қазіргі жастарға үлгі ретінде джинсы матадан қазақы, әдемі ою өрнектерімізді келістіріп тіккен коллекциямды әкелдім. Ою-өрнекті тек той-томалақта емес, күнделікті де, әрі жастарға да киюге болатынын көрсеткім келді. Неге джинсы мата десеңіз, мен – төрт қыздың анасымын. Балабақша, мектепте ата-ана комитетінің жетекшісімін. Ата-аналардан «Қыздарыңызға қандай стильде киінген ұнайды?» деп жиі сұраймын. Олар «Велюрдан шаршадық, оңай кие салатын дүние болса» деді. Сондықтан джинсы дұрыс қой деп, осындай стильде киім тігуді қолға алдым. Бәріне ұнады.
Мұндай іс-шаралар көп өтсе игі. Осындай жәрмеңкелерде түрлі аймақта ұлттық қолөнерді дамытып жатқан дизайнерлер бір-бірімізден білмегенімізді сұраймыз, білгенімізді үйретеміз. Мен осында жүріп, қаншама идеяны пісіріп алдым. «Мына жерге мынадай қоссам екен», «Мынау мына жерге әдемі келеді екен» дегендей көп идея туындады. Расында мұндай жәрмеңкелердің пайдасы да, маңызы да зор.
Көпшілік Степногорскте орысша шүлдірлейтіндер ұлттық қолөнерге қызықпайды деп ойлайды, бірақ шындығында олай емес. Тұрғындарға қызық, әсіресе қазір тренд болып жатқан қазақы киімдерді көп іздейді. Тіпті, орыс ұлтының өкілдерді де қызығып алады. Осы жәрмеңкеге арнайы әзірлеген екі киімге екі орыс кісі келіп, «Астанадан келген соң прокатқа алайықшы. Жаңа жылға киеміз» деп өтініш айтты. Сондықтан біз жақта ұлттық қолөнер бұйымдарына көп адам қызығады, - деді дизайнер Данагүл Сапарғалиқызы.