«Аль-Хиляль» клубы «Реалға» Мбаппе үшін 350 миллион еуро ұсынды

Ұсыныс аясында Мбаппеге төрт жылдық келісімшарт пен жылына 300 миллион еуро жалақы қарастырылған

Мадридтің «Реал» клубы Килиан Мбаппе үшін жасалған рекордтық трансферлік ұсынысты қабылдамады. БАҚ мәліметінше, Сауд Арабиясының «Аль-Хиляль» клубы француз шабуылшысы үшін 350 миллион еуро төлеуге дайын болған.

Ұсыныс аясында Мбаппеге төрт жылдық келісімшарт пен жылына 300 миллион еуро жалақы қарастырылған. Бұл шарт жүзеге асқан жағдайда, ол Криштиану Роналдуны да басып озып, әлемдегі ең жоғары жалақы алатын футболшы атанар еді.

Алайда «Сантьяго Бернабеу» басшылығы бұл ұсынысты тіпті талқылауға да алған жоқ. Клуб өкілдерінің ұстанымы айқын: Мбаппе «Реалдың» ұзақмерзімді спорттық жобасының негізгі тұлғасы, сондықтан оны тек қаржылық тұрғыдан бағалау мүмкін емес.

«Реал Мадрид» басшылығының пікірінше, 350 миллион еуро көлеміндегі трансфер клубтың Мбаппе төңірегінде қалыптасып жатқан жаһандық спорттық жобасын әлсіретеді. Осы себепті мадридтік клуб ойыншыны сату мәселесін күн тәртібіне шығармайтынын нақты мәлімдеді.