Президент әкімшілігі билік Ордасының бір бөлігін бұзып, билейтін зал салмақшы

Президент әкімшілігі бал залының құрылысы ұлттық қауіпсіздікке қатысты жалғасуы тиіс екенін мәлімдеді. Құрылысты тоқтатуды талап еткен тарихи мұраны қорғау ұйымының шағымдануға құқығы жоқ екенін мәлімдеген.

The Associated Press агенттігінің хабарламасына сүйенген Aikyn.kz бал залы президент үшін неліктен қажет болғанын түсіндіреді.

Өткен жұмада (12 желтоқсан) Тарихи мұраны сақтау ұлттық қоры (National Trust for Historic Preservation) федералдық сотқа талап-арыз беріп, президент Дональд Трамптың бал залын салу жобасын тәуелсіз сараптамадан, қоғамдық талқылаудан және Конгрестің мақұлдауынан өткенге дейін тоқтатуды сұрады. Бұған жауап ретінде президент әкімшілігі соттың қарауына өзінің жауабын ұсынды. Әкімшіліктің 36 беттен тұратын құжатында АҚШ Құпия қызметі директорының орынбасары Мэтью К.Куиннің мәлімдемесі келтірілген. Бұл агенттік президент пен жоғары лауазымды тұлғалардың қауіпсіздігіне жауап береді. 

Куиннің айтуынша, Ақ үйдің бұрынғы Шығыс қанаты аумағында қосымша құрылыс жұмыстары агенттіктің «қауіпсіздік талаптарын» орындау үшін қажет. Құжатта нақты ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіптер ашып көрсетілмеген. Бірақ әкімшілік бұл мәліметтерді судьяға жабық форматта, талапкерлердің қатысуынсыз ұсынуға дайын екенін білдірген.

Айта кету керек, Шығыс қанаттың астында президенттің төтенше жағдайлар кезінде пайдаланатын бункері орналасқан. Куиннің мәлімдеуінше, құрылысты тіпті уақытша тоқтату Құпия қызметтің заңмен бекітілген міндеттерін орындау қабілетіне айтарлықтай кедергі келтіреді. Іс бойынша тыңдау сейсенбі күні (16 желтоқсан) Вашингтондағы федералдық сотта өтуі тиіс болатын.

Үкіметтің жауабында бал залы туралы бүгінге дейінгі ең толық ақпарат ұсынылған. Онда жобаның Трамп әкімшілігі кезінде қалайша тез мақұлданғаны және оның ауқымының біртіндеп кеңейетіні баяндалады. Құжаттарда бал залының соңғы құрылыс жоспары әлі ресми түрде бекітілмегені айтылған. Дегенмен нысанды бұзу және алаңды дайындау жұмыстары жүріп жатыр. 

Ұлттық парктер қызметінің Ақ үйдегі өкілі Джон Стэнвичтің жазуынша, алаңда жерасты жұмыстары жалғасуда, ал іргетас қалау жұмыстары қаңтар айында басталуы мүмкін. Жерүсті құрылысы «2026 жылдың сәуірінен ерте басталмайды».

Тарихи мұраны сақтау ұлттық қоры журналистердің сұрауына жауап бермеген. Өткен аптада жеке қаржыландырылатын бұл ұйым АҚШ округтік сотына жүгініп, Трамптың жобасын тоқтатуды талап еткен болатын.

«Ешбір президенттің Ақ үйдің бөліктерін ешқандай қоғамдық немесе институционалдық қараусыз бұзуға заңды құқығы жоқ. Бұл Трампқа да, Байденге де, басқаларға да қатысты. Сондай-ақ ешбір президенттің халықтың пікірімен санаспай, мемлекеттік аумақта бал залын салуға құқығы жоқ», – делінген талап-арызда.

2025 жылдың қазан айында президент Дональд Трамп Ақ үйдің Шығыс қанатын бұзу туралы шешім қабылдап, орнына ауданы шамамен 27 432 шаршы метр болатын, 1 000-ға жуық адам сыятын бал залы салынатынын мәлімдеген. Жобаның құны шамамен 300 миллион доллар деп бағаланып отыр. Ал құрылыс 2029 жылдың қаңтарына дейін – Трамптың президенттік мерзімі аяқталғанға дейін аяқталуы тиіс. Оның айтуынша, бұрынғы президенттер де Ақ үйде ауқымды шараларға арналған кең залдың жоқтығына наразы болған. Жаңа бал залы шетелдік жоғары лауазымды қонақтарды уақытша шатырларда қабылдау тәжірибесіне нүкте қояды.

Ұлттық қордың пікірінше, Ақ үйде болатын кез келген құрылыс алдымен ел астанасын жоспарлау комиссиясына, Көркемөнер комиссиясына және Конгреске ұсынылуы тиіс еді. Талап-арызда Шығыс қанатты бұзу 21 қазанда басталғаннан кейін Ұлттық қор осы мекемелерге және Ұлттық парктер қызметіне хат жолдап, жобаны тоқтатуды және федералдық заң талаптарын сақтауды сұраған. Алайда олардан ешқандай жауап болмаған.

Талап-арызда АҚШ үкіметінің құрылыс жобаларына қатысты бірқатар федералдық заңдар мен ережелерге сілтеме жасалған. Жоспарлау және көркемдік комиссиялардың, сондай-ақ заң шығарушылардың рөлі егжей-тегжейлі сипатталған.

Өз жауабында әкімшілік президенттің Ақ үйге өзгерістер енгізуге құқығы бар екенін алға тартқан. Соңғы 200 жылдан астам уақыт ішінде резиденцияға жасалған көптеген өзгеріс  пен толықтыруларды мысалға келтірді. Сондай-ақ әкімшілік президент сотқа арыз берушілер сілтеме жасаған заңдардың аясында әрекет етпейді деп мәлімдеді.

Әділет министрлігінің заңгерлері Шығыс қанатты бұзу жөніндегі талаптардың «маңызын жоғалтқанын», өйткені бұзу қайтымсыз екенін айтуда. Ал болашақ құрылысқа қатысты талаптар «уақыты жетпеген», себебі соңғы жоспарлар әлі бекітілмеген.

Президент әкімшілігі Ұлттық қор «орны толмас зиян» бар екенін дәлелдей алмайды деп санайды. Өйткені жерүсті құрылысы тек келесі көктемде басталуы мүмкін. Сонымен бірге сотта талап етілген тексерулер мен ұлттық комиссиялармен кеңесулер «жақын арада, бұл соттың қатысуынсыз» басталатыны айтылған.

Дональд Трамптың бал залы жобасы тарихи мұраны қорғау саласының мамандары, сәулетшілер және оның саяси қарсыластары тарапынан сынға ұшырады. Алайда сотқа жүгіну – Ақ үйдің Шығыс қанатында бұзылған ғимараттың көлемінен екі есе үлкен болатын жаңа залдың жобасына қарсы жасалған ең нақты әрекет болып отыр.

Әкімшілік құжаттарына сәйкес, 2000 жылы Ұлттық парктер қызметі әзірлеген Ақ үйдің кешенді бас жоспары келушілер санының артуына байланысты және ірі іс-шараларға лайық алаң қажеттігін алғаш рет ресми түрде атап өткен.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.