Депутаттың айтуынша, әлеуметтік желілерде таратылатын контенттердің мазмұнына ерекше назар аудару керек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев біз үшін «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» екенін дәл айтты.
Ата-бабамыздың қайтпас қайсарлығы мен қажымас күресінің нәтижесінде келген Тәуелсіздікті сақтап тұру үшін бізге бірлік, тұтастық, ынтымақ қажет!
Алайда соңғы кездері қоғамда бірлік пен тұтастықты нығайтудан гөрі, халықты жікке бөлуге бейім үдеріс күшейіп келеді.
Жекелеген контент өндірушілер мен кәсіпкерлер рулық сананы жалаулатып, күнделікті тұтынатын футболка мен шапандарға ру атауын жазып, оларды «бренд» немесе «маркетингтік өнім» ретінде сатылымға шығаруда.
Әлеуметтік желілерде жастарға рушылдық психологияны таңатын контент шектен шығып кетті.
Бұл ұлттың бірлігін ішінен құртатын қауіпті тенденция киноға да жетті.
Осындай келіссіз, қажетсіз тақырыпты арқау еткен арнайы фильм прокатқа шығыпты. Бұл арқылы кино түсірушілердің не айтпақ болғаны түсініксіз?!
Қазақтың руларын салыстыратын, кемсітетін фильмдердің мақсаты қандай?
Тіпті, бұл фильмді жарнамалау үшін жасалған арнайы экзпозицияда руға бөлінуді қойып, Қазақстанның картасын үш жүзге бөліп қойғанды көрдік. Бұл не деген бассыздық?
Ол – ұлт үшін ең сезімтал тақырыпты айқайлатып әлеуметтік контент, кино тақырыбына айналдырып, көрермен жинау. Түбі бұл жақсылыққа әкелмейді.
Творчестволық бостандық қажет. Бірақ творчестволық бостандық мына алай-дүлей заманда, ұлттың бірлігін бұзып, мемлекеттіліктің тамырын қиюға қабілетті деңгейге шықпауы тиіс.
Жасөспірімдер үшін кино және медиаконтенттің тәрбиелік ықпалы жоғары екенін ескерсек, бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды.
Данышпан Абай «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деп бекер айтпаған.
Рушылдық тенденция қоғам ішінде мемлекеттік ойлау қабілетін коррозияға ұшыратып, мемлекеттілікті шашыратуға әкелетін – қауіпті құбылыс.
Ғалам мәңгі болса, сонша мәңгі болатын Қазақстанды құрамыз десек, ұлт ішінде артықшылығымызды кемшілік деп көрсететін, бір ұлт ішіндегі руларды бір-біріне айдап салатын, арандатушылық материалдарға тыйым салынуы керек.
Осыған байланысты келесі шараларды қабылдау орынды деп санаймын.
1. Ақпарат және мәдениет министрлігі жанынан кинопрокатқа шығатын отандық фильмдердің мазмұнын алдын ала көркемдік-эстетикалық, идеологиялық, ұлттық бірлік тұрғысынан сараптайтын тұрақты комиссия құру қажет.
2. «Ұлттық код» және «мәдени ерекшелік» ұғымын желеу етіп, қоғамды бөлшектеуге, рушылдық пен жікшілдікті насихаттайтын әрекеттерге нақты тосқауыл қою керек.
3. Мәдени салада, әлеуметтік желіде, Қазақстанның барлық халықтарының бірлігін көрсететін, жалпыұлттық «Біз Қазақпыз» деген мағынадағы контентті көбейтуі тиіс.
Осы ретте, Президентіміз өз Халқына Жолдауында: «Өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруге тиіс. Сол үшін бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ өте маңызды жұмыс, аса жауапты азаматтық және ұлттық міндет», – деп мемлекетіміздің мызғымас саясатын анықтады.