Желбіреп байрағы әлемде, әнұран айтылды әр елде

Тәуелсіз елдің ұл-қызы спортта да, білімде де алтын мен күмісін тізгіндеп, Отанына жеңіс сыйлап жүр. Әлемде көк байрағымыз желбіреп, әр елде әнұранымыз шырқалды.

Жазғы және қысқы Олимпиада ойындарында 8 рет бақ сынап, барлығы 87 медаль еншіледік. Соның ішінде, жазғы спорт түрінен 79 медаль болса, қысқы спорт түрінен 8 жүлде қоржынға түскен. Бұдан бөлек, талай сыннан тарихи медаль алғанымыз тағы бар. 

Алғашқы алтын сыңғыры

Иә, азат елдің спорттағы ізін айқындаған сүрлеу – 1994 жылы Лиллехаммердегі қысқы Олимпиада ойындары. Жай ғана қатысып қоймай, тарихи төрт жүлде алсақ, соның бірі – шаңғы спортынан сынға түскен Владимир Смирновтың алтыны. Бұл – ел тарихындағы қысқы Олимпиаданың алғашқы алтыны. Ал жазғы Олимпиада тарихындағы Қазақстанның алғашқы чемпионы – грек-рим шебері Юрий Мельниченко. Осылайша, төртжылдықты түйіндейтін басты бәсекеде әлем қазақ елі бар екенін танып, белгілі бір спорт түрлерінен қауіпті қарсыласқа айналдық. 

Қауіпті қарсылас дегенде, алдымен, бокс есіңізге түсті, білем. 2000 жылы Сидней Олимпиадасында Бекзат Саттарханов 20 жасында топ жарды. Ол – Олимп шыңын бағындырған ең жас қазақ. Ал бокстан алғашқы алтынды Василий Жиров (1996 ж., Атланта) кеудесіне таққан. Жалпы, былғары қолғаппен дос ел аталған додадан 7 алтын арқалап қайтқан. 

Қазақтың тісі бата қоймайтын спорт түрлерінен тұғырға көтеріліп, халықты бір серпілтіп тастағанымыз бар. Мысалы, дәл сол Атлантадағы аламанда Александр Парыгин қазіргі бессайыста қара үзіп шықты. Жоғарыда атап өткен Сиднейде Ольга Шишигина 100 метрге кедергілермен жүгіру бойынша қамшы салдырмаған-ды. 2012 жылы Лондон Олимпиадасында Ольга Рыпакова үш қарғып секіруден Олимпиада чемпионы атанды. Аталған додада Александр Винокуров велоспорт бойынша ел тарихындағы алғашқы алтынды еншіледі. 2016 жылы Дмитрий Баландин Рио-де-Жанейро Олимпиадасында төбемізді көкке жеткізіп, 200 метрге брасс әдісімен жүзуден алғашқының бірі болды. 

Айта кетерлігі, Владимир Смирнов, Ольга Рыпакова, Елдос Сметов – Олимпиаданың барлық жүлде жиынтығын, яғни алтын, күміс, қоланы еншілеген спортшылар. Былтыр Париждегі дүбірде Елдос Сметов топ жарып, қазақ дзюдо тарихында атын алтын әріппен жазды. 

Сонымен, қысқы Олимпия ойындарына келсек, 2010 жылы Ванкувер Олимпиадасында биатлоншы Елена Хрусталева күміс жүлде алды. 2014 жылғы Сочи Олимпиадасында Денис Тен мәнерлеп сырғанаудан қысқа бағдарламада 9-орында тұрса да, шешуші жаттығуда ерлік жасап, тарихи қола жүлдені еншіледі. 2018 жылы Пхенчхан Олимпиада­сында фристайлшы Юлия Галышева аталған спорт түрінен ел қоржынына тұңғыш жүлдені (қола) салды. 

Ал 2019 жылы әлем чемпионатында Элизабет Тұрсынбаева төрт айналымдық секіру түрін көрсеткен тұңғыш мәнерлеп сырғанаушы атанды. Сөйтіп, Қазақстан қоржынына тарихи күміс жүлдені салды. Биыл мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Қытайдың Чунцин қаласында өткен ISU Grand Prix Cup of China 2025 турнирінде қола медаль иеленсе, Skate America-2025-те сол жетістігін қайталады. Осылайша, Шайдоров бір маусымда екі рет Гран-при тұғырына көтерілген алғашқы қазақстандық фигурист атанды.

Басқа спорт түрлерінен әлем чемпионаты жүлдесі турасында да ой қозғасақ. Ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин еліміздің бұл спорттағы айбынын таныта білді. Биыл Хорватия астанасы Загребте өткен грек-рим күресінен әлем чемпионатында Айдос Сұлтанғали чемпион атанды. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның грек-рим күресінен XXI ғасырдағы алғашқы алтыны. Ризабек Айтмұхан (92 келі) 2023 жылы еркін күрестен Белградта өткен әлем чемпионатында топ жарып, ел тарихындағы ең жас (19 жас) палуан атанды. Биыл таэк­вондодан Найробиде өткен U21 әлем чем­пионатында Бейбарыс Қабылан (алтын) тарихи нәтиже тіркеді. 

2022 жылы теннисші Елена Рыбакинаның Wimbledon турнирінде қара үзіп, әлем назарына ілікті. Ол – мұндай нәтижеге жеткен алғашқы қазақстандық спортшы. Оған қоса, спорт­шымыз әлемдегі ең үздік он теннисшінің қатарына кіреді. 

2024 жылы шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы Мажарстан астанасы Будапеште өткен 45-ші шахмат олимпиадасында тарихи нәтиже көрсетіп, күміс жүлде жеңіп алды. Әйелдер құрамасында Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Әмина Қайырбекова, Ксения Балабаева, Алуа Нұрман сынға түсті. 

Футболдан Қарағандының «Шахтер» клубы 2013 жылы ел тарихында бірінші болып Еуропа лигасының топтық кезеңіне шықты. Ал «Астана» клубы 2015 жылы Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде бақ сынады. Биыл «Қайрат» клубы Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде «Реал Мадридті» Алматыға шақырды. Футзалдан Қазақстан құрамасы болса, 2021 жылы алғаш рет әлем чемпионатының жартылай финалына жеткен-ді. Ел құрамасының әлемдік рейтингтегі жолы да, жөні де басқа. 

Бәрі жақсы, дегенмен...

Еліміз әлем спортындағы беделін биіктету үшін бірқатар дода өткізді. Мысалы, 2011 жылы қысқы Азия ойындарын, 2017 жылы қысқы Универсиаданы және 2024 жылы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қабылдады. Осылайша, жаһанға жауапты жарысты өз деңгейінде өткізе алатынын дәлелдеді. Сондай-ақ Қазақстан 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын Алматыда өткізу туралы өтініш білдірген еді. Алайда әлемдік ҰОК Алматыны емес, Пекинді таңдады. 

Дерек бойынша, кейінгі 6 жылда спорт саласына 1 трлн 400 млрд теңге бөлінген. Оған қоса, Қазақстан жоғары жетістіктер спортына қарастырылған қаржы көлемі жағынан Орталық Азия елдерінен бірнеше есе асып түскен. Мысалы, 2018 жылы салаға 162 млрд теңге бөлінсе, 2023 жылы 340 млрд теңгеге жетті. Алайда дүниежүзілік спорт рейтингінде еліміз 2014 жылы 25-орында болса, 2023 жылы 42-сатыға сырғығаны тағы бар. Сондай-ақ олимпиадалық спорт түрінен 126 легионер тартқан. Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда сөз басында айтқан жетістіктермен қатар, осындай олқылықтар да кездескен. 

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда спортты дамытуға арналған 3 тұжырымдама, 4 мем­лекеттік бағдарлама және 1 кешенді жоспар қабылданған. Олардың қалай орындалып, жүзеге асырылғанына байланысты әнгіме бөлек. Сүрінген тұсымыз да, жетістігіміз де бар. Дегенмен жаһандық аламандарға қазақтын ұл-қыздары азат елдің атынан қатысып жүргені рас. Ал спортта жеңіс те, жеңіліс те болады.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ